Адамдардың жақсысы

Адамдардың жақсысы

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деді:

خير الناس من طال عمره وحسن عمله، وشر الناس من طال عمره وساء عمله

«Адамдардың жақсысы – ғұмыры ұзақ болып, амалы қайырлы болғаны. Адамдардың жаманы – ғұмыры ұзақ болып, амалы жаман болғаны». (Тирмизи)

Бірақ біздің өлшем басқаша! Кім ұзақ өмір сүргісі келмейді дейсің?! Сондықтан өзімізге әрі өзгеге ұзақ өмір тілеп жататынымыз бар. Бірақ біздің өлшеміміз жыл санымен шектеліп, одан ары өтпей қалған. Ары кетсе ұзақ ғұмырға бақытты қосып жатамыз. Бірақ сол «бақыт» дегенді өзгеше түсінеміз. Яғни, «бақыт» деп мол ризық-несібе, перзент сүю, немере-шөбере көру деп түсініп жатамыз. Рас! Осының бәрі бақытты өмір нышандары. Алайда... Алайда көп жағдайда осыған қосымша «иман» деген ұғымды естен шығарып қоямыз. Мысал ретінде айтар болсақ, қызымыз күйеуге шықса болды. Ал ол кімге күйеуге шығып жатыр? Құдамыз мұсылман ба, мұсылман емес пе, онымен жұмысымыз жоқ. Тағы біріміз парамен үй салып, көлік алып жатамыз әрі осыны да бақытқа жатқызамыз?!

Осының бәрі өлшем дұрыс болмаудан. Өлшем дұрыс болса бақыт жыл және дәулет санымен емес, ең басты мәселеде иманмен өлшенер еді. Бұған мына хадис дәлел! Байқасаңыздар адамдардың жақсысы құр көп өмір сүргені емес, соған қосымша амалы қайырлы, яғни Ақырерт үшін пайдалы болғаны.

Не үшін Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ұзақ ғұмырмен қатар жақсы амал жайында айтты. Себебі өмір сүрудің бастапқы мақсаты – қайырлы Ақыретке қол жеткізу. Ал Ақыретіміз тек мол сауаппен қайырлы болмақ. Ал сауап мол болу үшін пенде ұзақ өмір сүріп, соған сай мол игі амал істеуі тиіс. Сонымен қатар амалмен қатар иман, яғни «Хақ Тағаланың разылығы үшін» деген ниет болу керек.

«Жаман адам» мәселесіне келер болсақ, уақыт – мал-дүниенің құндысы. Саудагер ұтысқа қол жеткізу үшін бірінші мәселеде уақытқа мұқтаж. Яғни, саудагердің саудаға салған ақшасы қайтып, пайда беру үшін уақыт қажет. Хадиске қарар болсақ «жаман адам» уақыты бола тұрып, сол уақытты ұтымды пайдалана алмаған саудагер тәрізді.

Алла Тағала ғұмырымыз ұзақ болып, амалымыз соған сай қайырды болуын нәсіп етсін! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға