Қияметте адамдар қандай күйде келеді? Жауабы...

Қияметте адамдар қандай күйде келеді? Жауабы...

Өз-өзіңді шыңда!

Қияметте адамдар Алла Тағаланың алдына қандай күйде келеді?

Жауап: Қияметте адамдар Алла Тағаланың алдына үш күйде келеді:

1. Жүріп;

2. Салт мініп;

3. Бетімен жорғалаған күйде.

Қияметте пенденің ақиқат ахуалы анықталады. Себебі Ақыреттегі өлшем пәнилік өлшемнен мүлдем өзгеше. Мын пәниде имандылығы себебінен Хақ Тағаланың алдында денесі мен нәпсісін иген пенде Ақыретте еңсесін көтерсе, менменсініп керілгендер керісінше мықшиіп қорланған күйде келеді. Осының өзі мына дүниенің пәнилігін, яғни өткенші екенін көрсетеді. Осы себептен дана қазақ дүние өмірін «жалған» деген.

Қияметте екінші рет сұр үрленгеннен кейін адамдар қабірлерінен тұра бастайды. Сол сәтте тірілгендердің ішінде айналасы нұрға толған пенделер болады. Міне, бұлар – Құдайдың ықыласты, иманы кемел пенделері. Бұл жайында Хақ Тағала «Тахрим» сүресінің 8-ш3 аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَى رَبُّكُمْأَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِيمِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ يَوْمَ لَا يُخْزِي اللَّهُ النَّبِيَّ وَالَّذِينَ آمَنُوامَعَهُ نُورُهُمْ يَسْعَى بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَبِأَيْمَانِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَاأَتْمِمْ لَنَا نُورَنَا وَاغْفِرْ لَنَا إِنَّكَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

«Уа, мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар!Сонда Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуінен үміт бар. Алла Тағала ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді ұятқа қалдырмайды. Олардың нұрлары алдарында, оң жақтарында жүреді. Олар: «Уа, Раббы! Нұрымызды толықтырып бізді жарылқа. Сөзсіз Сенің әр нәрсеге құдіреттісің»,-дейді»,-деген.

Имам Ахмад Абдуллаһ ибн Масғудтан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен әсарда былай делінген: «Олардың ішінде нұры таудау болғаны, нұры – пальмадау, нұры – тік тұрған ердің бойындау, бірде жарқырап, бірде сөніп тұратын нұры – басбармақтай болады. Сонымен қатар қараңғылыққа оранып тұратындар да болады».

Міне, Қияметте жүріп және салт мініп келетіндердің күйі осындай болмақ. Сонымен қатар жеке салт мініп келетіндерге келер болсақ, бұлар Қияметте қайта тірілген сәтте махшарда бір қадам да баспайды. Бұл – иманы кемел, тек игі амал істеген және жүректерін жаман қылықпен кірлетпеген тақуа пенделердің ахуалы. Бұлар жайында Хақ Тағала былай деген:

يَوْمَ نَحْشُرُ الْمُتَّقِينَ إِلَى الرَّحْمَنِ وَفْدًا

«Ол күні тақуаларды Рахманның құзырына қонақ түрінде жинаймыз». («Марйям», 85 аят)

Мұны қалай түсінеміз?

Тақуа пенделер қабірлерінен тұрғанда оны қарсы алып тұрған періштелерді көреді. Олардың жанында тақуа пенде үшін әзірленген жәннат жануары тұрады. Оның әсемділігі тек Алла Тағалаға мәлім. Бұл жайында Хақ Тағала былай деген:

إِنَّ الَّذِينَ قَالُوا رَبُّنَا اللَّهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا تَتَنَزَّلُ عَلَيْهِمُ الْمَلَائِكَةُ أَلَّا تَخَافُوا وَلَا تَحْزَنُوا وَأَبْشِرُوا بِالْجَنَّةِ الَّتِي كُنتُمْ تُوعَدُونَ نَحْنُ أَوْلِيَاؤُكُمْ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَفِي الْآخِرَةِ وَلَكُمْ فِيهَا مَا تَشْتَهِي أَنفُسُكُمْوَلَكُمْ فِيهَا مَا تَدَّعُونَ نُزُلًا مِّنْ غَفُورٍ رَّحِيمٍ

«Расында: «Раббымыз – Алла»,-деп дінде табанды болғандарға періштелер түсіп: «Қорықпаңдар, кейімеңдер! Сендерге уәде етілген жаннатпен қуанышқа бөленіңдер. Біз дүние тіршілігі және Ақыреттегі достарыңбыз. Сендерге ол жаннатта көңілдерің көксеген нәрселер бар. Сондай-ақ сендерге не тілесеңдер бар. Бұл аса жарылқаушы, тым мейірімді Алланың сыйлығы»,-дейді». («Фуссиләт», 30-32 аят)

يَوْمَ نَحْشُرُ الْمُتَّقِينَ إِلَى الرَّحْمَنِ وَفْدًا

«Ол күні тақуаларды Рахманның құзырына қонақ түрінде жинаймыз»,-аятының тафсиріне қатысты Ибн Ән-Нуғман ибн Сағид (родиял-лаһу ғанһу) былай деген: «Біз Әлидің (родиял-лаһу ғанһу) жанында отырғанымызда ол:

يَوْمَ نَحْشُرُ الْمُتَّقِينَ إِلَى الرَّحْمَنِ وَفْدًا

«Ол күні тақуаларды Рахманның құзырына қонақ түрінде жинаймыз»,-деген аятты оқыды да былай деді: «Құдай ақы! Олар махшарда жүріп жиналмайды. Олар сол кезге дейін ешбір жаратылған көрмеген ұрғашы түйеге мінеді... Олар сол түйені үстіне мініп жәннаттың қақпаларына жетеді». (Ибн Әби Хатим, Ибн Кәсир тафсирі)

Бетімен жорғалағандар мәселесіне келер болсақ, бұл – кәпір мен мұнафықтардың ахуалы. Әнас ибн Малик (родиял-лаһу ғанһу) айтады:

أَنّ رَجُلاً قَالَ: يَا رَسُولَ اللّهِ كَيْفَ يُحْشَرُ الْكَافِرُ عَلَىَ وَجْهِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؟ قَالَ "أَلَيْسَ الّذِي أَمْشَاهُ عَلَىَ رِجْلَيْهِ فِي الدّنْيَا، قَادِراً عَلَىَ أَنْ يُمْشِيَهُ عَلَىَ وَجْهِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؟

قَالَ قَتَادَةُ: بَلَى وَعِزّةِ رَبّنَا‏ 

«Біреу: «Уа, Алланың нәбиі! Қияметте кәпір қалайша бетімен жорғалап келеді?»,-деп сұрағанда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Дүниеде екі аяғымен жүргізген Алла Тағала Қияметте жүзімен жорғалата алмай ма?»,-деп жауап берді».(Бухари)

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға