Мұсылман әйелдің ең үлкен дәулеті!

Мұсылман әйелдің ең үлкен дәулеті!

فَجَاءَتْهُ إِحْدَاهُمَا تَمْشِي عَلَى اسْتِحْيَاء

«Сонда екі бойжеткеннің бірі ұялған күйде...». («Қасас», 25 аят)

Бұл аятта Мұса пайғамбардың ғ.с. оқиғасы баян етіліп жатыр. Ол Мысырдан Мадйян еліне келіп, бір суаттың маңындағы талдың көлеңкесінде тынығып отырған кезде адамдар сауытқа малдарып айдап келіп жатады. Қараса, бір шетте екі бойжеткен малдарын үйіріп тұр. Сонда ол екі бойжеткен бөтен еркектермен араласуын қаламай тұрғанын байқаған Мұса ғ.с. олардың малын суарып береді.

Екі бойжеткен әкелеріне болған жағдайды айтып береді. Олардың әкелері Шуғайб ғ.с. пайғамбар еді. Мұсаның ғ.с. ісіне разы болған Шуғайб ғ.с. оны үйіне шақырады, ал Мұсаға ғ.с. әкесінің сәлемдемесін жеткізіп келген Шуғайбтың ғ.с. қызы болса «ұялған күйде» жүзін көйлегінің жеңімен жауып тұрады.

Бұл жердегі мәселе – Шуғайп пайғамбардың ғ.с. қызы инабаттылығында. Өйткені ұяттылық пен арлылық – әйелзаттың басты байлығы, құрметі мен абыройы.

Алайда... Алайда бүгінгі күні қанша ма адам бар әйелдің инабаттылығын артта қалушылық, қараңғылық деп білетін?! Қанша ма адам бар әйелзаттың әсемділігін бетке жағылған бояумен байланыстыратын?! Қанша ма адам бар еркектермен қоян-қолтық араласуды жетістік деп білген?! Тіпті «ашық-шашық, жалаңаш жүргенім күйеуге шығуыма септігін тигізеді» дегендер де аз емес! Бірақ олар мына ақиқатты түсінбейді – Шуғайб пайғамбардың ғ.с. қызы инабатты бола білді, соның құрметіне Хақ Тағала оған Мұсадай ғ.с. пайғамбар күйеуді нәсіп етті.

Мұса ғ.с. үшін инабатты, арлы әрі абыройлы бойжеткенді әйелдікке алудың құны қандай болды? Оны бәріміз білеміз. Білмейтіндер болса, айтайық – сол қызға үйлену үшін Мұса ғ.с. Шуғайбқа ғ.с. он жыл қызмет етуі тиіс еді. Яғни, қыздың мәһірі (қалың малы) – он жыл еңбек болды.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм):

الحياء لا يأتي إلا بالخير

«Ұяттылық тек жақсылық алып келеді»,-деген болатын. (Бухари) Осыған сай Алла Тағала Шуғайбтың ғ.с. қызына пайғамбармен тұрмыс құру бағын нәсіп етті.

Хақ Тағала барша бойжеткенге инабаттылық, ұяттылық пен арлылықты нәсіп етсін! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға