Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Тағдыр мәселесі

Тағдыр мәселесі

عن ابنِ عَبّاسٍ قال: كُنْتُ خَلْفَ النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم يَوْماً، فَقَالَ: يَاغُلاَمُ إِنِّي أُعَلِّمُكَ كِلمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظْكَ اِحْفَظِ الله تَجِدْهُ تُجَاهَكَ إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِالله وَاعْلَمْ أَنَّ الأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلاَّ بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُوا عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلاَّ بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ رُفِعَتِ الأَقْلاَمُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ

Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Бір күні мен Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) артында отырғанымда Ол: «Уа, бала! Мен саған біраз нәрсе үйретейін. Хақ Тағаланың әмірін орында. Сонда Ол сені қамқорлығына алады. Алла Тағаланың әмірін орында. Сонда Оны өзіңнің жаныңнан табасың. Сұрасаң, Хақ Тағаладан сұра. Жәрдем тілесең, Алла Тағаладан тіле. Білгін! Адамның барлығы жиналып саған пайда келтіреміз десе, Алла Тағала тағдырыңа белігенінен артық пайда келтіре алмайды. Адамның барлығы жиналып саған бір зиян келтіреміз десе, Хақ Тағаланың тағдырыңа жазғанынан артық зиян келтіре алмайды. Өйткені қалам көтеріліп, парақтар кеуіп кетті».

Хадистi Ибн Аббастан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Тирмизи риуаят еттi.[1]

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Ибн Аббасқа (родиял-лаһу ғанһу) «يَاغُلاَمُ» (йа, ғуләм) деген. Арабтарда «ғуләм» деп 9-10 жастағы баланы айтады. Демек, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) 9-10 жастағы Ибн Аббасқа (родиял-лаһу ғанһу) бірнеше тым маңызды мәселені үйреткен. Ал бүгінгі күні біздің қоғамда ол мәселелерді жастар былай тұрсын, 60-70 жастағылар білмейді. Бар мәселе «жас қой әлі» деп баларымызды мұсылмандыққа лайық көрмеуімізде. Осы себептен перзенттеріміз имандылық пен құлшылық мәселелерінде кенжелеп жатады. Соның себебінен перзенттеріміз кәлимадан бұрын түрлі балағат сөздерін, ал ер жеткен ұлдарымыз намаз бен оразадан бұрын темекі тарту мен арақ ішуді үйренеді, бой жеткен қыздарымыз болса мектеп шағында жүкті болып жатады.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әлі қабырғасы қатпаған балаға нені үйретті?

Жаратушы Ие «Қаф» сүресінің 16-шы аятында: «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз»,-деген. Сонымен қатар «Әнғам» сүресінің 17-ші аятында: «Алла Тағала басыңа бір ауыртпалық түсірсе, одан Алла Тағаланың өзінен басқа құтқарушы жоқ»,-десе, «Бақара» сүресінің 186-шы аятында: «Уа, Мұхаммед! Олар сенен Мен жайында сұраса, Мен оларға жақынмын. Тілеушінің тілегіне жауап беремін. Ендеше, олар да Маған (яғни, талабыма) жауап берсін»,-деген. Демек, біріншіден: ауыртпалықтан құтқарушы – Алла Тағала. Екіншіден: бұ дүниеде Хақ Тағаланың жарылқауына мұқтаж болмаған жаратылыс жоқ. Ал Жаратушы Иенің жарылқауына лайық болып, басқа түскен ауытрпалықтан құтылудың бірден-бір жолы – Оның әміріне бойсұну.

Имам Бухари Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Хақ Тағала: «Пендем Маған бiр кез жақындаса, Мен оған бiр құлаш жақындаймын. Ол Маған қарай жүрсе, Мен оған қарай жүгiремiн»,-деген.[2]

Бұл сөздің жалпы мағынасы: пендем маған бойсұнумен жақындаса, Мен оған жарылқауым мен рахметімді жаудырамын.[3]Оның тілек-қажетін орындауға асығамын.[4] Себебі: «Алла Тағалаға тәуекел еткен пендеге Хақ Тағаланың өзі жетерлік».[5]

Имам Ахмад Абдулла ибн Масғудтан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Бір қажеті болып, оны өтеу үшін адамдарға сүйенген пенде, қажеті өтелмей қалғанға лайық»,-деген.[6]

Жаратылғаннан жақсы-жаманды күту мәселесіне келер болсақ, Алла Тағала «Қамар» сүресінің 49-шы аятында: «Алла Тағаланың қалағаны болып, қаламағаны болмайды»,-десе, «Тағабун» сүресінің 11-ші аятында: «Алла Тағаланың бұйрығынсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды»,-деген.

«Қалам көтеріліп, парақтар кеуіп кетуі» мәселесіне келер болсақ, оны келесі хадистен қараңыз!



[1]‏صحيح مسلم، 1 - كتاب الإيمان، 13 - باب جامع أوصاف الإسلام، الحديث رقم 62

[2]‏صحيح البخاري

[3]‏سنن الترمذي

[4]‏صحيح مسلم

[5]«Талақ» сүресі, 3 аят.

[6]‏مسند الإمام أحمد

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014