Иманның тартымдылығы неде?

Иманның тартымдылығы неде?

عن أنس عن النبي صلى الله عليه وسلم قال: ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حِلاَوَةَ الإِيمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللهُ وَرَسُولُهُ أَحَبُّ إِلَيْهِ مِمَّا سِوَاهُمَا وَأَنْ يُحِبَّ الْمَرْءَ لاَ يُحْبُّهُ إِلاَّ للهِ وَأَنْ يَكْرَهَ أَنْ يَعُودَ فِي الْكُفْرِ كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ فِي النَّارِ

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Бойында мына үш нәрсе болған адам иманның тартымдылығын сезiнедi. Ол: Алла Тағала мен Оның елшісін барлық нәрседен артық жақсы көру. Бiреудi тек Алла Тағаланың разылығы үшiн жақсы көру. Қайта күпiрлiкке түсуді отқа тасталуын қаламағанындай қаламау».

Хадистi Әнастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят еттi.[1]

Жүрекке иман ұялағаннан кейін пенде имандылықтың тартымдылығын сезіне бастайды. Осы себептен ғалымдар «иманның тартымдылығын сезінуді» – Алла Тағалаға бойсұну және дін үшін түрлі машақатқа шыдап берудің ләзаттын сезіну деп түсіндірген.[2]

Алла Тағаланы және Оның елшісін жақсы көру:

- пәнилікті емес, бәлкім Ақыретті, Ақырет сауабын қалау.

- Алла Тағалаға бойсұну және Оның әмірлеріне қарсы келмеу. Пайғамбарды (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жақсы көру де солай.[3]

- жүрек Раббы разы болған нәрсені қабыл етуі, Алла Тағала жақсы көргенді жақсы көріп, жеккөргенін жеккөру.[4]

- Алла Тағала мен пайғамбардың үкімін өзге талаптан үстем қою.

Әл-Қади (рохматул-лаһи ғаләйһи) айтады: «Махаббат – нәпсі бір нәрсені оның кемелдігі үшін қалауы. Пенде ақиқат кемелдік тек Алла Тағалаға тән, өзіндегі әрі өзгедегі кемелдік – Хақ Тағаланың бергені және Оның иелігіндегі нәрсе екенін білгеннен кейін тек Алла Тағала үшін жақсы көре бастайды. Міне, осы жағдай оның бойында Алла Тағалаға бойсұну сезімін пайда етеді. Осы себептен «Алла Тағаланы жақсы көру – Хақ Тағалаға бойсұну және Оның елшісіне еру» деп айтылады».[5]

Алла Тағаланың разылығы үшiн жақсы көру– яғни, достықтан дүниені мақсат етпеу.[6] Жалпы, мұсылманның әрбір амалы, тіпті сезімінің өзі Хақ Тағаланың разылығымен байланысты болуы тиіс. Мысалы, ата-анасын жақсы көрсе тек олар ата-анасы болғаны үшін емес, бәлкім ата-ананы құрметтеу Хақ Тағаланың әмірі болғаны үшін жақсы көреді. Ал ата-ананы құрметтеу – оларды жақсы көрудің бір үлгісі.

Пенде иманға келуі – Хақ Тағала оны Ислам арқылы тозақтан құтқаруын қалағанның белгісі. Иманға келгеннен кейін пенденің көзқарасы мен түсінігі күрт өзгереді. Бұрын бағалаған нәрселер құнсызданып, өзге өлшем пайда болады. Намаз оқып, ораза ұстай бастағаннан соң біреулердің түнгі ойын-сауық клубтан, арақ-шарап, құмар ойын, некесіз жүрістен бас тартатыны осы себептен. Мұндай пенденің күнделікті құлшылығы күннен-күнге оның көкірек көзін оятып, нәтижеде ол тек шариғат бұйырған нәрселерді бағалай бастайды. Соңында бірте-бірте тұрақталған иманы оған күпірлікті және онымен байланысты ұятсыз және арсыз нәрсенің бәрін жеккөрінішті етіп көрсетеді. Нәтижеде иманды пенде Қияметтегі жарқын болашағын күпірлік түнегі мен тозақ азабына тең көрмейді.



[1]‏صحيح البخاري، 8 - باب: حلاوة الإيمان، الحديث رقم 16

[2]‏صحيح البخاري

[3]‏تحفة الأحوذي

[4]‏صحيح مسلم بشرح النووي

[5]فيض القدير، شرح الجامع الصغير

[6]‏صحيح البخاري

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға