СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ СТАЛИНГРАД

СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ СТАЛИНГРАД

Соғыста ең қатты қираған қала – Сталинград (қазіргі Волгоград) болатын. 1943 жылдың басында Еділ жағалауындағы сұрапыл шайқастар аяқталысымен көршілес өңірлерден адамдар (көбі әйелдер) әкелініп, қираған шахарды қалпына келтіру жұмыстарына жаппай жұмылдырылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. «Еңбек майданы» деген ұранмен басталған қара жұмысқа қазіргі Батыс Қазақстан облысынан менің әжем Нәпиқа Болатқызы да алыныпты.

Сол кісінің өз аузынан естіген кейбір әңгімелерін ұсынып отырмын.

Сталинградта қанқұйлы соғыстың енді саябырсыған кезі. Қалада тіршілік тоқтаған, ешқандай мекеме, дүкен жұмыс істемейді. Халық жаппай аштыққа ұшыраған. Сондықтан сталинградтықтарға Қазақстаннан көмек ретінде үйір-үйір мал айдап бару туралы шешім шығарылған. Оны апару үшін не пойыз, не көлік жоқ. Содан «Еңбек майданына» шақырылған әйелдерге сол малды жаяу-жалпылап айдап бару жүктеліпті. Орал облысынан Сталинградқа дейін шамамен 350-400 шақырым жер.

– Жол бойы талай қиындықты көріп, малды шашау шығармай айдап апардық, – деп еске алатын әжем. – Ол кезде мініп жүретін жылқы да жоқ, бәрін майданға әкеткен. Жолда сиырлар бұзаулайды. Жаңа туған төлдің тұяқтары жұмсақ, оларға көп жүруге болмайтын. Себебі, тұяқтары қатты жерге тиіп желініп қалады. Оның қатаюы үшін біраз уақыт керек. Бірақ, күтіп отыратын шама қайда? Амал жоқ, жаңа туған бұзаулардың аяқтарын киізбен, матамен шұлғау сияқты қылып байлап тастайтынбыз, – дейді.

Осылай бірнеше күн дегенде Сталинградқа да жетеді. Бұл кезде әжем 24-25 жастар шамасында болса керек.

– Қалаға ең алғаш кірген кездегі көргеніміз – қараған адамның жанын мұздатып жіберетін көрініс еді, – дейді ол. – Қала түгелдей қираған. Әр жерде шашылып жатқан өлі денелер, талқаны шыққан соғыс техникалары, жартылай опырыла құлап, шұрық-тесік жарты қабырғасы ғана үңірейіп тұрған үйлер. Сол үйлердің аман қалған бөлмелерін қуыстап, сұрапыл жағдайды бастан кешкен жандар да (жергілікті тұрғындар) тұрып жатты...

Әжемізді басқа әйелдермен бірге ескі-құсқы баракқа орналастырған. Ешқандай жағдай жоқ. Түнде киіммен ұйықтайды. Тіпті аяқкиімді де шешуге қорқады екен. Өйткені, ұрлап кетеді. Тамақ тек талонмен берілген.

«Күніне белгілі грамм ғана нан беріледі. Ет мүлдем жоқ. Ішетініміз – капустаның көк суы, быламық, болса – картоп. Адамдар азып-тозып кетті», – дейді әжем. Содан да тамаққа күнде талас, бірінікін бірі тартып алатын кездер де орын алған. Әсіресе, түнде ұйықтағанда алаяқ әйелдер кейбіреулердің бір айға берілген талондарын ұрлап алады екен.

Қазақстаннан барған бір топ әйелдер бригадасын Сталинград трактор зауытының аумағын тазартуға салады. Жұмыстары сол: үйінділерді аршу, тазарту, тасу, тиеу...

«Жұмыс өте ауыр, таңертеңнен кешке дейін жасайтынымыз – қара жұмыс. Қара күшке болмайтын жерлерді алдымен тракторлар, танкілер итеріп-итеріп кетеді де, әрі қарай өзіміз көліктерге тиейміз, болмаса басқа жерге тасимыз. Ауыр кесектерді көтереміз деп, мертігіп қалған әйелдер де арамызда аз болған жоқ», – дейді әжем.

Ең жантүршігерлігі, қирандыларды аршу кезінде, үйінділер арасынан пәршеленіп, сасып бұзылып кеткен талай марқұмның мәйіттері шыққан. Бөлек-бөлек жатқан қан-қан қол, не үзілген аяқтар, мылжаланған бастар...

Бір күні әжемнің бригадасымен қатарлас жұмыс жасап жатқан басқа бригаданың адамдары тосыннан болған жойқын жарылыстан түгелдей мерт болады. Сөйтсе, жер астына мина жасырылған екен. Содан бұларды басқа жерге ауыстырып, жарылыс болған орынды күн ұзақ тексеріп, екінші күні қайтадан зауыт аумағына алып келген.

Санитарлық талаптары сақталмаған баракта тұрып, оның үстіне тамақ жағы мардымсыз болған әйелдер арасында сүзек ауруы тарайды. Әжеміз де көп ұзамай сүзек дертіне шалдығып, еңбекке жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Бұл 1943 жылдың қыркүйек айы болса керек.

Осы кезде де Сталинградты тазартып, қалпына келтіруге елдің әр аймағынан «Еңбек майданына» адамдар лек-легімен келіп жатыпты. Әжем елге қайтқанда қатарында кәрі шалдар, жас қыздар мен балалар аралас адамдардың құрлық арқылы да, Еділ өзені арқылы да арнайы конвойлардың айдауымен топ-топ болып ағылып жатқанын еске алатын.

Елге оралған соң, соғыс басталғалы әскер қатарында Отанды қорғап, 1944 жылы Смоленск қаласы түбінде контузия алып, елге қайтарылған Зұлқарнай Меңдіғалиұлы атамызбен табысып, отау құрады.

Сталинградтағы «Еңбек майданынан» елге ауырып, әлсіреп қайтып келе жатқанда, жолай жортып жүрген ұры-қарылар әжемнің бар ақшасын, ең бастысы – Сталинградты қалпына келтіруге қатысқандығын куәландыратын қажетті құжаттарын ұрлап кетіпті. Көз көрген адамдар болса да, дәлелді құжаттары болмағандықтан, әжем «Сталинградты қалпына келтіруге қатысушы» деген санатқа ілікпеді.

Ескендір ТАСБОЛАТ

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға