Иман деген не?

Иман деген не?

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады:

عن ابن عباس رضي الله عنهما قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: الإِيمَانُ أَنْ تُؤْمِنَ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَالْمَلاَئِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَالْمَوْتِ وَالْحَيَاةِ بَعْدَ الْمَوْتِ وَتُؤْمِنَ بِالْجَنَّةِ وَالنَّارِ وَالْحِسَابِ وَالْمِيزَانِ وَتُؤْمِنَ بِالْقَدَرِ كُلِّهِ خَيْرِهِ وَشَرِّهِ

«Иман дегенiмiз сен Алла Тағалаға, Қиямет күнiне, перiштелерге, Кiтапқа, пайғамбарларға, өлетiнiңе, өлгеннен кейiн қайта тiрiлетiнiңе, жәннат, тозақ, сұрақ-жауап пен амалдар өлшенетiн таразының бар екенiне сенуiң. Жақсылық пен жамандықтың тағдыры белгiленуi Алла Тағаладан деп бiлуiң».

Хадистi Ибн Аббастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад риуаят еттi.[1]

Иман – сенім, наным.

Мұсылман адам бірінші мәселеде Хақ Тағаланың барлығына және Оның жалғыздығына шәксіз сенеді.

Қиямет (Ақырет) күні - адамдар қайта тіріліп, мына фәни дүниедеістеген амалдары үшін Алла Тағалаға жауап беретін күн. Ол күні Алла Тағаланың жарылқауына лайық болғандар жәннаты, азабына лайық болғандар тозақы болады.

Құранда Ақырет күніне сену талабы Алла Тағалаға иман келтіру әмірімен қатар келген. Сонымен қатар Жаратушы Ие көп нәрсенің болуына Қиямет күнімен ант етеді. Осының барлығы Қиямет күніне иман келтірудің маңыздылығына нұсқайды.

Мұсылман Құран Кәрим мен хадистің негізінде періште деген нұрдан жаратылған жаратылыс бар деп біледі. Періштелер Адамнан (ғаләйһис-саләм) бұрын, нұрдан жаратылған.[2] Олар жеп-ішпейді, ұйықтамайды. Олардың ер-әйелі болмайды. Олардың бойында адам баласындағыдай шәһуат (жыныстық қатынасқа деген әуестік, құштарлық) жоқ.

Періштелер Алла Тағаланың әміріне қарсы келмейді, қателеспейді, күнә істемейді.[3]

Періштелердің санын жалғыз Алла Тағала ғана біледі.[4]

Періштелер адамның амалын жазыуына қатысты түрлі пікір қалыптасқан. Соның бірі – адамның оң жағында періште, сол жағында лағынетті шайтан болады деген пікір. Періште адамды жақсылыққа тартса, шайтан жамандыққа тартады-мыс. Бұл пікір мүлдем қате. Адамның екі иық тарапында екі періштелер болады. Олардың міндеті: адамның жақсы-жаман амалдарын жазу. Оң жақтағы періште жақсы амалды, ал сол жақтағы періште жаман амалды жазады. Бұл періштелерден адам баласына келіп-кетер зиян жоқ. Өйткені олардың міндеті адамның жақсы-жаман амалын жазумен шектеледі.

Пайғамбарлардың міндеті – өз үмметіне Алла Тағаланың бұйрықтарын жеткізу.

Пайғамбарлар Хақ Тағаланың қалауымен қарапайым адамның қолынан келмейтін істерді істеумен ерекшеленеді. Ол «муғжиза» деп аталады. Муғжиза – олар Жаратушы Иенің ақиқи пайғамбар екеніне айқын дәлел.

Пайғамбарлар «мұсылманның» немесе «кәпірдің» пайғамбары болып бөлінбейді. Себебі, ешкім өздігінен пайғамбар бола алмайды.

Пайғамбар – Алла Тағаланың өкілі. Ал бұл өкілдікке Хақ Тағаланың өзі тағайындамаса, ешкім өздігінен Алла Тағаланың елшісі бола алмайды.

Мұсылман адам жәннат, тозақ, сұрақ-жауап, амалдар таразысы хақ деп біледі.

Тағдырға иман келтіру – иманның шарты және Ислам нанымының маңызды негіздерінің бірі. Тағдыр – Хақ Тағаланың белгілеген жүйе-қағидасы, өлшемі.[5]

Пенде дүниеге келместен бұрын ол мұсылман немесе кәпір болатыны, оның ризық-несібесі, өмір сүру мерзімі мен өлім сәті алдын ала Ләухүл-Махфузға жазып қойған.[6] Мұсылман осыған шын жүректен сенеді.



[1]‏مجمع الزوائد للحافظ الهيثمي، 1 - كتاب الإيمان، 7 - أبواب في أصول الدين، 3 - أبواب في فرائض الإسلام، 2 - باب منه، الحديث رقم 112

[2]«Бақара» сүресі, 30 аят.

[3]«Ағраф» сүресі, 206 аят.

[4]«Мүддәссир» сүресі, 31 аят.

[5]«Рағд» сүресі, 8 аят.

[6] «Хаж» сүресі, 70 аят.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға