Ғұмырың бекер өтсін демесең...

Ғұмырың бекер өтсін демесең...

Алла Тағала «Хашр» сүресінің 18-19 аяттарында былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَلْتَنظُرْ نَفْسٌ مَّا قَدَّمَتْ لِغَدٍ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ نَسُوا اللَّهَ فَأَنسَاهُمْ أَنفُسَهُمْ أُوْلَئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Алла Тағаладан қорқыңдар! Әрбір жан ертең үшін не әзірлегенін көрсін. Хақ Тағаладан қорқыңдар! Расында Алла Тағала не істеп жүргендеріңнен хабардар. Біреулер Алла Тағаланы ұмытты. Сондықтан Хақ Тағала да оларға өз-өздерін ұмыттырды. Міне, солар – пасықтар».

Әрбір жан ертең үшін не әзірлегенін көрсін – демек, бұл дүние бекер емес. Мына пәни – амал, сынақ және Ақыретке әзірлік ету орны. Хақ Тағаланың «Расында Алла Тағала не істеп жүргендеріңнен хабардар» дегені осыған ишара.

Бірақ біреулер мына жалғанға ұмытып «Алла Тағаланы ұмытты», яғни Жаратушы Иесіне құлшылық етуден бас тартты. Сондықтан «Хақ Тағала да оларға өз-өздерін ұмыттырды», яғни құлшылықтан, сауапты амалдан және Ақырет әзірлігінен мақұрым етті. Ал мұның нәтижесі неге алып келеді? Ақыретін ұмытып, жалған дүниені қуған нәпсі құлына айналып күнәға белшеңінен батады.

Ал енді «Ясин» сүресінің 12-ші аятында Жаратушы Ие былай деген:

إِنَّا نَحْنُ نُحْيِي الْمَوْتَى وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا وَآثَارَهُمْ وَكُلَّ شَيْءٍ أحْصَيْنَاهُ فِي إِمَامٍ مُبِينٍ

«Рас, біз өлілерді тірілтеміз әрі олардың ілгеріде істеген және кейінге қалдырғанын жазып қоямыз. Біз барлық нәрсені анық бір кітапта түгендеп қойғамыз».

Яғни: Қияметте Алла Тағала барша жаратылғанды есеп-қисап үшін қайта тірілтеді. Сол мақсатта Хақ Тағала пенденің не істегенін тағдыр тақтасында жазып қойған – өлгенге дейін істегенін және кейінге мирас етіп қалдырғанын.

Сондықтан, құрметті халайық, мына пәниге алданбайық! Ғұмырымызды бекер өткізбейік! Құлшылықты ұмыт етіп пасық болмайық!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға