Оразада кісенделеді... Жауабы...

Оразада кісенделеді... Жауабы...

Өз-өзіңді шыңда!

Хадистерде Рамазан айы кірісімен шайтандарға кісен салынатыны жайында айтылған. Сонда қандай шайтандар кісенделеді?

Жауап: Имам Бухари (рохматуллаһи ғаләйһи) Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген: «Рамазан айы кіргенде аспанның есіктері ашылады. Жаһаннамның есіктері жабылып, шайтандар кісенделеді».

Көп адам: «Егер Рамазан айында шайтандарға кісен салынса, онда неге оразаның кезінде күнә істеліп жатады?»,-деген сұрақ береді. Жауап: күнәнің пайда болуына шайтан септігін тигізу шарт емес. Себебі пенденің күнәға баруына жаман пейілі мен ниеті де жеткілікті.

Рамазан айында Хақ Тағаланың рахметі молайып, құлшылықтың көбеюіне байланысты шайтандар адамдарды азғырғанға барынша күш салу керек еді. Алайда Рамазан айында күнә азаятыны – ақиқат. Дегенмен қандай болғанда да күнә істеледі. Бұл жағдай хадисте айтылғанға күмән тудырмауы керек. Себебі хадисте «ерекше бүлікші шайтандар» кісенделеді делінген. Демек бұдан тыс шайтандардың азғыруы айтқанға тұрмайды.

Бір хадистерде «ерекше бүлікші шайтандар» «әмірге бойсұнбайтын» деп сипатталған. Қандай болғанда да бұл бас қатыратындай нәрсе емес. Себебі күнә шайтанның азғыруымен істеледі. Шайтанмен жыл бойы қоян-қолтық араласқанның нәтижесінде нәпсі күнә істегенге әдеттенеді. Нәтижеде адам біреуді ғайбаттауды күнә емес, әдет деп түсінеді. Осы себептен күнә істеп қалыптасып қалғандар Рамазанның уақытында да күнә істейді. Ал нәпсі – адамның ажырамас бөлігі. Мұның да әсерін ескерген жөн. 

Рамазан айында күнә істелудің тағы бір себебі бар. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Күнә істеген шақта адамның жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер адам тәубесіне келсе, ол дақ өшіріледі. Болмаса дақ болып тұра береді. Басқа бір күнә істесе, тағы бір нүкте пайда болады. Осылай жүрек қарайып кеткенге дейін жалғаса береді. Нәтижеде мұндай жүрекке жақсылық дарымайды»,-деген. Мұндай жағдайда жүрек күнә істегенге бейім болады. Осы себептен көп адам күнәні ойланбай істейді. Бірақ басқа бір күнәға тап болса, одан жеркенеді. Мәселен арақ ішетін адамға доңыз етін ұсынса, ол одан жеркенуі мүмкін. Алайда арақ ішу де, доңыз етін жеу де ауыр күнә. Дәл осы тәрізді Рамазаннан тыс уақытта жүрек күнә істеу себебінен қараяды. Нәтижеде мұндай адам Рамазан айында күнә істеуі үшін шайтанның да керегі болмай қалады. Демек, егер хадисте барлық шайтанның кісенделуі жайында айтылса, бұл айтылған Рамазан айында күнә істелу мәселесіне қайшы емес. Ал егер хадисте «ерекше бүлікші» шайтандар жайында айтылған болса, бұл жағдайда хадистің растығы мүлдем күмән тудырмайды.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға