Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

ҒЫЛЫМ ҚҰРАНДЫ РАСТАЙДЫ

ҒЫЛЫМ ҚҰРАНДЫ РАСТАЙДЫ

Құранның, кейінгі ғасырларда ашылған, ғылыми жетістіктерді 14 ғасыр бұрын баяндап қойғаны, барлық ғалымдарды таңғалдыруда. Міне, бұл Құранның авторы Мұхаммед (с.а.у.) емес, Құран Алла тарапынан жіберілгендігінің дәлелі. Мысалы;

Өсімдіктер де аналық-аталыққа бөлінеді

Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттелді. Ол Құранда 14 ғасыр бұрын баян етілген. «Жерден өсіп-өнетіп барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қылып жаратқан Алла қандай пәк»

Желдің тозаңдау қызметі

«Хижр» сүресіндегі: «Біз желді тозаңдау үшін жібердік, сөйтіп аспаннан жаңбыр жаудырып, сендерді сусындандырдық…» аяты жаңбырдың жаууында, желдің тозаңдандыру қызметін атқаратындығын ашық баяндайды.

Жел су буларынан пайда болған бұлттарды бір-бірімен қақтығыстырады. Бұл қақтығыс салдарынан найзағай пайда болады. Жел бұлттарды тығыздап сыққан кезде жерге жаңбыр жауады. Желдің бұлттарды айдап, бір-біріне қосу ісі жоғарыдағы аятта «бұлттарды бір-біріне қосады» деп емес, «тозаңдайды» деп берілуі шынымен де назар аударарлық. Яғни, аятта айтылған желдің бұлттарды «тозаңдайды» деуінің астарынан бұлттардың да бейне бір аталық-аналық тәрізді позитив-негатив болып бөлінетіндігін аңғаруға болады. Демек, желдің позитив-негатив бұлттарды бір-бірімен қосып, тығыздауы нәтижесінде жаңбыр жауғызуы оның «тозаңдауы» болмақ.

Тоғызыншы ғасырдың аяғында яғни осыдан он бір ғасыр бұрын өмір сүрген Ибн Жәрир әт-Табарани атты ғалым жоғарыдағы аятты тәпсірлегенде: «Әуелі жел өсімдіктерді тозаңдайды, сосын бұлттарды тозаңдайды» – деп, желдің өсімдіктерді һәм бұлттарды да тозаңдайтынын айтуы таң қаларлық.

Міне, Құран Кәрім он төрт ғасыр бұрын желдің аналық-аталықтан тұратын өсімдіктерде және позитив-негативті бұлттарда тозаңдандыру қызметін атқаратынын ашық айтып кеткен. Ғылыми тұрғыда кешірек дәлелденген аталмыш табиғат заңдарын 1400 жыл бұрын ешбір адамның білуі мүмкін емес еді. Олай болса, Құран адам емес, осы заңдарды жаратқан Ұлы Құдіреттің сөзі болмақ.

Ж.Нәушік

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014