Ғузайр қыссасы

Ғузайр қыссасы

Ғузайр қыссасы Құранның екі сүресінде баян етілген: «Бақара» сүресінің 259-шы аятында және «Тәуба» сүресінің 30-31 аяттарында.

Хақ Тағала айтады:

أَوْ كَالَّذِي مَرَّ عَلَى قَرْيَةٍ وَهِيَ خَاوِيَةٌ عَلَى عُرُوشِهَا قَالَ أَنَّى يُحْيِي هَذِهِ اللَّهُ بَعْدَ مَوْتِهَا فَأَمَاتَهُ اللَّهُ مِئَةَ عَامٍ ثُمَّ بَعَثَهُ قَالَ كَمْ لَبِثْتَ قَالَ لَبِثْتُ يَوْمًا أَوْ بَعْضَ يَوْمٍ قَالَ بَلْ لَبِثْتَ مِئَةَ عَامٍ فَانْظُرْ إِلَى طَعَامِكَ وَشَرَابِكَ لَمْ يَتَسَنَّهْ وَانْظُرْ إِلَى حِمَارِكَ وَلِنَجْعَلَكَ آَيَةً لِلنَّاسِ وَانْظُرْ إِلَى الْعِظَامِ كَيْفَ نُنْشِزُهَا ثُمَّ نَكْسُوهَا لَحْمًا فَلَمَّا تَبَيَّنَ لَهُ قَالَ أَعْلَمُ أَنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

«Немесе қабырғалары төбесіне құлаған бір кенттен өткенді көрмедің бе? Бұл Ғузайр: «Алла Тағалабұны өлгеннен кейін қайтып тірілтеді?»,-деді. Алла Тағала оны жүз жыл өлтіріп, соң тірілтіп: «Қанша жаттың?»,-деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлігін» деді. Алла Тағала: «Олай емес! Жүз жыл жансыз жаттың. Ал, енді тамағың мен сусыныңа қара! Өзгермеген. Ал енді есегіңе қара! Адамдарға үлгі болсын деп сені осылай еттік. Ал енді сүйектерге қара! Оны қайтып жинап, сонан соң оған ет кидіреміз»,-деді. (Ғузайр шіріген сүйектердің құдыретше құралып, ет бітіп, жанданып түрегелгенін көрді.) Бұл жағдайлар оған ашықша білінгенде: «Сөзсіз, Алла Тағала барлық нәрсеге құдіретті екенін білдім»,-деді». («Бақара», 259 аят)

Ғузайр – көне заманда өмір сүрген Хақ Тағаланың ізгі пендесі. Шығу тегі – Бәни Исраил. Ерекше сана және даналық иесі Ғузайр өзінің құдайшылдығымен әйгілі. Алла Тағала оған сый еткен ақыл мен сананы Ғузайр тек құлшылық ету және сауап алу жолында қолданды.

Күндердің-күнінде Ғузайр жайқалып тұрған бауға кіріп, бірнеше сағат бойы ондағы пісіп тұрған шырын жемістерге қарап тұрып Хақ Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік етумен болды. Кейін бақшадағы көз жауын алған жемісге добрасын толтырды да, есегіне мініп үйіне қарай бет алды.

Осыдан соң қандай оқиға болды?

Жолда кетіп бара жатып Ғузайр әдеті бойынша Хақ Тағаланың ұлықтығы мен құдіреттілігі жайында пікірлей бастады. Нәтижеде терең ойға шомыған Ғузайр есегі басқа жолға түскенін байқамай қалды. Ғузайр есін жиып қараса, мүлдем бейтаныс жерде кетіп бара жатыр.

Біршама уақыт ары-бері жүрген Ғузайр жолды таба алмады. Бір кезде оның көзі күйреген үйлерге түсті. Қараса, ол көне бір елді мекен екен. Онда тірі жан жоқ.

Бір ғажабы, Ғузайр ол қираған елді мекенді бұрын-соңды көрмеген-ді. Ол есегінен түсіп, күйреген ауылды аралап көрді. Қираған үйлерден өзге нәрсе жоқ. Тіпті, кей жерде өлген адамдардың сүйектері жатыр. Мұны көрген Ғузайр ойлана бастады: «Мына ауыл уақыт өте қирап, жермен жексен болды. Ғажап! Қияметте Хақ Тағала бұл адамдарды қалайша қайта тірілтер екен?»

