Жұбайыңа қиянат етпе!

Жұбайыңа қиянат етпе!

Баяғыда жасы 70-тен асса да келбеті қырықтағы жігіт секілді бір қария болған екен. Біреулер мұның сырын білу үшін әлгі кісінің үйіне арнайы іздеп барыпты. Үй иесі «Келіңдер, алдымен ауқаттанып алайық. Сосын әңгімеге көшерміз», - деп қонақтарды дастарқанға шақырады.

Тамақтан кейін қария бәйбішесін қарбыз алып келуге жұмсайды. Әжеміз қоймадан барып бір қарбыз алып келеді. Қария қарбызды ұнатпай, «Көріп тұрсың ғой. Үйде қонақтарымыз бар. Бұдан да жақсысын әкел!» - дейді. Әйелі ләм деместен, басқа біреуін алып келеді. Қария оны да ұнатпай, тағы қайтарып жібереді. Келесі әкелгенін де жақтыртпай, қонақтарға «Жүріңіздер өзіміз барып таңдап алайық», - деп, бәрі бірге қоймаған келеді.

Қойманы көздерімен көрген қонақтар, әжейдің қайта-қайта әкеліп жүргені бір ғана қарбыз екенін түсінеді. Қария оларға қарап, «Жасы келсе де қартаймаудың сырына енді көздерің жетті ме?!» - деп сұрайды. Қонақтар «Әлі де ақылымыз жетпей тұр», - деп бастарын сипайды.

Сонда қария былай дейді: «Көріп тұрғандарыңдай қарбыз біреу ғана. Алайда, әйелім менің көңілімді қалдырмау үшін «Басқа жоқ қой», - демей, әр жолында басқа қарбыз әкелгендей болып жүрді. Мен мұны біліп тұрсам да оны ренжітіп алам ба деп үндемедім. Ол мені ешқашан ренжіткен емес. Мен де ешқашан оны ренжітетін сөз айтқан жоқпын. Жас қалуымыздың себебі осы деп ойлаймын».

Ақылды ерлі-зайыптылар бір-бірін ренжітпейді. Өмірлік жарының көңілін қалдыру, ренжіту ақымақ адамның ісі. Мінезі жаман, залым адамның жұбайы үнемі уайым-қайғы мен реніштен арылмағандықтан жүйке ауруларына шалдығуы бек мүмкін. Жүйке бұзылса басқа да дерттер пайда болады.

Ал, жұбайы ауру адамның өмірінен береке кетері анық. Жарының қызметі мен жәрдемінен мақұрым қалуы өз алдына, оны емдетем деп әуреге түседі. Бұрын үйреніспеген жұмыстарды өзі істеуіне тура келеді. Осылайша, бітпейтін қиыншылықтар мен қасіреттерге өзінің жаман мінезі себеп болады. Қанша өкінсе де пайда жоқ.

Сол үшін, құрметті жолдастар жұбайымызға жасайтын қандай да бір қиянат пен зиянның зардабы өзімізге де тиетінін есімізден шығармауымыз тиіс. Оған үнемі күлімдеп қарап, жылы сөзімізді аямауымыз керек. Бұл қолымыздан келсе, өміріміз мәнді де сәнді болары сөзсіз.

Kuanysh Serik

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға