Қыбланың өзгеруі

Қыбланың өзгеруі

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Меккеден Мәдинаға һижрат еткеннен кейін, мұсылмандар 18 ай бойы (бір риуаяттарда 16-17 ай делінген) Байтул-Мақдис, яғни Иерусалимдегі Ақса мешітіне қарап намаз оқыды.

Негізі, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бен сахабалар, жан-тәнімен Ибраһим және Исмаил бабаларының қыбласы болған Қағбаға қарап намаз оқуды қалайтын. Бірақ Алла Тағаланың әмірі солай еді. Яғни, о баста Хақ Тағала мұсылмандарға бес уақыт намазды Иерусалимдегі Ақса мешітіне қарап оқуды бұйырған болатын. Иманында нұқсан болмаған сахабалар: «Жаратушы Иенің әмірін естідік, оған бойсұндық»,-деп, Байтул-Мақдисті қыбла етті.

Бұл да Алла Тағаланың сынағы еді. Осылайша Хақ Тағала, бір жағынан сахабалардың сабырын сынаса, екінші жағынан өзінің әміріне бойсұну ісінде шыңдады.

Мәдинада Ақса мешітіне қарап намаз оқығанда, Қағба мұсылмандардың арқа жағында болатын. намазды Қағбаға қарап оқуды аңсаған Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм), намазда тұрып, қыбланың өзгеруінен үміттеніп көкке жиі назар салатын. Бұл жайында «Бақара» сүресінің 144-ші аятында айтылған. Нәтижеде, һижри екінші жылдың ражәб айында, аср намазы барысында Алла Тағала қыбланы Меккедегі Қағбаға өзгертуды бұйырды. Сол кезден бастап мұсылмандар намаздарын Қағбаға қарап оқи бастады.

Қыбланың өзгеру жылы мен айы мәселесінде, ғалымдардың басым көпшілігі һижри екінші жылдың ражәб айын айтқан. Намаз мәселесінде де ғалымдардың басым көпшілігі аср намазын атап көрсеткен. Бірақ ғалымдардың арасында қыбланың нақты ауысқан күні мәселесінде түрлі пікір бар.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) заманында Бәни Сәлим мешіті деп аталған мешіт, қыбла ауысқаннан кейін «Мәсжидүл-Қибләтайн» (екі қыбла мешіті) деп аталып кеткен. Бұл мешіт Мадинаның солтүстік-батыс тарапында орналасқан.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға