Арақ-шараптан түгелдей бас тартқан ауыл

Арақ-шараптан түгелдей бас тартқан ауыл

Алақандай ғана ауылдың тұрғындары облыс орталығынан алыста жатса да, көптеген аймақтар үшін үлгі боларлықтай тіршілік кешуде. Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылы салауатты өмір салтын ұстанып, арақ-шараптан түгелдей бас тартқан. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Жыланды ауылының тұрғыны Әнуарбек Жүнісовтың айтуынша, 2010 жылдан бері ауылда арақ-шарап өнімдерінің сатылуына тыйым салынған.

«Рамазан айы болатын. Ауылдағы ақсақалдар кеңесі ащы судан жастарды аулақ ұстау үшін арақ өнімдерін сатпау туралы үкім шығарды. Тұрғындар бұл ұсынысты құптап, дүкен иелері арақ-шарап сатудан бас тартты. Мұндай үрдіс еліміздің басқа өңірлеріне үлгі болса деген ниетіміз бар», - дейді ауыл тұрғыны Әнуарбек Жүнісов.

Ауыл халқының арақ өнімдерінен бас тартуына белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың да көмегі тиді. Белгілі кәсіпкер ауыл тұрғындары тұрмысын дөңгелету үшін жылқы малын сыйлаған. Қолынан іс келетін тұрғындар бие сауып, қымыз ашытып, ауыл халқының басым бөлігі салауатты өмір салтына бет бұрды. Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы  мешітке, қарияларға, оқушылар мен сырқат адамдарға тегін қымыз жеткізіліп тұрады. 

"Өзім өмірімде аузыма арақ та, сыра да, шампан да алып көрмеген адаммын. Темекіге де еш әуестігім болмапты. Осы өмір салтын әлі күнге дейін ұстанып келемін",-дейді Бауыржан Кеңесбекұлы.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға