Кәлима деген не?

Кәлима деген не?

Кәлима – тіршіліктің мәнісі, мұсылмандықтың бастапқы қадамы, жәннаттың кілті. Біреу дүниеде ең дәулетті болып, ең жоғары мансапты иеленсе, тағы біреу ешбір ауырмастан 100 жыл жасап, ең жоғары марапат пен атаққа қол жеткізуі әбден мүмкін. Алайда... өмірінің ең соңғы сәтінде қысқа ғана «лә иләһә илләл-лаһ» сөзін айта алмастан о дүниеге «Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ» деген сенімсіз аттанады. Сонда оның дәулетті және атақты болғанынан не пайда?! Осының өзі имандылықтың маңыздылығына меңземей ме?

Тозақтан қалай құтыламыз? Міне, әрбір саналы мұсылманды толғандырар басты мәселе осы болмақ!

Имам Ахмад (рохматул-лаһи ғаләйһи) Осман ибн Аффаннан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дүниеден өткен кездегі сахабалардың (родиял-лаһу ғанһум) ахуалы баяндалған. Осман (родиял-лаһу ғанһу) терең ойға шомып отырған болатын. Жанына Омар (родиял-лаһу ғанһу) келіп сәлемдеседі. Алайда, Осман (родиял-лаһу ғанһу) оған жауап бермейді. Осыдан соң Омар (родиял-лаһу ғанһу) Әбу Бәкрге (родиял-лаһу ғанһу) барып болған жағдайды айтып береді. Ол екеуі Османға (родиял-лаһу ғанһу) келіп сәлемдеседі де Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу) Османнан (родиял-лаһу ғанһу): «Бауырың Омар сенімен сәлемдескенде оған жауап қайтармапсың. Неге олай еттің?»,-деп сұрады.

- Жоқ, мен олай етпедім.

Сонда Омар (родиял-лаһу ғанһу): «Құдай ақы! Сен солай еттің»,-деді.

- Алламен ант етемін! Сен жанымнан өткеніңді және менімен сәлемдескеніңді байқамадым.

Сонда Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу): «Осман шын айтты. Уа, Осман, сені бір нәрсе ойландырған ғой, сірә»,-деді.

- Иә.

- Ол не нәрсе?

-  Біз Нәбиден (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тозақтан қалай құтылуға болатынын сұрап алудан бұрын Алла Тағала оны опат етті.

- Ол жайында мен сұрап білдім.

Мұны естіген Осман (родиял-лаһу ғанһу) лезде орнынан тұрып: «Ата-анам сіз үшін пида болсын! Расында, сіз соған лайықсыз»,-деді.

- Мен: «Уа, Расулуллаһ! Біз тозақтан қалай құтыламыз?»,-деп сұрағанымда ол: «Мен әке жағымнан болған туысыма бір сөзді ұсынғанымда, ол оны қабыл етпеді. Кім сол сөзді қабыл етсе, сол сөз ол үшін тозақтан құтылу болады»,-деп жауап берді».

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға