Ораза – Исламдағы бес парыздың бірі

قال رسولُ الله صلَّى الله عليه وسلم: بُنِيَ الإِسْلاَمُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ الله وَأَنَّ مُحَمَّداً عَبْدُهُ رَسُولهُ، وِإِقَامِ الصَّلاَةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَحَجِّ الْبَيْتِ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ
Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Ислам бес нәрсеге құрылған:
- «Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мухаммад с.ғ.с. Оның құлы, әрi Елшiсi»-деп куәлiк ету;
- Намаз оқу;
- Зекет беру;
- Қажылыққа бару;
- Рамазан айында ораза ұстау».
Хадистi Ибн Омардан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари риуаят еттi.[1]
Түсініктеме: Исламды ғимарат ретінде бейнелейтін болсақ, бұл хадисте зікір етілген бес амал сол ғимараттың діңгегі тәрізді. Оның бірі болмаса, ғимарат күйреп қалады.[2] Исламды түсіндіру мақсатында Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осындай бейнелі мысалға жүгінді.[3]
Исламда құлшылық үш түрлі жолмен орындалады: денемен, малмен, дене және малмен.
Дене құлшылығы: кәлиманы айту, намаз оқу, ораза ұстау т.с.с.;
Малмен орындалатын құлшылық: зекет, садақа беру;
Дене және малмен орындалатын құлшылық: қажылық.[4]
Көріп тұрғанымыздай, бұл хадис дінімізді бейнелейтін екі мәселені баяндап тұр. Бір жағынан: Исламда құлшылықты орындау жолын баян етсе, екінші жағынан: Исламның негізін құрайтын бес түрлі парызды көрсетіп тұр. Ол:
- иман;
- намаз;
- зекет;
- қажылық;
- және ораза.
Сөз соңы ретінде айтарымыз: дінімізде «парыз» деп белгіленген құлшылықтың парыздығын жоққа шығару – ауыр күнә. Тіпті, парыздың парыздығын саналы түрде жоққа шығарған адам діннен шығады. Сондықтан парыздың маңыздылығына немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл: «Әй, қойшы соны! Айта береді. Жүр ғой анау қаншама адам ораза ұстамай-ақ»,-дейтіндерге қатысты. Болмаса, ораза – парыз, парыз – мойындағы қарыз! Олар бұл сөзді білімсіздіктен, түсінбей айтып тұр деп үміттенуден өзге ылажымыз жоқ!