Ұлттық оқиғаларды біле жүрейік!

Ұлттық оқиғаларды біле жүрейік!

Көбіміз көрмеген не ұмытып бара жатқан ұлттық атаулар мен тұрмыстық оқиғаларды біле жүрейік: Көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын көптеген өңірлердегі малшылар алғашқы қардың ызғарымен күзектен көшіп қыстаулыққа беттеді. Шөбі шүйгін жайлаудың малы қоңлы, қойы семіз, қошқары өз міндетін бұлжытпай орындауға сақадай-сай...

Алайда, малшылар саулықтардың беймезгіл сәтте «арамза» төлдеуіне жол бермеу үшін еркек қозыны ерте көктемде пішіп, ең мықты қошқарды күйітті шағынан тиып күйек тағады. Бүгін соңғы күнін өткізіп жатқан «қыркүйек» сөзі - «қырда күйек алынатын кез» болмасына кім кепіл?

Кей өңірде қыркүйектің соңына немесе қазан айының басына күйек алынып, қошқарға еркіндік беріледі. Осы сәтте келер көктемгі төлдің көп болуын тілеп жасадатын ырымдар мен ұстанымдар да бар. Қысқасы, бұл әр қазақтың біле жүруіне тиісті қарапайым ақпар.

Дегенмен, өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап шығыстағы көршіміз адамдардың да перзентті болуын тежеп, шектеу саясатын жолға қойды, өйтпеске амал жоқ, жер өспейді, адам өседі. Шығыс еріктен тыс жағдайда ұрпақ көбейтуді тежеп жатқанда, батыс өз еркімен балалы болудан бас тартатындардың артуымен ерекшеленді. Ал осы ғасырдың басынан бастап шығыс көршіміз халық санын ғана емес, мал басын да көбейтпей, шекті деңгейде ұстау талабын қойып, арнайы саясат түзіп атқарып отыр. Себебі, көп мал өсіруге жер жетпейді. Демек, күйек тағылған «тәртіпті» қошқар жыл сайын азая түспек. Қысқасы, жер шарында ерікті азаю мен еріктен тыс көбею жүріп жатыр. Тағы бір қызығы, кең байтақ Қазақияда мал өсіруге ниеттілер анау айтқандай көп емес болса да, шекараның арғы бетінде өсірем дейтіндерге жер мен рұқсат және мүмкіндік жоқ. Қарама-қайшылыққа толы дөңгеленген дүние деген осы шығар...

Жарқын Сәленұлы

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға