Қадір түнін иманмен өткізген...

Қадір түнін иманмен өткізген...

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады:

مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Қадір түнін шын иман келтірген әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі».(Бухари)

Бұл хадисте Қадір түнін ықыласпен құлшылық етіп сауаптан үміттенген халде өткізген пенде жайында айтылған.

Хаттаби (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Үміттенген халде» сөзінің мәнісі: ықылассыз, қаламаған халде емес, бәлкім сауапты алу яқинімен (яқин – нақты сенім) және сергек жүрекпен өткізу»,-деген. Себебі құлшылық машақатына төтеп беру сауап үмітіне сай. Сонымен қатар пенде Хақ Тағалаға жақындаған сайын құлшылыққа деген ықыласы да күшейе береді.

Ғалымдардың пікірінше бұл хадисте кіші күнәнің кешірілуі жайында айтылған. Себебі Құранда үлкен күнәнің кешірілуіне қатысты: «Тек шын жүректен өкініп, тәубе еткен (яғни күнәдан қайтқан)»,-делінген. Осыған сүйене отырып ғалымдар бір ауыздан үлкен күнәлар тәубесіз кешірілмейтініне келісіп, күнәнің кешірілеуі жайында айтылған хадистің барлығын кіші күнәнің кешірілуімен байланыстырған.

Негізі мұсылман күнәні кіші және үлкен деп айырмауы тиіс. Себебі мұсылманға күнә істеу жараспайды. Күнә істегеннің өзінде, ол тәубеге келмейінше тыным таппайды. Әрі уақыты келгенде, мәселен Қадір түні, сауап алу үмітімен құлшылық етеді. Мұндай жағдайда ол істеген күнәлары үшін ұялып тәубеге келеді.

Тәубе – өткен күнәлары үшін ұялу әрі болашақта оны қайталамауға нақты ниет ету. Осы себептен біреу үлкен күнә істеген жағдайда Қадір түні немесе басқа бір дұғалар қабыл болатын мезгілде шын жүректен тәубеге келіп, Жаратушы Иеден кешірім тілеуі тиіс.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға