Материалдар

Мақтагүл қажы Мырзақұл ата келіні

 


Әлжанқызы Мақтагүл қажы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы Абай ауылында 1942 жылы тамыздың 10 жұлдызында дүниеге келген.

Атынан мәрмәр мешіт салынып отырған Мырзақұл атаның жалғыз ұлы, Алматыда бірнеше жыл білім алып, дәрігерлігімен танымал болған Мұхтарға тұрмысқа шығып, анасындай аялаған, 12 жасынан басы сәждеге тиіп, өлелгенше намазын тастамаған енесі Сусар Сыддыққызының үлгі-өнегесін көріп өсті. Аллаһтың қалауымен дүниеге бес ұл мен екі қыз әкеліп, бір жағынан иншаАллаһ пайғамбарымыздың (с.а.с) мақтанышына лайықты көп перзенттілігін айтсақ, екінші жағынан «Батыр ана» медалімен де марапатталған. Отанды сүю – иманнан екенін санада ұстаған Асыл ана еліне 35 жыл қажырлы еңбек етті.
Аллаһ Тағала қасиетті Құранда «Барлық жан иесі өлімнің дәмін татады» – деген еді. Сол өлім дәмін ерте татқан күйеуі жастай қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін бар ауыртпашылықты бір өзі көтеріп, пайғамбарымыздың (с.а.с): «Мен сұлу да әдемі бола тұра күйеуі өлгеннен кейін тұрмысқа шықпай, боянбай балаларына қараған әйелдермен жұмақта осылай бірге боламыз» – деген хадис шарифіне амал етіп, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай Аллаһтың қалауымен өсіріп ұлын ер, қызын бой жеткізді. Қазір сол балаларының жалғыз өзінің ғана емес ел азаматы болғанына шүкіршілік айтып, үбірлі тәтті немерелер сүйіп отыр.
Әкесі Әлжан кезінде Меккеге жаяу барып, бес жастағы Мақтагүл қызына «Осы қызыма да қажылық нәсіп қыла көр!» деп Аллаһтан тілеп тәбәрік көйлек әкеліп берген екен. Әз Пайғамбарымыз (с.а.с) «Ата-ананың дұғасы қайтарылмайды» – деген хадис шарифінде. Сол әкесінің дұғасының қабыл болғаны болар, Мақтагүл қызына да Меккеде қажылық нәсіп болып, 2006 жылы қызы Ақсұлумен қажылық парыздарын өтеп қайтты.
Бүгінде бірнеше жасқа келген Асыл анамыз халқына қызмет етсін деген ниетпен қайынатасының есімімен өз ауыл тұрғындарына алып мәрмәр мешіт соқты. Солқайын атасы Мырзақұлдың әкесінің аты берілген Ерман ауылына сауап үшін емхана тұрғызып берсе, Аллаһ шөлін қандырған адамға зор сүйінші беретінін Аллаһ елшісінің (с.а.с) хадисінен аңғарған апамыз, Мақтаарал ауданының тағы бір ауылына су шығарып берді. Түркістан аймағында «Ерқоян ата» мешітін сондай-ақ, Тараз өңіріндегі Мырзатай ауылында «Ақтөбе» мешітін соғып, елдің ақ батасын алуда. Сауапты істі жанындай сүйетін апамыз 20 дан астам кітап шығарып, Мұсылмандық қасиетті күндер мен түндерді халыққа Мұсылманның мереке кундері ретінде таныстыра сол кітаптарын бірнешелеп сыйға тарту етті. Халық мұсылмандық бірнеше қасиетті күндердің барлығын көріп, ол күндерде ораза ұстап сауаптың артатынын біліп, қазірде алдын ала күнтізбемен сол күндерді асыға күтетін болды. Бұлда Аллаһтың қалауымен апамыздың орасан зор еңбегінің себебімен деп білеміз.
Әрине мұның барлығы біріншіден бір Аллаһтың разылығы үшін болса, екіншіден хадис шарифке саятын жұмақтан иншаАллаһ үлкен бір сарай тұрғызылуын қалап халқыма имандылық жолында да еңбек сіңірейін деген ниетімен қазір өздеріңіз кіріп отырған Нұр-Отау.кз атты сайты арқылы да уағыз-насихаттар жүргізіп сауапты іс-шаралар атқаруда.
Аллаһ Елшісі (с.а.с): «Сендердің ешқайсыларыңның өздеріңе қалаған нәрселерді басқа бауырларыңа қаламайынша, имандарың толық болмайды» – деген хадисіті естіп, қалай өзімнің ұстанған асыл дінімді өзгеге жеткізем деген ойына, «Сайт ашып,  білімділердің мақалаларын жазып, құнды дүниелерді сайтта жариялап та дін таратудың керемет жолы бар»
 деген өзгенің ұсынысты дереу құба-құп алып, бұл сайттың (2010 жылы) дүниеге келуіне себепші болды.

Өзіне қалаған нығметке толы жұмаққа, имандылыққа келсе бірге кірерміз деген адал ниетіне Аллаһ разы болсын бірнеше сауапты істер атқарды.

Риялыққа жақындап қалмасын деп көптеген үлкен ізгі істерін жасырғанымыз жөн болар. Осындай Аллаһтың разылығын қалаған жандар көп болсын дей отырып, апамызға мүминдік дұғаларыңызды бұғып қалмаңыздар ағайын! Қазақта «жақсының жақсылығын айт, ырысы артсын» — десе, бұл ислами тұрғыда жария садақаға жатқызылып, риялықтан арылтады.

Асыл анамызға деген асыл дұғаларыңыз бен тілектеріңіз періштелердің әмин деуімен сәйкес келгей. Анамыздың ғұмыры ұзақ болғай. Аллаһ барлығымызды жұмағымен сүйіншілеп, сіз бен бізге деген рызығын арттыра берсін. Әмин.