Анасыз дүниеге келген жеті жаратылыс. Жауабы...

Анасыз дүниеге келген жеті жаратылыс. Жауабы...

Өз-өзіңді шыңда!

Құранда анасыз дүниеге келген жеті жан иесі жайында айтылған. Ол қандай жаратылыс?

Жауабы:

1-2. Адам (ғаләйһис-саләм) және Хауа ана. Адам (ғаләйһис-саләм) топырақтан, ал Хауа анамыз оның қабырғасынан жаратылған еді. Бұл жайында «Ниса» сүресінің 1-ші аятында айтылған.

3. Солих пайғамбардың (ғаләйһис-саләм) түйесі. Солихтың (ғаләйһис-саләм) түйесі жартастан жаратылған еді. Бұл жайында «Ағраф», «Һуд» және «Шуғара» сүрелерінде айтылған.

4. Ибраһим пайғамбардың (ғаләйһис-саләм) қошқары. Ибраһим (ғаләйһис-саләм) жалғыз ұлы Исмаилды (ғаләйһис-саләм) құрбандыққа шаламын деп әрекет еткенде Хақ Тағала көктен бір қошқар жібереді. Содан бастап құрбандыққа мал шалу үрдісі қалыптасты. Осылайша адамзат перзенттерін құрбандыққа шалу індетінен құтқарылды. Бұл жайында «Соффат» сүресінде айтылған.

5. Мұса пайғамбардың (ғаләйһис-саләм) аса таяғы. Бұл жайында «Ағраф» және «Нәмл» сүресінде айтылған. Мұсаның (ғаләйһис-саләм) қолындағы аса таяғына жан бітіп жыланға айналады.

6. Қарға. Бұл жайында «Мәида» сүресінің 31-ші аятында айтылған. Қабыл бауыры Һәбілді өлтіреді. Бұл адамзат тарихындағы әуелгі өлім еді. Осы себептен Қабыл Һәбілдің денесімен не істеу керектігін білмейді. Сол кезде оған мәйітті жерлеуді Алла Тағала үйрету үшін қарғаны жібереді.

7. Иса пайғамбар (ғаләйһис-саләм) жаратқан құс. Бұл жайында «Әли Имран» сүресінің 49-шы аятында айтылған. Кәпірлер Исадан (ғаләйһис-саләм) мұғжиза көрсетуін талап етеді. Сонда Иса (ғаләйһис-саләм) балшықтан құстың мүсінін жасап кейін оған үреді. Сол сәтте Алла Тағаланың қалауымен мүсінге жан бітеді.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға