Әр нәрсенің сәт-мезеті бар!

Әр нәрсенің сәт-мезеті бар!

Бірде Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметтің жетпіс мыңы жәннатқа есеп-қисапсыз кіретіні жайында айтқанда Ғукәша (родиял-лаһу ғанһу): «Мен солардың қатарында болуымды тілеңізші!»,-деп өтінеді. Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Сен солардансың»,-дейді. Сол сәтте тағы біреу: «Мен де солардан болуымды тілеңізші!»,-деп өтінгенде Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ғукәша сонен озып кетті»,-деп жауап береді. (Бухари, Муслим)

Қараңыз! Пәни мен жәннатты, есеп-қисап пен жәннаты болуды бөліп тұрған бір ғана сәт. Ол – Ғукәшаның (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Мен солардың қатарында болуымды тілеңізші!»,-деп өтіну мезеті. Ғукәша (родиял-лаһу ғанһу) сол сәтке дөп түсіп, серігі кешігіп қалды.

Ғибрат! Ақырет ісінің бәрі осы тәрізді. Бір ғана мезет, қас қағым сәт!

Дәлел керек пе?!

Жәннаттың бір дәрежесінен екінші дәрежесіне көтерілудің арасы бір ғана сәт – бір аят оқысаңыз болғаны. Мысалы, «сод» немесе «ясин» деп! Болмаса жәннат дәрежелерінің арасы – 500 мыңдық жол. Ал қашықтықты пенде бір аят берекетімен бір сәтте өте шығады.

Бір көшет отырғызу үшін қанша уақыт керек? Ал жәннат көшеті – зікір, яғни тасбих, тәһлил және тәкбир. Пенде бір сәтте «субханал-лаһ», «әл-хамду лил-ләһ», «Аллаһу әкбар» десе болғаны лезде жәннатта соның көшеті пайда болады.

Қиямет мерзімі – 50 мың жыл. Бұл аз ба, көп пе? Нәпсіге еру себебінен Ақыретті ұмытқан және құлшылыққа немқұрайлы қараған адам үшін 50 мың жыл 50 мың жылдай көрінеді. Ал Хақ Тағаланың ықыласты пенделері үшін сол 50 мың жыл бір күн, бір сағат, бір мезет, тіпті ондай да болмайды. Бар мәселе – имандылық пен құлшылықтағы ыждағаттылықта әрі дүние уақытын Ақырет үшін барынша пайдалы қолдануда.

Алла Тағала баршамызға Ғукәша (родиял-лаһу ғанһу) тәрізді жәннатқа есеп-қисапсыз кіруімізді нәсіп еткей! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға