Оразадағы ниет

Оразадағы ниет

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Ақиқатында амалдар ниетке қарай ескерiлiп, әрбiр адамға ниетiне қарай берiледi. Кiмнiң һижраты[1] Алла Тағала және Оның пайғамбары үшiн болса, оның һижраты Алла Тағала және Оның пайғамбары үшiн болады. Кiмнiң һижраты дүние үшiн болса, оған қолы жетедi немесе бiр әйелдi некелеп алу үшiн болса, оны некелеп алады және ол сол үшін һижрат еткен болады».

Хадистi Омар ибн Әл-Хаттабтан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари риуаят еттi.[2]

Түсініктеме: бұл хадисте ораза жайында айтылмаған. Дегенмен әрбір амалдың негізін ниет құрайды. Ал ораза – ғибадаттың маңызды түрі. Тіпті ол, жоғарыда айтылғандай, ислам дінінің негізі. Сонымен қатар көптеген ғалымдар бұл хадисті өз еңбектеріндегі түрлі бап-тарауларында келтірген. Мәселен, имам Бухари (рохматуллаһи ғаләйһи) өзінің «Сыхахында» (сахих хадистер жинағында) бұл хадисті «Неке», «Уахи», «Иман» т.б. баптарында келтірген.[3] Осының өзі бұл хадистің, дәлірек айтар болсақ, ниеттің маңыздылығына меңзейді. Өйткені амалдың есепке алынуы, яғни қабыл болуы ниетке байланысты. Ниет дұрыс болмаса амал да қабыл емес.[4]

Сонда ниет деген не және ол қандай болуы тиіс? Мүмин пенде бар құлшылығын: «Тек Хақ Тағаланың разылығы»,-деген ниетпен орындайды. «Ниеттің» түсініктемесіне келер болсақ, имам Науауи (рохматуллаһи ғаләйһи): «Ниет – бағыт, ал бағыт – жүректің ұмтылысы»,-десе, имам Байдауи (рохматуллаһи ғаләйһи): «Ниет – жүректің ізденісі». Ал шариғат «ниетті» былай түсіндіреді: «Ниет – бір істі Хақ Тағаланың разылығы үшін Оның үкіміне сай орындау».[5]

Пенденің ниеті өте маңызды! Тіпті, ғалымдар айтқандай кейде мүминнің ниеті амалынан абзал.[6] Қазақтың: «Жақсы пейіл – жарым ырыс»,-дегені осыны растай түсері сөзсіз!



[1] Қоныс аудару.

[2]‏صحيح البخاري، 1 - باب: في ترك الحيل، وأن لكل امرئ ما نوى في الأيمان وغيرها، الحديث رقم 6553

[3]«Әл-Муаттаа»

[4]«Тухфатул-Ахуази»

[5]«Тухфатул-Ахуази»

[6]«Ғаунул-мағбуд, шарху сунани Аби Дауд»

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға