Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Амалдардың абзалы

Амалдардың абзалы

عن مَاعِزٍ رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم أَنَّهُ سُئِلَ أَيُّ الأَعْمَالُ أَفْضَلُ؟ قال: إِيمَانُ بِاللهِ وَحْدَهُ ثُمَّ الْجِهَادُ ثُمَّ حَجَّةٌ بَرَّةٌ تَفْضُلُ سَائِرَ الْعَمَلِ كَمَا بَيْنَ مَطْلَعِ الشَّمْسِ إِلَى مَغْرِبِهَا

Мағиз (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) ең абзал амал жайында сұралғанда: «Хақ Тағаланың жалғыздығына иман келтіру. Кейін дін жолында күресу. Сонан соң барлық талапқа сай орындалған қажылық. Оның өзге амалдардан артықшылығы шығыс пен батыстың арасындай»,-деді».

Хадистi Мағизден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад риуаят еттi.[1]

Амалдардың абзалы – Хақ Тағалаға иман келтіру. Бұл мәселеде шәк жоқ! Себебі, иман – Исламның әуелгі негізі. Адамзаттың ең абзал бөлігі пайғамбарлар болса, олардың абзалдығы адамзатты ең ұлық ақиқатқа, яғни Алла Тағалаға иман келтіруге үндеуі себебінен.

Жиһад пен қажылық мәселесіне келер болсақ, қажылықты жиһадпен тең қойған және қажылықты жиһадтан жоғары қойған хадистер баршылық. Мұның мәнісі неде? Осы мәселеге кеңірек тоқтала кетсек!

Қасиетті Құранда жиһадқа қатысты ондаған аят бар. Осыны байқаған мүминдердің анасы Айша (родиял-лаһу ғанһа) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Уа, Расулуллаһ! Жиһад – амалдардың абзалы екенін байқадық. Біз де жиһадқа қатыссақ болмай ма?»,-деп сұрағанда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Жоқ, жиһадтың абзалы қате-кемшіліксіз жасалған қажылық»,-деп жауап берген. (Бухари)

Бүгінгі күні мұсылмандардың ішінде жиһадты қолға қару алып соғысумен шектейтіндер баршылық. Олар Хақ Тағаланың мына сөзін оқымаған-ау, сірә:

فَلَا تُطِعِ الْكَافِرِينَ وَجَاهِدْهُمْ بِهِ جِهَادًا كَبِيرًا

«Кәпірлерге бағынба! Олармен онымен үлкен күрес жүргіз». («Фурқан», 52 аят)

Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) осы аяттағы «онымен» сөзін «Құранмен» деп тәпсірлесе, Ибн Зайд (родиял-лаһу ғанһу) «Исламмен» деп тәпсірлеген. (Имам Қуртуби) «Қылышпен» деп тәпсірлегендер де болған. Дегенмен, «Фурқан» сүресі меккелік екенін ескерсек, бұл пікірдің қате екенін түсінеміз. Себебі, кәпірлермен соғысу Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Меккеден Мадинаға һижрат еткеннен кейін парыз етілген болатын.

Жиһад тек қолға қару алып соғысумен шектелмейді әрі жиһадтың абзалы - хақ сөзді айту. Бұған мына хадис дәлел!

Ториқ ибн Шиһаб (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Біреу аяғын үзенгіге салып тұрған Нәбиден (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ең абзал жиһад қайсы?»,-деп сұрағанда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Залым патшаға ақиқат сөзін айту»,-деп жауап берген». (Ахмад)

Құранға назар салар болсақ амалдар маңыздылық дәрежесіне қарай айтылады. Мысалы, Алла Тағалаға иман келтіру және намаз оқу, иман келтіру және ата-анаға бойсұну, иман келтіру және зекет беру. Керісінше, алдымен намаз оқу, ата-анаға бойсұну, зекет беруден кейін Хақ Тағалаға иман келтіру жайында айтылған аят жоқ. Ал, енді мына аятқа назар салайық! Хақ Тағала айтады:

الَّذِينَ آمَنُوا وَهَاجَرُوا وَجَاهَدُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ بِأَمْوَالِهِمْ وَأَنْفُسِهِمْ أَعْظَمُ دَرَجَةً عِنْدَ اللَّهِ وَأُولَئِكَ هُمُ الْفَائِزُونَ

«Иман келтіріп, жұрттарынан ауғандар және Алла жолында малдары және жандарымен соғысқандар Алланың қасында ұлық дәрежеге ие. Міне, солар – мұратына жетушілер». («Фурқан», 52 аят)

Мұқият қарар болсақ, бұл аятта жан жиһадынан бұрын мал жиһады айтылған. Демек, дін жолында малын сарып ету жиһадқа жатады әрі дін жолында қарумен соғысудан артық болмаса кем болмаған амал.

Білім алып, білім тарату – ол да жиһадтың абзалы. Бұл мәселеге қатысты ғалымдардың былай дегені бар: «Үмметке Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннетін жеткізу жауға жебе атудан абзал амал. Себебі, жебе ату көп адамның қолынан келсе, сүннетті жеткізу тек пайғамбарлардың мирасқорлардың үлесіндегі іс».

Жиһадтың келесі ұлық түрі – нәпсімен күресу. Бұл мәселеге қатысты Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген:

المُجاهدُ من جاهدَ نفسَه في سبيلِ الله عزَّ وجلَّ

«Мужәһид – нәпсісімен Алла жолында күрескен адам». (Ахмад)

Жоғарыда төрт нәрсені жиһадқа мысал еттік. Ол:

- күпірлікпен Құран арқылы күресу;

- ақиқатты айту;

- дүниені дін жолында жұмсау;

- нәпсімен күресу.

Осының өзі «жиһад» ұғымы қолға қару алып соғысумен шектелмейтінін анық көрсетіп тұр.

Қате-кемшіліксіз қажылық мәселесіне келер болсақ, ол ихрам халінде күнә істелмеген қажылық.

Ихрам – қажылардың қажылық барысында ақ кебінде жүру мерзімі. Ихрам кезінде жаман сөз айтуға, Әл-Харам аумағында жәндік өлтіруге, ерлі-зайыптылар жақындасуына болмайды. Осы және өзге де кемшіліксіз орындалған қажылықтың өзге амалдардан ерекшелігі хадисте айтылғандай «шығыс пен батыстың арасындай».



[1]‏مجمع الزوائد للحافظ الهيثمي، 8 - كتاب الحج، 5 - بابان في فضيلة الحج والعمرة، 1 - باب فضل الحج والعمرة، الحديث رقم 5263

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014