Пенде кәлиманы айтса...

Пенде кәлиманы айтса...

عَن أبي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قالَ قالَ رَسُولُ الله صلى الله عليه وسلم: مَا قَالَ عَبْدٌ لاَ إلَهَ إِلاَّ اللهُ قَطٌّ مُخْلِصاً إِلاَّ فُتِحَتْ لَهُ أَبْوَابُ السَّمَاءِ حَتَّى تُفْضِيَ إِلَى الْعَرْشِ مَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ

«Пенде үлкен күнә істеуден сақтанған халде ықыласпен: «Лә иләһә илләл-лаһ»,-десе аспан есіктері оның сөзі аршыға жететіндей етіліп ашылады».

Хадистi Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят еттi.[1]

Түсініктеме: бұл хадис кәлиманың, яғни «лә иләһә илләл-лаһ» сөзін ықласпен айтудың артықшылығына меңзейді.

«Лә иләһә илләл-лаһ» – зікір, яғни құлшылықтың бір түрі. Аспан есіктері ашылуы құлшылықтың тез арада қабыл болуына меңзейді. Ал құлшылық лезде қабыл болудың бірден-бір шарты – үлкен күнә істеуден аулақ болу.

Имам Ат-Тойиби (рохматул-лаһи ғаләйһи) пенденің ықыласпен айтқан әрбір сөзі кідірместен, ол тіпті аршыдан да өтіп тікелей Хақ Тағалаға жететіні жайында айтқан.[2]

Негізі, үлкен күнәға қатысты хадистер баршылық. Мәселен, Имам Табарони Сәһл ибн Әби Хамсадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте жеті түрлі үлкен жайында айтылса, Имам Бухари және Имам Муслим Әбу Бәкрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте үлкен күнәға Хақ Тағалаға серік қосу, ата-ананы күйіндіріп жылату және жалған куәлік жатыстырылған.[3]

Жалпы, ғалымдар ауыр күнәнің анықтамасына қатысты түрлі пікір айтқан. Саләфтардың кейбірі бұл мәселеге қатысты: «Төрт нәрсенің ақиқаты беймәлім: Құранда «ортаңғы намаз» дегені, Қадыр түнінің нақты уақыты, жұма күні дұға-тілек болатын мезгілі мен ауыр күнәлардың анықтамасы»,-десе, Имам Әл-Хүл`уәни: «Мұсылмандардың арасында сорақы есептелген, Хақ Тағала мен діннің құрметін аяқ асты еткен амалдың барлығы ауыр күнәға жатады»,-деген.

Ислам шариғатында «саләф» деп көбінесе Исламның бастапқы дәуірінде өмір сүрген, мысалы сахабаларды және табиғиндер мен атбағат-табиғиндерді айтады.

Табиғин – сахабалармен (родиял-лаһу ғанһум) жүздескен мұсылмандар.

Атбағат-табиғин – табиғиндердің көзін көрген буын.

Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Хақ Тағала жазасына тозақ оты мен азабын немесе лағынетін уәде еткен күнәнің барлығы ауыр күнәға жатады».[4]

Имам Әбүл-Хасан Әл-Уахиди айтады: «Шариғат амалдарды сипаттап, бірін үлкен, екіншісін кіші күнәға жатқызумен қатар, кейбір күнәнің анықтамасын жасырын еткен. Мұның мәнісі: пендені күнә атаулының барлығынан дерлік сақтандыру».[5]

Ауыр күнәнің саны мәселесіне келер болсақ, Имам Ибн Хажәр Әл-Һәйсәми өзінің «Әз-Зауәжиру ған Иғтирафил-Кәбәир» атты еңбегінде үлкен күнәнің 240 түрі жайында айтқан. Сонымен қатар ғалымдар: «Ауыр күнә түрлері мен саны белгілі санмен шектелмейді»,-деген. Мәселен, Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) ауыр күнә саны жайында сұралғанда: «Ауыр күнәнің саны – жетпіс»,-десе, бір риуаятта жеті жүзге жуық делінген.[6] 



[1]تحفة الأحوذي للمباركفوري، 48 - أحاديث شتى من أبواب الدعوات، 2033 - باب دعاء أم سلمة، الحديث رقم 3730

[2]تحفة الأحوذي للمباركفوري، 48 - أحاديث شتى من أبواب الدعوات، 2033 - باب دعاء أم سلمة، الحديث رقم 3730

[3]زيادة الجامع الصغير

[4]صحيح مسلم بشرح النووي

[5]الأدب المفرد

[6]صحيح مسلم بشرح النووي

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға