Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Иман мен турашылдық

Иман мен турашылдық

عَنْ سُفْيَانَ بْنِ عَبْدِ الله الثَّقَفِيِّ رضي الله عنه قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللهِ! قُلْ لِي فِي الإِسْلاَمِ قَوْلاً لاَ أَسْأَلُ عَنْهُ أَحَدًا بَعْدَكَ، قَالَ: قُلْ آمَنْتُ بِاللهِ فَاسْتَقِمْ

Суфйан ибн Абдулла (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен: «Уа, Расулуллаһ! Маған Ислам жайында бiр сөз айтыңыз. Мен сол сөзден кейiн басқа бiреуден Исламның не екенiн сұрамайтын болайын»,-деп өтiнгенімде, Ол: «Алла Тағалаға иман келтiрдiм деп дiнде турашыл бол»,-дедi».

Хадистi Суфйан ибн Абдуллаһтан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Муслим риуаят еттi.[1]

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Суфйан ибн Абдуллаһқа (родиял-лаһу ғанһу) дінде турашыл болуды бұйырды. Ал дінде турашыл болу – ықыласты болу. Тек ықыласты адам шын жүректен иман келтіріп, Раббысы Алла Тағала болғанына разы болған пенде ғана шариғат талаптарын ыждаһаттылықпен орындайды әрі Тәңірінің нығметтеріне шүкіршілік етіп, разылығына лайық бола алады.[2]

Сонымен қатар дінде турашыл болу – дін мәселесінде табанды болу. Сахабалар мен табиғиндердің бір тобы: «Дінде табанды болу – амалды Алла Тағаланың дидары үшін істеудегі ықылас»,-деген.[3]

Хақ Тағала «Фуссилат» сүресінің 30-шы аятында: «Раббымыз – Алла»,-деп, кейін жалғыз Хақ Тағалаға құлшылық етуде табанды болғандарға періштелер түсіп: «Қорықпаңдар! Кейімеңдер! Сендерге уәде етілген жәннат сүйіншісіне қуаныңдар»,-дейді»,-десе, «Ахқаф» сүресінің 13-ші аятында: «Раббымыз – Алла»,-деп, кейін дінде табанды болғандар үшін қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды»,-деген.

Әбу Қасим Қушайри (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Діндегі табандылық – амалдарға тән кемелдік дәрежесі. Діндегі табандылық игілік пен тәртіпке жеткізеді. Дінде табанды болмағанның талпынысы мен әрекеті текке қалады»,-десе, Әл-Уаситый (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Діндегі табандылық – көркем сипаттарды кемелдендіретін қасиет. Ол жоғалса көркем сипаттар да жойылады»,-деген.[4]

Сондықтан да Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Дінде табанды болыңдар! Оның сауабының шегіне жете алмайсыңдар»,-деп бұйырған.[5]



[1]‏صحيح مسلم، 1 - كتاب الإيمان، 13 - باب جامع أوصاف الإسلام، الحديث رقم 62

[2]تحفة الأحوذي

[3]تحفة الأحوذي

[4]‏صحيح مسلم بشرح النووي

[5]‏سنن ابن ماجه، 278

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014