Адасып жүрген салафиттердің белгілері

Адасып жүрген салафиттердің белгілері

Қазіргі кезде ата дініміз өркен жайып келе жатқанда жар астынан сығылап, қой терісін жамылып, діннің атын иеленіп, көптеген азаматтарымызды адастырып жүрген пенделер бар. Оларды "сәләф", "сәләфиттер", "уахабтар", "уахабистер" деп атайды. Не болмаса сыртқы келбеттеріне қарап: "Сақалдылар", "Келте балақтар" деп те айтып жатады.

Осы уақытқа дейін олардың түсін түстеп, атын атап беретін бірде-бір мақала шықпапты. Мүмкін олардың санының көбеюі содан болар. Ал, енді көпшілік халық намаз оқитындардың бәріне күмәнмен қарайды. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқитындарды да ол тізімге жатқызу дұрыс болмас.

Сондықтан, қазір сәләфиттердің сыртқы белгілері мен сөздеріндегі белгілерін тізіп айтқым келіп отыр. Осы белгілері арқылы оларды тани аласыз. Қарапайым намазхан мен сәләфиттерді ажырататын боласыз.

Сыртқы белгілері

1. Балақтары қысқа болады. Қысы-жазы балақтарын қысқартып алып жүреді. Балағынан бірден тани аласыз.

2. Сақалдары болады. Тіпті, сақалдары ұзын, қалың болады. Негізінде сақал қою - сүннет. Бірақ, сондай дінбұзарлардың кесірінен сақалдыға үрке қарайтын жұрт көбейді. Олар міндетті түрде сақал қояды. Сақалы жоқ намазхандарды жақтырмайды, амандаспайды да. Бірақ, сақал қойғанның бәрін адасқан дей алмаймыз. Ондай кезде балағына да қараңыз. Басқа да белгілеріне қараңыз.

3. Намазда талтайып тұрады. Ханафи мәзһабы бойынша намазда аяқтың арасы төрт еліден жақын болмауы керек. Иық деңгейінен аспауы керек. Ал, сәләфиттер талтайып тұрады. Аяқтарының арасын қатты ашпайтындары да болады.

4. Бет сипамайды. Олар дұға жасаған кезде бет сипамайды. Қолын жайғанымен, дұға жасап, бетін сипамай, қоя салатындары да бар.

5. Парыз намаздан соң бірден тасбих тартады. Ханафи мәзһабында парыздан соң сүннет намаз болса, соны оқып болғаннан кейін тасбих тартады. Ал, сәләфиттер сүннет болса да, парыздан соң бірден тасбих тартып, одан кейін сүннет намазын оқиды. Не болмаса парыздан соң тасбих тартып, бірден тұрып кетеді. Сүннет намазын үйіне барып оқиды.

Сөздеріндегі белгілері

Сәләфиттер сөздерінің арасында "бауыр" деген сөздің орнына "ахи" деген сөзді көп қолданады. Немесе "брат" деген сөзді қолданады. Көп сөздің арабша нұсқасын қолданғанды ұнатады. Мысалға, "ауызашар" дегенді "ифтар" деп көбірек айтады. "Джазакаллаху хайран" деген сөзді көп қолданады.

Алланы Аспанда дейді. Мәзһаб ұстанбайтынын айтады. Қазіргі кейбіреулері ханафитпіз дейтін болған.

Жалпы негізгі белгілері осылар. Қарапайым халық осы белгілері арқылы ажыратып, сақтанып жүрсе дейміз. Намаз оқуды үйреніп жүргендер болса, мешітке барып үйренсе, сұрақтары болса, тек мешіт имамдарынан ғана сұраса деген өтінішіміз бар. 

Бөгенбай ЗИЯЛЫ

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға