Иманның дәмін кім сезінеді?

Иманның дәмін кім сезінеді?

عن عباس بن عبد المطلب أن رسول الله صلى الله عليه وسلم يقول: ذَاقَ طَعْمَ الإِيمَانِ مَنْ رَضِيَ بِاللهِ رَبًّا، وَبِالإِسْلامَ دِينًا، وَبِمُحَمَّدٍ رَسُولاً

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады: «Раббысы – Алла Тағала, діні – Ислам, пайғамбары – Мұхаммед (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) болғанына разы болған адам иманның дәмін сезінеді».

Хадистi Әл-Аббас ибн Абдулмутталибтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят еттi.[1]

Разы болу – бір нәрсеге қанағат етіп, содан өзгені қаламау.[2]

Алла Тағаладан өзге тәңірі болуын қаламау. Исламнан басқа дінді ұстанбау. Мұхаммед пайғамбардың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) көрсеткен шариғатынан тыс жолға ермеу. Бойында осы сипат болған жан иман ләззатын сезінуі хақ. Ал иманның ләззатын сезіну, өз кезегінде, дін талаптарына бойсұнуды жеңілдетеді.

«Намаз оқысам ба?»,-деп жүргендер бар. Кейін намазды бастап, соң тастап кетіп жатқандар да қанша ма! Әрине, мұндай келеңсіздікке түрлі нәрсе себеп болады. Дегенмен, сол себептердің бастысы – пенде иманның шырын дәмін сезінбеуінде.

Біреулер бар бес уақыт парыз намазын қаза етпейтін. Тағы біреулер бар парыз намазын оқумен шектелмей нәпіл намаздарын оқитын. Тағы біреулер бар түнін намазбен өткізетін. Осының сыры неде? Мұның сыры – осы хадисте айтылған иманның шырын дәмін сезінуде. Бұл неден басталды? Пікірлеуден. «Мен кіммін? Мен қайдан келдім және қайда барамын? Мен не мақсатта өмр сүремін?»,-деген сұраққа жауап іздеуден. Мына үш ақиқатты ұғынумен:

- бар істің нәтижесі – Хақ Тағаланың қолында.

- барша адами құнды қасиеттер – Ислам дінінде.

- екі дүниенің бағы – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннетіне еруде.

Хақ Тағала баршамызға иманның шырын дәмін сезінуді нәсіп еткей! Әмин!



[1]‏صحيح مسلم، 1 - كتاب الإيمان، 11 - باب الدليل على أن من رضي بالله ربا وبالإسلام دينا وبمحمد صلى الله عليه وسلم  رسولا، فهو مؤمن، ولإن ارتكب المعاصي الكبائر، الحديث رقم 56

[2]‏صحيح مسلم بشرح النووي

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға