Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Рамазан оразасына қатысты қатаң ескерту

Рамазан оразасына қатысты қатаң ескерту

Жәбир (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мінберге шығып бара жатып: «Әмин! Әмин! Әмин!»,-деді. Кейін былай деді: «Маған Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) келіп былай деді: «Уа, Мұхаммед! Ата-анасының бірі қартайған шағына жетіп, кейін өлгеннен соң тозаққа кірген пендені Алла Тағала рахметінен мақұрым етсін. Осыған: «Әмин»,-де!» Мен: «Әмин»,-дедім. Кейін Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) былай деді: «Уа, Мұхаммед! Рамазан айына жете тұрып күнәсі кешірілмеген күйде өліп, кейін тозаққа кірген пендені Алла Тағала рахметінен мақұрым етсін. Осыған: «Әмин»,-де!» Мен: «Әмин»,-дедім. Кейін Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) былай деді: «Жанында сен жайында айтылып тұрғанда саған салауат айтпаған, кейін өлгеннен соң тозаққа кірген пендені Алла Тағала рахметінен мақұрым етсін. Осыған: «Әмин»,-де!» Мен: «Әмин»,-дедім».

Хадистi Жәбирден (родиял-лаһу ғанһу) Имам Табарони риуаят еттi.[1]

Түсініктеме: ата-ана – жәннаттың есігі. Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқанындай «әке – жәннаттың ортаңғы есігі» және «жәннат – аналардың аяғының астында». Ата-анасын құрметтеген, қартайған шағында оларға қамқорлық еткен пенде жәннаты болары сөзсіз. Керісінше, қартайған ата-анасына қамқорлық етпеген, өзінің ата-анасына қатысты перзенттік міндетін атқармай кеткен пенде тозақы болуы әбден мүмкін. Бұл хадисте осы жайында айтылған!

Ораза мәселесіне келер болсақ, бір өткен Рамазан қайта оралады деп ойлама! Отыз күн ауыз бекіту, намаз оқу, пітір садақасын беру мүмкіндігі қайта беріледі деме! Тіл мен көзді, он екі мүшені арамнан сақтаудың сауабы қайта нәсіп болады деп үміттенбе! Бір өткен Рамазан қайта оралмайды. Демек, әрбір Рамазан, биылғы Рамазан – сен үшін сауапқа кенелудің бірден-бір мүмкіндігі. Сауапқа ұмтылмасаң, яғни ораза ұстап, намаз оқып, игі амал істемесең, Құдай сақтасын, күнәға батасың. Рамазанмен күнәң кешірілмеген күйде қош айтысасың. Нәтижеде Хақ Тағаланың рахметінен мақұрым қаласың. Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) бізді осыдан сақтандырып тұр!

Салауат міселесіне келер болсақ, мұсылман Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жайында естіген жағдайда оған салауат айтады.

Салауат – жақсылық тілеу.

Ал салауат айтпаса онда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқанындай «сараңның сараңы болады». Осының өзі пенденің Хақ Тағаланың рахметінен мақұрым қалуына себеп болуы әбден мүмкін!



[1]‏كنز العمال للمتقي الهندي، الأم، الحديث رقم 45448

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014