Қазақтардың шынайы ақидасы

Соңғы уақытта сайтымызда жарияланған сәләфизм ағымының мәнін бүге-шігесіне дейін ашатын мақалалардан кейін солардың арасындағы кейбір «данышпандар» матуриди ақидасын экстремистік деп көрсетіп, оған деген сенімге селкеу түсіруге бел буған тәрізді. Олар «Талибан» деген қозғалысты дәлел ретінде келтіреді. Біздің «білгіштеріміздің» жазуы бойынша, әлгі қозғалыс та имам Матуридидің ақидасын ұстанады-мыс.

Бірақ, олар бұл ақиданы қаралау кезінде имам Матуридидің ақидасы – «Талибан» деген қозғалыс атымен жоқ кезде өмір сүрген және қазақ халқының тарихында экстремистер ретінде емес, ағартушылар ретінде із қалдырып кеткен Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин және тағы да басқа қазақ халқының көптеген ұлы перзенттерінің ұстанған ақидасы екені жөнінде жақ ашпайды.

Осындай тарихи фактілерді елемеудің мынадай себебі болуы мүмкін: біздің қарсыластарымыз не тарих пен өз халқының дінін жақсы білмейді, не білсе де, мойындамайды және құрметтемейді. Матуриди ақидасына экстремистік деп айып тағу Абай Құнанбаевты немесе Шәкәрімді экстремист деп айыптаумен парапар, себебі, олар көзі ашық һәм ілімі бар матуридиттер болған. Бұған олардың еңбектері – дәлел. Алайда, оған көшпес бұрын кейбір нәрселерді түсіндіріп кетейік.

Исламды жақсы білмейтіндерге айта кететін жайт, біздің дінімізде фиқһ және ақида деген ғылымдар бар. Фиқһ ғылымы намаз оқу, қажылық жасау, зекет беру, ораза ұстау т.б. секілді құлшылық мәселелерімен, сондай-ақ, харам және хәләл мәселелерімен айналысады.

Қазақ халқы фиқһта бастапқы заманда Исламның көрнекті ғұламаларының бірі негізін салған діни құқықтық мектепті, яғни, Әбу Ханифаның мәзһабын ұстанған. Ақидада қазақ халқы имам Матуридиге ерген, өйткені, көптеген ханафиттер соның мектебіне ерген. Мұның себебі, имам Матуриди имам Әбу Ханифаның сенімдерін бір жүйеге келтіріп, сол сенімдерді пікірталастарда қорғап шыққан.

Жалпы алғанда, ақида саласындағы сүнниттік ілімде екі мектеп бар: имам Матуридидің мектебі – матуриди және имам Әшғаридің мектебі - әшғари. Негізгі мәселелердің барлығында бұл екі мектептің сенімдері бірдей, алайда, кейбір мәселелерде олардың арасында айырмашылықтар бар. Соған қарамастан, аталмыш екі мектептің ешқайсысы бір-бірін адасушы деп санамайды. Ол екеуінің арасындағы келіспеушіліктердің бәріне Шариғат тұрғысынан рұқсат етіледі.

Екі сүнниттік мектептің арасындағы болар-болмас айырмашылықтардың бірі мынада: әшғари ақидасында Алланың әрбір мұсылман білуі тиіс жеті субути-сыфаты (мағыналық сыфат – сипат, атрибут) айтылады. Ал, матуриди ақидасында ондай сипаттың сегізі бар: сегізіншісі – Әт-Тәкуин (Жарату) сипаты, оны матуридиттерден басқа ешкім қолданбайды. Шындығында, сипаттардың саны бұдан да көп, бірақ, қазір субути сипаттар туралы сөз болып отыр. Ал, олардың саны екі мектепте екі түрлі.

Сүнниттік мектептердің арасындағы аталмыш айырмашылықтар көңілге қонымды әрі оларға рұқсат етіледі. Ал, сүнниттік мектептер мен сәләфиттердің арасындағы айырмашылықтар көңілге қонымсыз және оларға рұқсат етілмейді. Мәселен, екі сүнниттік мектепке сәйкес, Аллаға кеңістікте орын алу тән емес. Өйткені, сол кеңістікті жаратқан – Алла, Ол Өзі соны жаратқаннан кейін өзгерген жоқ. Себебі, өзгеру тек қана жаратылыстарға тән қасиет, Жаратушыға тән емес. Осылайша, Алла кеңістікті жаратқанға дейін қандай болса, сол қалпында қалды. Алланың мекенсіз екенін араб тілінде «лә мәкән» – яғни, «мекенсіз» деген сөзбен сипаттауға болады.

Осылайша, Алла мекенді жаратпас бұрын мекенсіз болғаны секілді, Ол мекенді иемденуден және уақытқа тәуелді болудан пәк. Себебі, мекен мен уақыт – жаратылыстың категориялары. Сүнниттер тура мағынасы кеңістіктегі мекенді немесе жаратылыстармен басқа да ұқсастықтарды білдіретін Құран аяттары мен хадистерді аса қажеттілік болмаса, мүлде талқыламайды, олардың мағынасы жайлы ақиқи білімді Аллаға қалдырады. Яки ауыспалы мағынасында түсінеді, бірақ, Шариғат орнатқан қағидалар мен араб тілінің ережелерінің шегінен шықпай түсінеді. Соның өзінде амалсыз жағдайда ғана кейбіреулерді сол аяттар мен хадистерді тура талдап қоюдан сақтандыру үшін ғана талдап береді.

Алланың мекенсіз болуы мүмкін емес дейтіндердің мұнысы ештеңе жоқ кезде Алламен бірге мекен де болды дегенге кеп саяды. Ал, біз «Алла болған кезде ештеңе болған жоқ, кеңістік те болған жоқ, Ол кеңістікті жаратпас бұрын оған мұқтаж болмағаны сияқты жаратқаннан кейін де оған мұқтаж емес» деп санаймыз. Қықаша түсіндірсек осылай.

Сонымен, қайталап айтамыз, сүнниттік ақиданың сәләфиттерден айырмашылықтарының бірі мынада: Әһлү Сунна уәл Жамағаттың екі мектебіне де сәйкес, Алла мекеннен пәк (Лә мәкән). Ал, сүнниттік мектептердің арасындағы айырмашылық мынада: матуриди ақидасында – әт-Тәкуин сипатын қосқанда сегіз субути сипат бар, әшғари ақидасында – жеті субути сипат бар.

Осыны ескере отырып, Абайдың 38-ші сөзіне (Қара сөздер) ойысамыз. Ол өзінің қара сөзінде Алланың субути сипаттарын атай келіп, матуридиттер сияқты, оларды сегізге бөледі. Абай былай жазады:

«Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуа би әсмайһи уасифатиһи» дедіңіз. Ол Алла Тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді Оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Алла Тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин», яғни, Әл-Хаят, Әл-Ъильм, Әл-Қудра, Әл-Бәсар, Әс-Сәмъ, Әл-Ирада, Әл-Кәләм, Әт-Тәкуин.

Матуриди ақидасына тән соңғы әт-Тәкуин сипатына назар аударыңыз. 

Ары қарай Абай өзінің шығармаларының бірінде[1] былай жазады:

«Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың Оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»

Яғни, барлығын жаратып, кеңістік пен уақыт ішінде орналастырған Алла кеңістіктің Жаратушысы Өзі болғандықтан, оған мұқтаж емес және Оған мекен тән емес. Мұны Абай және Әһлү Сунна уәл Жамағаттың барлық ғұламалары айтқан.

Сонымен, Абайдың матуриди ақидасын ұстанғанына көзімізді жеткізгеннен кейін қазақ халқының келесі көрнекті тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлына көшейік. Шәкәрім «Мұсылман шарты» атты өзінің әйгілі кітабында Алланың сипаттарын түсіндіре отырып, былай жазады:

«Бұлардан басқа кітапта збутие деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: Тірі, Білімді, Құдіретті, Талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, Болғызушы, яғни бар қылса да, жоқ қылса да, Сөйлеуші, Естуші, Көруші, бірақ бұл сипаттары адамдарға ұқсамайды…». Осыдан көрініп тұрғандай, Шәкәрім де матуриди ақидасына тән сегіз субути сипатты атап өткен. 

Олардан кейінірек өмір сүргендерден әйгілі қазақ ақыны, зерттеуші, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көбейұлын да мысал ретінде алуға болады. Қазақ халқының басқа да көптеген көрнекті тұлғалары секілді, Мәшһүр Жүсіптің діни білімі болған. Сол себепті, дін мәселелерінде ол өзінің не айтқанын жақсы білген. Мәшһүр Жүсіп Алланың сипаттарын түсіндіре келіп, былай жазған[2]:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Боларға басқа басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес

Мекенін бір Алланың ешкім білмес

Мәшһүр Жүсіптің бұл сөзі сәләфиттік ақиданы айқын түрде жоққа шығарады және оның Әһлү Сунна уәл Жамағаттың таза ақидасын ұстанғандығын білдіреді. Ары қарай ол былай жазады:

Сипаты сегіз болған бірі Кәләм

Сөйлейді, құдіретімен Алла Тағалам,

Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес

Тіл-жаққа мұқтаж емес секілді адам.

Алды, арты, асты, үсті, оң-солы жоқ

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ

Еш нәрсе ұқсамайды, Ол – еш нәрсеге

Кітаптың айтқанына ойлама көп…

Бұл үзіндіден көріп отырғанымыздай, Мәшһүр Жүсіп басқа да матуридиттер секілді Алланың сегіз сипатын атап өткен. Ары қарай ол Аллаға ешқандай тарап тән емес екендігін айтады. Сәләфиттер болса, керісінше айтады, өйткені, олардың ойынша, Алла Аршының үстінде отырады-мыс, демек, бұл Оның астыңғы тарапы бар дегенге кеп саяды. Содан кейін Мәшһүр Жүсіп Алланың қолы, аяғы және басқа да органдары жоқ екенін жазған. Ал, сәләфиттер болса, Құранның ауыспалы мағынадағы (мутәшәбиһәт) аяттарын тура мағынасында түсініп, Алланың «қолы, аяғы, бармақтары т.б. бар» дейді. Шындығында, Мәшһүр Жүсіп ұлы ханафи ғұлама имам әт-Тахауидің әйгілі ақидасын қайталап тұр.

Дәл осындай мағынадағы сөздерді тағы бір атақты қазақ ағартушысы әрі қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин да айтады. Ол өзінің «Шариатуль Ислам» атты кітабында былай жазған: «Біреу сұраса: Құдай тағаланың сипаты нендей?» - деп. Жауап беру керек: «Құлшылық етуімізге лайық Алла тәбәрак уа тағала жалғыз-ды, ешкімнің ол Алла тағалаға ұқсастығы, теңдестігі жоқ. Ол Алла тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я, бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес, Һәм ол Құдай тағаланың бар болуына ешбір заман жоқ жиһат сәттен яғни, алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-ды».

Бұл үзіндіде Ыбырай Алтынсарин қазіргі сәләфиттердің айтып жүрген сөздерін анық жоққа шығарып, өзінің таза ақидасын айғақтап тұр. Ары қарай ол былай дейді:

Алла Тағаланың сифат-субутия (тұрақты, дәлелдеуші сипаттары) деген жеті сипаты әуел-хаят яғни, тірі-ді, біздің ақылымыз жетпейтін тірлікпен алим (көпшесі: ұлама – ғұлама, оқымысты, білгір) болушы-ды, құдірет күш иесі-ді, жоқтан бар етуге һәм бардан жоқ етуге күші жетуші, самғ (1.есту, есту қабілеті; 2. сыбыс, хабар) естуші-ді, бізге рәуішті құлақпен емес, басар (1. көру, көз; 2. айыру; 3. қабылдау) көруші-ді, бізге рәуішті көзбен емес, ирадат (тілек, ықылас) тілеуші, яғни, әуелде өзі тағдыр еткен нәрсесін тілеген уақытында дүниеге шығарушы, такуин (жарату, жасау) жоқтан бар етуші-ді, кәләм сөйлеуші-ді, біздің ақылымыз жетпейтін сипатпен, бірақ бұл сөйлеу бізге рәуішті тілмен, әріппен, дауыспен емес».

Бұл үзіндіде Ыбырай Алтынсарин Алланың жеті сипаты бар (бұл да екі сүнниттік мектептің бірінің, атап айтқанда, әшғари мектебінің белгісі болып табылады) дегеніне қарамастан, матуридиттер секілді сегіз сипатты айтып өткен. Оның ішінде тек матуриди ақидасына ғана тән әт-Тәкуин сипаты да бар. 

Осылайша, Ыбырай Алтынсарин Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп, сонымен қатар, ханафи мәзһабы мен матуриди ақидасындағы барлық ғұламалар айтып кеткен нәрселерді, оған қоса, қазіргі Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы да айтып жүрген сөздерді растап кеткен.

Сонымен, қазақтар қандай ақиданы ұстанған екен? Жүрегі мен санасы қыңырлықпен, надандықпен және соқыр фанатизммен уланбаған әрбір адамға мұның жауабы айқын деген ойдамыз.

Қайрат Жолдыбайұлының материалдары бойынша дайындалған

[1] Абай (Ибраһим Құнанбаев), «Өлеңдер мен поэмалар» кітабын қараңыз, «Жазушы» баспасы, 1986 ж.

[2] Мәшһүр Жүсіп «Ит дүние», таңдамалы жинағы Халықаралық Абай клубында 2008 жылы басылған

 

Azan.kz

Толығырақ ...

СӘЛӘФИЗМ МЕН МӘТУРИДИ МӘЗХАБЫ АРАСЫНДАҒЫ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАР

Сәләфизм бағыты мен Мәтуриди ақида мектебінің арасындағы ақидаға қатысты айырмашылықтардың кейбірі төмендегідей: 

1. Алла Тағалаға мекен беру

Мәтуриди мәзхабында: Аллаға ешқандай мекен, ешбір тұс, қандай да болмасын тарап берілмейді. Бұлардың бәрі жаратылыстарға тән құбылыстар. Ондай құбылысты Жаратушыға жапсарластыру – Құдайды жаратылғандарға ұқсатқан болып табылады. Ал, Алла Тағала Құранда: «Оған ешнәрсе ұқсамайды», - дейді[2][3][4][5].

Сәләфизм ағымында: Алла Тағала - аспанда. Алла Тағаланың өзіне сай тарапы бар. Ол - барлық жаратылыстың үстінде, жоғарыда. Сәләфиттердің осы заманғы көсемі Ибн Бәз былай дейді:

 فهو سبحانه وتعالى فوق العرش في جهة العلو فوق جميع الخلق 

«Алла Тағала арштың үстінде, жоғарғы тұста. Барлық жаратылыстардың үстінде...»[6].

Ибн Бәз тағы бір сөзінде былай дейді: «Алла Тағаланың (орналасқан) тарапын тек өзі ғана біледі. Өйткені, жаратылыстардың оны білуге саналары жетпейді... Оған тиесілі тарапты адамдар білмейді. Тек, Алла Тағала ғана біледі...»[7]

2. Құран Кәрім жайында

Мәтуриди мәзхабында: Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Ол – жаратылмаған. Бірақ, қағаз бетіне жазылған әріптер, арапша дыбысталуы, сиясы, қағазы т.б. көзге көрініп, қолға ұсталатын материалдары – жаратылған. Алла тағаланың сөйлеуі – дыбыстардан, әріптерден құралмайды[8]. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

Құран – Алланың сөзі және (ол) жаратылмаған. Ол - Алланың уахиы, (Мұхаммедке ғ.с.) түсірген (кітабы)... Ол (Алланың сөзі) – қағазға (әріптер арқылы) жазылған, тілдерде (әріптермен дыбысталып) оқылған, көкейде сақтаулы, бірақ оларға енбеген غَيْرُ حَالّ فِيهَا. Сия, қағаз, жазу адамның істері болғандықтан, олардың бәрі жаратылған...»[9]

Сәләфизм ағымында: Құран Кәрім – Алланың сөзі. Алла тарапынан түскен және мағыналарымен қоса әріптері де жаратылмаған. Кім Құранды жаратылған деп есептесе, кәпір болғаны. Әріптері жағынан да, мағынасы жағынан да Алланың сөзі ретінде саналады. Алла сол арқылы сөйледі. Жебірейіл періште оны естіп, Мұхаммед пайғамбарға жеткізді. Құран әріптерімен және мағыналарымен қоса, «Лаухул Махфузда» бар[10]. (АбдулЪазиз ибн Абдулла ибн Бәз)

3. Алланың кәләм сипаты

Мәтуриди мәзхабында: Алланың кәләм-сөйлеуші сипаты - өзінен ажырамас, әзәли, мәңгі сипаты болып табылады. Алланың сөйлеуі әріптерден және дыбыстардан құралмаған. Сондай-ақ, бөлшектеніп, бөлімдерге бөлінбейді[11]. Өйткені, әріптер мен дыбыстар жаратылған. Алла тағалаға кейіннен жаратылатын құбылыстар тән емес.

Сәләфизм ағымында: Алла Тағаланың кәләм-сөйлеуші сипаты бары рас. Бірақ, Оның сөйлеуі өзінің ұлықтығына сай әріптен және дыбыстан тұрады.

4. «Истиуә» мәселесі

Мәтуриди мәзхабы: Имам Мәтуриди былай дейді: «...Аяттағы «истиуә» сөзінің астарында Алла тағала нені көздеп тұрған болса, біз соған иман етеміз. Тура осы секілді, «Алланың (қияметте) көрінуі» және т.б. соған ұқсас тақырыптарда айтылған Иләһи сөздерге (мағына беретін кезде) Алланы жаратылыстарға ұқсатудан (тәшбиһтен) аулақ болуымыз керек. Және (ондай аяттарды түсіндіргенде) «оның мағынасы мынадай» деп кесіп айтпастан, астарында Алла нені көздеп, мақсат етіп тұрған болса, соған иман етуіміз тиіс»[12]

Сәләфизм ағымында: Ибн Бәз былай дейді: «Истиуә» - Алла Тағаланың өзінің ұлықтығына сай Арштың жоғарғы жағына биіктеуі (әл-Ъулу) және көтерілуі (иртифаъ) деген мағынада келтірілген. Бұның «Қалай екендігін?» тек өзі ғана біледі»[13].

5. Құран мен хадистерде кездесетін мүтәшәбих (ауыспалы мағынасы бар) сөздер

Мәтуриди мәзхабында: "Мүтәшәбих" аяттарға қатысты Имам Мәтуриди былай деп кетеді:

«...«Алланың көрінуі» т.б. соған ұқсас мәселелерге қатысты Құранда келген аяттарды түсінетін кезде, «тәшбих» жасамау (жаратылыстарға ұқсатпау) ләзім. Және оның мағынасы мынадай деп кесіп айтпастан, ондағы Алла тағала нені мақсат еткен болса, соған иман ету керек»[14]

Сәләфизм ағымында: Сәләфтар Құран аяттары мен хадистерде кездесетін «қол», «аяқ», «көз», «балтыр», «саусақтар» т.б. мүтәшәбих (ауыспалы мағынасы бар) сөздерді сөзбе-сөз қабылдап, тікелей мағынада түсіндіреді.

Мысалы, Ибн Бәздан шәкірттерінің бірі Алла Тағаланың "саусағына" қатысты айтылған хадис жайында:«Хадистегі айтылған "саусақ" сандық тұрғыда ма? Яғни, Саусақтары бесеу ме?» - деп сұрайды. Сонда Ибн Бәз: «Иә, неге десеңіз, "саусақтары" барлық жаратылысты қапсыра ұстап тұр», - дей келе, Алла тағаланың да адамдардікіне ұқсас «бес саусағының» бар екендігін айтқан. "Мәсәилу әл-Имами Ибн Бәз"

6. Намаз оқымаған адамның үкімі

Мәтуриди мәзхабында: Өзін Алланың құлы, Мұхаммедтің (ғ.с.) үмбеті деп санап, мұсылмандығын жасырмай жүрген адам, намаз, ораза, зекет сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны үшін, Алланың алдында жауапқа тартылатыны анық, алайда олар кәпір емес[15].

Ханафи мәзхабында, намазды тастап қойған мұсылман тұтқындалып, қайта намазды бастағанға дейін қамауға алынады. 

Сәләфизм ағымында: Сәләфилер намаз оқымаған адамды кәпір деп есептейді. Намазды тастап қойған адам, діннен шығып, кәпір болады. Әйелімен арасындағы некесі бұзылады. Оның сойған малы адал емес. Өлсе, мұсылманның қабіріне көмілмейді[16].

7. Пайғамбарлық және мұғжиза

Мәтуриди мәзхабында: Пайғамбардың пайғамбарлығы оның көрсеткен мұғжизасымен дәлелденеді.

Сәләфизм ағымында: Пайғамбардың пайғамбарлығы мұғжизамен дәлелденуі шарт емес.

8. Алла Тағаланың ақіретте көрінуі

Мәтуриди мәзхабында: Жәннәт жұртшылығына Алла Тағаланың көрінетіндігі шындық. Бірақ, кескін-кейіпсіз (билә кәйфия), еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді (яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта емес)[17].

Сәләфизм ағымында: Алла Тағаланың жәннәттағыларға көрінері хақ. Бірақ, белгілі бағытта көрінеді. Дәлірек айтқанда, Алла тағаланы жоғарғы жақта көреміз. Хадистерде «көрінеді» делінген. Ал, көрінетін зат белгілі тұста болуы тиіс[18].

9. Иман - жүрекпен растау

Мәтуриди мәзхабында: Иман дегеніміз - тілмен айтып, жүрекпен нану (растау, құптау, яғни «тасдиқ»)[19]. 

Сәләфизм ағымында: Сөздік тұрғыда «иман» - басқа, «тастиқ-растау» - басқа. «Иман ету» сөзі көбіне ғайыпқа қатысты мәселелерде қолданылады. Сондай-ақ, иман - жүрекпен сеніп, тілмен айту және дін бұйрықтарын орындау. Амалдар - иманмен бір бүтін.

10. Иманның артуы және кемуі

Мәтуриди мәзхабында: Иман - артпайды және кемімейді. Дәлірек айтқанда, иман - сан жағынан (кәммият) артпайды және кемімейді. Бірақ, сапа жағынан (кәйфият) артады және кемиді.

Амал - иманнан бөлек. Иман - тасдиқ және иқрардан, яғни, жүрекпен растап, тілмен айтудан тұрады. «Растау ісі» өз алдына алып қарағанда, артуды немесе кемуді қабыл етпейді.

Сәләфизм ағымында: Иман - басқа, тастиқ (растау) - басқа. Сондықтан да, иман артады және кемиді[20].

11. «Ин’шаАлла мұсылманмын» деп айту

Мәтуриди мәзхабында: Кісі мүмін-мұсылман екендігін нақты, ешқандай шартты рай түріндегі немесе «истисна» түріндегі сөздерді қолданбастан білдіруі тиіс (Истисна - бірақ, алайда т.б. сияқты бөлектеп тұратын сөздер). Сондықтан, «ин’шаАлла» (мұсылманмын) деп айтпауы керек (өйткені, бұл - мұсылман екендігіне сенімді емес адамның сөзі)... Ұлы-Азиз Алла: «Біз Аллаға иман еттік деп айтыңдар!...», - дей келе мүмін екенін нақты білдіруді ұнатқан...[21]

Сәләфизм ағымында: Иман – жүрекпен сену, тілмен айту және амал ету. «Ин’шаАлла мұсылманмын»деп айтудың ешбір әбестігі жоқ. Иман – дін бұйрықтарын екі етпей орындауды керек етеді. Ендігі жерде, ешкім «дін бұйрықтарын толық орындап жүрмін» деп кесіп айта алмасы анық. Өйткені, бұны нақты білмейді. Сол себепті де «Ин’шаАлла мүмін-мұсылманмын» деп айтады[22]. 

12. Ауыр күнә істеуші

Мәтуриди мәзхабында: Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Әйтсе де, жасаған күнәсін күнә емес деп есептеп, халалға шығарса, кәпір болады»[23]

Сәләфизм ағымында: Ауыр күнә жасаған мүмінді кәпір демейтіні рас. Ол – күнәһар мұсылман. Бірақ, жасаған күнәсі жүрегіндегі иманына әсерін тигізбейді дегенге қарсы. Өйткені, иман – ол жүрекпен сеніп, тілмен айту және іс-әрекетпен көрсету. Күнә істері себепті, иманы әлсірейді. Дін бұйрықтарын орындаса, иманы күшейеді[24].

ЕСКЕРТУ:  "Сәләф жолы" мен "Сәләфизм" ағымы арасындағы айырмашылыққа келесі жазбамызда тоқталатын боламыз.


[1] Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 200-бет. 2006 ж.
[2] Имам Әбу Юср Бәздәуи, «Усулуд дин».
[3] Әбу Ханифа, «Фиқһул Әбсәт».
[4] Ақидатут Тахауия.
[5] Шарху китаби Тәһзибил Иътимад фил Иътиқад.
[6] http://www.binbaz.org.sa/
[7] Ибн Бәз, «Шурухул Уәфия».
[8] Фиқһул әкбәр шархы, әл-Мәтуриди; Имам Сабуни, «Бидая».
[9] Имам Ағзам Әбу Ханифа, «әл-Уасия».
[10] http://www.binbaz.org.sa/node/10318
[11] Имам Субуни, «әл-Бидая».
[12] Имам Мәтуриди – Китабут Таухид: «Бәянул Ъарш».
[13] Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 219-бет. 2006 ж.
[14] Имам Матуриди: Китабут Таухид -Бәянул ъарш уәл қаулу бил мәкән- 136 бет. Байрут-Любнән. 
[15] Әбу Ханифа, «Фиқһул әкбәр».
[16] Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 74-бет. 2006 ж.
 مجموع فتاوى و رسائل الشيخ محمد صالح العثيمينhttp://ar.islamway.net/fatwa/14233; http://www.binbaz.org.sa/node/20302
[17] ӘБу Ханифа, «әо-Уәсия»; Имам Мәтуриди, «Китабут таухид».
[18] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 428 бет. «Дарул ъасима».
[19] әл-Бәбәрти – Шарху Уасыяти Әби Ханифа; Мулла Алиюл Қари – Шархул Фиқһил Акбәр; әл-Ғазнәуи – Шарху ъақидатил Имам Ат-Тахауи; 4.әл-Бәбәрти – Шарху әл-Ъақитатит Тахауия; 5.Тафтазани – Шарху ъақидатун Нәсәфия; 6.ас-Сабуни – әл-Бидая
[20] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 428 бет. «Дарул ъасима».
[21] Имам Мәтуриди, «Китабут Таухид».
[22] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 428 бет. «Дарул ъасима»; Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 224-бет. 2006 ж.;
[23] Әбу Ханифа, «Фиқһул әкбар»
[24] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 488-бет. «Дарул ъасима».

 

Абдусамат Қасым

Толығырақ ...

Матуриди мен сәләфизм арасындағы айырмашылық

«Әһли сүннет уәл жамағат» жолында екі ақида мектебі бар. Олар: Әшғари ақида мектебі және Мәтуриди ақида мектебі. Бұл екі мектеп арасында кейбір болмашы айырмашылықтар байқалғанымен, жалпылама алғанда ақидадағы ұстанған бағыттары бір.

Ал, «сәләфизм» бағыты түптеп келгенде, сонау XIV-ғасырларда өмір сүрген Ибн Тәймияның (1263-1328 ж.) айтып кеткен сенім негіздерінен бастау алады. XVIII-ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб есімді адам (1703-1792 ж.) Ибн Тәймияның ақидаға қатысты жасаған тұжырымдамаларының негізінде қалыптастырған пікірлерін ел арасына жайып, «уаһһабия» атты діни ағымның пайда болуына ықпал етті. Уаһһабия ағымы бәріне белгілі болғандай, кейіннен «сәләфия» деген атауға ауысты.

«Сәләфизм» басқаша айтқанда, «уахабизм» бағытын ұстанушылар аталмыш қос ақида мектебін «адасушы, бидғатшы» деп есептеп, «Әһли сүннет уәл жамағат» қатарынан шығарып тастады. Олардың пайымдауынша, «Әһли сүннетке» тек, Ибн Тәймияның алға тартқан сенім негіздерін ғана кіргізуге болады екен[1]. 

Осылайша, сәләфизм бағыты кейбір сенім негіздері мен қағидаттарда аталмыш қос ақида мектебіне  кереғар жолды ұстанды. Әсіресе, «тәнзих», яғни, «Алла мен өзге жаратылыстар арасында аз да болса, ұқсастыққа жол бермеу» мәселесінде Мәтуриди мен Әшғари ақида мектептері аса ыждағаттылық танытып, өте мұқияттылық пен ұқыптылық көрсетсе, сәләфизм бағытындағылар қарапайым тілмен айтқанда, селқостық танытқан. Олардағы бұл селқостықты тудырған бірнеше факторлар бар. Бүгінгі жазбамда ол факторларға тоқталғаннан гөрі, жалқы мәселелердегі кейбір айырмашылықтарды қысқаша ұсынғанды жөн көріп отырмын.

ислам.кз

Толығырақ ...

Қазақ келіндері сәлем беріп иілгені Алла Тағалаға серік қосқанға жата ма?

Әңгіменің кіріспесі ретінде айта кетейік – бұл айтылған бірінші мәселеде «бүйректен сирақ шығарғыш» мазһабты ұстанбайтын бауырларымызға арналады.

«Қзақ келіндерінің сәлем бергені – Алла Тағала серік қосқаны» деген әңгіменің басталғанына біршама уақыт болды. Бұл әңгіменің шығу төркіні – «біз саләфтарға еру керекпіз. Ол кезде мазһаб болмаған, Құран мен хадисте айтылмағанның бәрі - адасушылық» деген мазһабсыздық идеологиясынан туындаған.

Құран және хадиспен жүруге келісеміз. Алайда, «Құран және хадиспен жүру» дегеніміз не, мәселе осында! Осы мәселені түсінбеу нәтижесінде мазһаб ұстанбайтындар мұсылман қауымын «жәннаты мен тозақыларға» бөліп қойды.

Негізі «тек біздікі дұрыс» деген мазһаб ұстанбағандардың қателіктері баршылық. Дәл сол мұсылмандарды «жәннаты мен тозақыларға» бөлүді алайық! Құран қай аятында, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қай хадисінде: «Мұсылмандарды жәннаты мен тозақыларға бөл!»,-делінген?! Құран мен хадисте ондай талап жоқ! Онда неге мазһаб ұстанбайтындар адамдардың қайсысы жәннаты, қайсысы тозақы болатынын анықтап жүр?! Кімінің жәннатты, ал кімнің тозақы екені ұйғару – Хақ Тағаланың үлесіндегі нәрсе. Ондай болса, мазһаб ұстанбағандар өздерін Алла Тағалаға теңеп: «Мен – жәннатымын, ал сен - тозақысың»,-деген ширктің нағыз өзі емес пе?!

Толығырақ ...

Бұл тақлид емес пе?

Мазһаб ұстанбайтындар: «Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) кезінде мазһаб болмаған. Сахабалар (родиял-лаһу ғанһум) мазһаб ұстанбады. Мазһабқа Құран мен хадисте дәлел жоқ»,-дейді. Мазһаб мәселесінде «ақиқатты» үзілді-кесілді ұстанады екенбіз, онда мына жайында не айтасыздар? Таухидтің үш түрі – таухиду улуһия, таухиду рубубия және таухиду асмаи уа сыфат – жайында Құран мен хадисте не айтылған? Бұған қатысты аят немесе хадис бар ма? Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) таухидтің үш түрі жайында айтты ма? Жоқ! Ондай болса бұл мәселе қайдан алынды? Таухидтің үш түр жайында бірінші болып әңгіме еткен – имам Ибн Таймия. Мазһабқа қарсы болғандар: «Исламда тақлид (біреуге еру) жоқ»,-дейді. Ондай болса мұсылмандар неге имам Ибн Таймияға еру керек? Бұл тақлид емес пе?

Толығырақ ...

60-мәселе: мүмин ешқашан Алла Тағаланың рахметінен үміт үзбейді

Мүмин үнемі Хақ Тағаланың рахетінен үміткер. Алла Тағаланың рахметінен күдер үзу – кәпірлерге тән сипат. Сондықтан да кәпір Жаратушы Иенің рахметінен мақұрым жан.

Әрине, Алла Тағаланың Қаһһар (Қаһарлы), Шидидүл-ғиқаб (қатты Жазалаушы) деген сипаттары бар. Алайда, сонымен қатар Алла Тағаланың Ғафур (Кешірімді), Рахим (Мейірімді) деген де сипаттары бар екенін ұмытпаған жөн. Осы себептен пенде қандай бір күнә істемесін, шын тәубесіне келіп, кешірім тілесе, Алла Тағала оны кешірері сөзсіз.

Дегенмен, «тәубеңе келсең Алла Тағала кешіреді екен» деп те бейғам халде күнәға бара беругеде болмайды.

Әрине, Алла Тағала – Кешірімді. Әрі Оның кешірімі шексіз. Бірақ дүниеде рахметі шексіз Алла Тағала кешірмейтін де күнә бар. Ол – ширк, яғни Алла Тағалаға серік қосу.

 

Толығырақ ...