Ғузайр иманды пенде еді. Қияметте адамдардың қайта тірілетініне де сенетін. Алайда, ол өлген адам қалайша қайта тірілетінін біліп-сезінгісі келді. Ғузайрға өлген адам қалайша тірілетінін көрсетуін қалаған Алла Тағала сол сәтте оның жанын алды.

Осыдан соң не болды?

Ғузайр сол көз жұмған орнында жүз жыл бойы жатты. Жүз жыл өте Алла Тағала оған қайта жан берді. Жантәсілім болғанын сезбеген Ғузайр көзін ашып-жүмғандай болып, өзін ұйықтап тұрғандай сезінді.

Ақиқатында, Хақ Тағала Ғузайрдың жанын алып, кейін оның сұрағына жауап беруін қалады әрі осы мақсатта қайта тірілтті.

Қайта тірілген Ғузайрға көктен бір періште келіп: «Уа, Ғузайр! Сен мұнда қанша уақыт жатқаныңды білесің бе?»,-деп сұрады. Ғузайр: «Көп уақыт өтпеді. Менің ойымша мен жарты күн немесе бір күн ұйықтадым»,-деп жауап берді.

Ғузайр былай жауап берудің себебі: ол күннің бастапқы бөлігінде көз жұмған болатын. Кейін Хақ Тағала оны күннің батуына таяу қайта тірілтті. Осы себептен, батуға таяу күнді көрген Ғузайр күні бойы ұйықтадым деген ойда болды.

Ескерту: Ғузайрдың қыссасы баян етілген «Бақара» сүресінің 259-шы аятынның тафсирінде Ғузайрмен періште сұхбаттасты делінген. Мәселен, имам Суютый, имам Ибн Кәсирдің тафсирлерінде. Яғни, Алла Тағала Ғузайрмен періште арқылы сөйлескені жайында айтылған. Осы себептен бұл жерде періште мен Ғузайрдың арасындағы әңгіме келтірілген.

- Уа, Ғузайр! Ақиқатында, сен ұйықтамадың, бәлкім өлі едің. Алла Тағала сені жүз жыл жансыз етіп қойды. Алайда, сен оны сезбедің! Айналаңа қара! Сен мекендеген жер түбегейлі өзгеріп кетті. Ондағы сен танитын адамдардың да көбі о дүниелі болды. Осылайша Алла Тағала саған адамдар өлгеннен кейін қалай тірілетінін көрсетуін қалады. Сен жүз жыл жансыз жаттың. Нәтижеде сенің денең шіріп, тек сүйектерің қалды. Хақ Тағала өз құдіретімен сені қайта тірілтті. Ал енді сен соның дәлелін көресің!

Мұны естіген Ғузайр аң-таң!

- Уа, Ғузайр! Сен бір есекке мінген болатынсың. Жаныңда бір дорба піскен жеміс бар еді. Солай емес пе?

- Иә. Сол есек пен жемістерім қайда?

- Мынау сенің жемістерің мен сусының. Хақ Тағала оларды қаз қалпына келтіріп қойды! Ал, енді есегіңе қара! Одан сүйектен өзге нәрсе қалмады. Сәл күт! Алла Тағаланың әмірімен оның сүйегі жиналып, ол етпен қапталып, есегің қайта тіріліп шыға келеді.

Сол кезде Ғузайрдың көз алдында осы айтылғанның бәрі болды. Бұл жайт Ғузайрдың Хақ Тағалаға деген иманын одан ары күшейте түсті. Сол сәтте Ғузайр көтеріңді дауыспен: «Хақ! Менің Жаратушым шексіз құдірет Иесі!»,-деді.

Осыдан соң періште Ғузайрға былай деді: «Әлбетте, мұның бәрі сенің көз алдында болған іс! Осымен сенің көңілің жай тапты. Расында, жоқ нәрсені бар етуші Алла Тағалаға бар нәрсеге жан беру қиын болыпты ма?! Қиямет күні сендер дәл осылай тірілесіңдер!»

Осы әңгімеден соң Ғузайр өз елді мекеніне бет алды. Расын айту керек, оған баратын жолды табу оңайға соқпады. Өйткені, арада жүз жыл өтті. Айналаның бәрі өзгеріп кеткен. Дегенмен, Алла Тағаланың қалауымен Ғузайр кезінде өзі өмір сүрген елді мекенге келді. Қараса, бәрі өзгеше. Адамдар да бейтаныс. Жаңа үйлер салынып кеткен.

Ғузайр өзі тұрған үйі жайында сұрастыра бастады. Алайда, жүз жылдан соң келіп тұрған адамға оның баспанасын кім көрсетіп берсін?!

Шарасыздықтан Ғузайр үйіне қарай жобалап жүріп, әйтеуір үйтіп-бүйтіп жүріп үйін тапты. Онда 120 жастағы бір қарт кемпірді көрді. Ол кемпір Ғузайр отбасының күңі болып шықты. Ғузайр адасып кеткенінде оның жасы жиырмада болатын.

Ғузайр одан: «Бұл баяғы Ғузайрдың үйі ме?»,-деп сұрады. Кемпір: «Иә, бұл соның үйі. Қанша жыл болды, бірде-бір жан Ғузайр жайында сұрамаған еді. Адамдар ол жайында ұмытып та кетті»,-деді де көзіне жас алды. Сонда Ғузайр: «Сол Ғузайр менмін. Алла Тағала менің жанымды алып, жүз жылдан соң қайта тірілтті»,-деді.

- Субханал-лаһ! Ғузайр осыдан жүз жыл бұрын жоғалып кеткен еді. Содан бері ол жайында ешбір хабар болмады.

- Мен ғой сол Ғузайр!

- Ғузайр тілек-дұғасы қабыл болған бір пенде еді. Ол науқас үшін ем тілесе, науқас дертінен емделіп кететін. Егер сен Ғузайр болсаң, онда Алла Тағаладан менің көзім көріп кетуін тіле! Көзім көрсе сені танимын.

Ғузайр дұға етіп, кейін қолымен кемпірдің көзін сипады. Нәтижеде, кемпірдің көзі көріп кетті.

Көзі ашылған қарт Ғузайрға қарап тұрып: «Мен сен Ғузайр екеніңе куәлік етемін»,-деді.

Осыдан соң Ғузайр мен кемпір Бәни Исраилдің мәжілісі өтетін орынға барды. Онда кемпір адамдарға: «Мынау адам – Ғузайр!»,-деді. Алайда, адамдар алжыған кемпірге сенсін бе? Сонда кемпір оларға болған жайтты, яғни Ғузайрдың тілегі себебінен көзі көріп кеткенін айтты.

Сол жерде жиналған жұрттың арасында Ғузайрдың ұлы болды. Оның жасы 118-де еді. Сол ұлы: «Менің әкемнің арқасында, екі жауырының арасында қара қалы болатын»,-дегенде, Ғузайр арқасындағы қалын көрсетті.

Әлде де сенбей тұрған Бәни Исраилдіктер: «Арамызда Тауратты бастан-аяқ жатқа білетін ешкім болмады. Оған қоса кезінде Бухтуннаср (мысырлық патшаның есімі) бар Тауратты өртеп жіберген-ді. Сол Бухтуннасрдың заманында Ғузайрдың әкесі Сарухан Таураттың бірін жерге көміп жасырған еді әрі сол жерді Ғузайрдан өзге ешкім білмейді. Егер сен расында Ғузайр болсаң, онда сол жерді бізге көрсет»,-деді.

Ғузайр Таурат көмілген жерді көрсетіп берді. Адамдар ондағы Тауратты қазып шығарды. Алайда, жылдар өте ол шіріп кеткен еді.

Осы оқиғадан соң Бәни Исраил бір талдың астына жиналып отырды. Ортасында – Ғузайр. Сол кезде көктен екі жарық түсіп, Ғузайрдың ішіне енді. Сол сәтте ол Тауратты бастан-аяқ жатқа айтып берді. Осы жайт Бәни Исраил Ғузайрды «Құдайдың баласы» деп атап кетуіне себеп болды. Бұл жайында «Тәуба» сүресінің 30-шы аятында айтылған.

Имам Ибн Кәсирдің (рохматуллаһи ғаләйһи) айтуынша Ғузайр Дамаскте жерленген.

Сөз соңы: Ғузайрдың пайғамбар болғанына қатысты түрлі пікір бар. Дегенмен, Ғузайрдың пайғабарлығына қатысты анық дәлел болмауы себебінен ғалымдардың басым көпшілігі оны яһуди қауымының ізгі пендесі деген.

Анығы жалғыз Алла Тағалаға мәлім!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға