«Әнбия» сүресі 37-ші аятының тафсиры

«Әнбия» сүресі 37-ші аятының тафсиры

Алла Тағала айтады:

خُلِقَ الْإِنسَانُ مِنْ عَجَلٍ

«Адам баласы асыққыш болып жаратылған».

Алла Тағаланың бұл сөзін «Рум» сүресінің 54-ші аятында айтылғанмен салыстырса болады. Хақ Тағала айтады:

اللَّهُ الَّذِي خَلَقَكُمْ مِنْ ضَعْفٍ

«Сендерді әлсіз етіп жаратқан Алла Тағала».

Негізі, бұл аяттардағы «مِنْ عَجَلٍ» және «مِنْ ضَعْفٍ» сөздері түпнегізінде «асығыстықтан» және «әлсіздіктен» деген мағынаны білдіреді. Бірақ ұғымы: «асыққыш» және «әлсіз». Мұның мәнісіне қатысты имам Әз-Зәжжәж былай деген: «Әдетте арабтар адамның бойындағы басым қасиетіне қарап «бұл осыдан жаратылған» дейді». Мәселен, ойынды жақсы көргенді «сен ойыннан жаратылғасың», қалжыңқой адамды «сен қалжыңнан жаратылғасың» дегеніндей. Осылайша арабтар адам бойындағы басым сипаттамасына нұсқайды.

Ал енді «Адам баласы асыққыш болып жаратылған» аяттың тафсиріне келер болсақ, имам Байдауи (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Адам баласы өзі қалаған нәрсесінің бәріне тез арада қол жеткізуге тырысады әрі оның соңы не болатынын ойламайды. Сонымен қатар бұл сөз Адамға (ғаләйһис-саләм) қатысты деген де сөз бар. Өйткені ол бойына басынан төмен қарай енген рухы (жаны) кіндігіне жеткен уақытта қозғалуға әрекет етті де сол сәтте-ақ құлап түсті». (Тафсир Байдауи)

Салман Фариси мен Абдуллаһ ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһума) айтады: «Бұл аятта Адам (ғаләйһис-саләм) жайында айтылған. Ол рухы екі аяғына жетпестен-ақ тұруға тырысты. Оның жаны бойына басынан ене бастады. Сонда рухы миіна жеткен сәтте Адам (ғаләйһис-саләм) түшкіріп: «Әл-хамду лилләһ»,-деді. Хақ Тағала оған: «Уа, Адам! Раббың сені жарылқасын!»,-деп жауап берді. Рухы көзге жеткенде Адам (ғаләйһис-саләм) екі көзін ашты. Сонан соң жаны денесіне тарай бастағанда Адам (ғаләйһис-саләм) оған қарап таңдана бастады. Адам (ғаләйһис-саләм) тұруды рухы аяғына жетуден бұрын ұғынды. Алайда, жаны аяғына жетпей себебінен өзінше тұруға дәрмесіз болды. Сол сәтте ол: «Уа, Раббым! Түн болмай тұрып жанымды бүкіл денеме ендір»,-деді». (Тафсир Ибн Кәсир)

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға