Ақыреттегі шешім Хақ Тағаланың үлесінде!

Ақыреттегі шешім Хақ Тағаланың үлесінде!

Имам Ахмад (рохматул-лаһи ғаләйһи) айтады: «Бір сапарда болғанымда адамдарды тонауды кәсіп етіп жүрген бір адамды кездестірдім. Бір мешітке барғанымда сол қарақшының намаз оқып жатқанын байқап қалдым. Мен оған барып: «Сенің кәсібің Хақ Тағалаға ұнамайды. Соның себебінен Алла Тағала сенің ешбір амалыңды қабыл етпейді»,-дегенімде ол: «Уа, имам! Рас, Алла Тағала мен менің арамызда көптеген есік жабық. Бірақ соның бірі ашық болса болғаны»,-деп жауап берді.

Бір ай өтпестен мен қажылық парызын орындау үшін сапарға шықтым. Сонда тауаф барысында әлгі қарақшы Қағбаның жапқышына асылып тұрып: «Тәубе еттім! Мені жарылқай гөр! Осыдан соң саған қарсы күнә істемеймін»,-деп жатқанын көрдім.

Мен тәубесіне келіп жатқан ұры жайында ойланып өз-өзіме: «Бұл өзіне бір есікті ашық қалдырған екен, соның себебінен Алла Тағала оған барлық есігін ашыпты»,-дедім». 

Біз де күнделікті дәл осындай жағдаймен ұшырасып, біреулерге тым сын көзбен қарап жатамыз. Сондағысы – өзіміздің кемшілігіміз шаш-етектен. Біреулер тіпті: «Сен – тозақысың»,-деп біреудің ақыреттік пәтуасын шығарып жатады. Тура бір өзі жәннаттың төрінде отырғандай. Ал негізінде Ақыреттегі шешім Хақ Тағаланың үлесіндегі іс екенін ұмытпаған жөн!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға