Өз-өзіңді шыңда!
Құранда бір сүре бар, оны әр кеште оқу пендені кедейшілік пен жоқшылықтан сақтайды. Ол қай сүре?
Жауабы: ол – «Уақиға» сүресі.
«Уақиға» сүресі – меккелік сүре. Аят саны – 96.
Қиямет күні жайында баяндаумен басталған бұл сүреде Ақыретте адамдар үш топқа бөлінетіні және олар үшін әзірленген сауап пен жаза жайында айтылған.
Сүренің артықшылығы: Масрұқ (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Әуелгілер мен кейінгілердің, жәннатылар мен тозақылар және дүние мен Ақырет иелерінің хабарын білгісі келген адам «Уақиға» сүресін оқысын».
Сағләби (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Дүниеден өтер алдында науқастанып төсек тартып жатып қалған Ибн Масғудты (родиял-лаһу ғанһу) зиярат етіп келген Осман (родиял-лаһу ғанһу): «Шағымың бар ма?»,-деп сұрағанда, Ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу): «Шағымдансам күнәма шағымданамын»,-дейді.
- Нені қалайсың?
- Алла Тағаланың рахметіне бөленуімді.
- Саған шипагерді шақырайын ба?
- Шипагердің өзі мені науқасқа ұшыратты.
- Саған тиесілі олжаны беруін бұйырайық.
- Тірі шағымда керек етпегенімді енді өлер шағымда бермекшің бе?
- Өзіңе болмаса сенен кейін қыздарыңа пайдасы тиер.
- Менен кейін қыздарым жоқшылыққа ұшырайды деп қорқасың ба? Мен оларға әр түні «Уақиға» сүресін оқуды өсиет еттім. Өйткені, мен мен Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Әр түні «Уақиға» сүресін оқыған адам еш қашан жоқшылыққа ұшырамайды»,-дегенін естіген едім».
Міне, сұрақтың жауабы осы!