ЕЛГЕ АМАН ЖЕТКІЗГЕН ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

ЕЛГЕ АМАН ЖЕТКІЗГЕН ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

Ес білгелі еститінім – Жеңіс күні жақындаған сайын әкем марқұм: «Елге жете алмаған қайран боздақтар-ай, қай топырақта қалдыңдар екен?!» – деп күңіреніп отырушы еді…

Сол қанды соғыс жылдары майданда ауыр жараланып, қасиетті екі сөздің арқасында елге аман жеткен бір ағамыздың хикаясын жазбаққа қолыма қалам алдым. Біздің ауылымыз – Астанадан 25 шақырым жердегі Тайтөбе елді мекені. Аталарымыздың ескі тұрағы – осы ауылымыздың күнбатысында, Нұра өзенінің сағасындағы Алқа-Қарасу деген Бәймен байдың ауылы. Олар Бәймен, Бәйет және Сәйет деген үш ағайынды болыпты. Сұрапыл соғысқа осы үш атаның да ұрпақтары қатысқан.

Ағаларымыздың көпшілігі ұстаздар еді. Бәйет бабаның немересі Хасен Әлиакпаров майданнан жеңіл жарақатпен оралған. Петропавлда ұстаз болып, көп жыл тұрып, кейін Қорғалжын ауданы орталығында ұстаздығын жалғастырған. Зейнетке шыққан соң, Астанаға келіп, 80-нен асып қайтыс болды. Ұрпақтары бар.

Осы ағамыз Петропавлда тұрғанда өзі қатарлас бір майдангермен кездесіп қалады. Өзінің танкист болғанын, Германияда ауыр айқаста қатты жараланып, немістерге тұтқынға түскенін айтқан әлгі азамат мұның ақмолалық екенін естігенде, мына оқиғаны баяндап береді: «Госпитальда екі аяғы кесіліп, екі қолымен жүрген Әбдірахман Қазыкенов деген қазақ болды, – дейді ол. – Біздің армия немістерді жеңіп, 9 мамырда соғыс аяқталды. Сол кезде ең алғашқы болып өз азаматтарын құтқаруға Түркия мемлекеті келдті. 7-8 түріктің дәлізден өткенін көрген Әбдірахман палатаның есігін ашып қойып, әлгі өткен адамдардың жолын тосып отырады. Жаралы жерлестерін аралап шыққан соң, дәлізбен қайтып келе жатқан олардың алдынан шыққан Әбдірахман екі қолын кеудесіне қойып: «Ассалаумағалейкүм», – деп сәлемдесіпті. Екі аяғынан айырылып, жерде домалап жатқан адамға жалт қарасқан түріктер өзара бір нәрсе сөйлеседі. Сөз арасында «мұсылман» деп жатқанын түсіне қалған Әбдірахман ағай: «Лә иләһә иллаллаһ, мұсылманмын», – дейді. Сол кезде араларындағы бастығы қолымен ишара жасап: «Мына кісіні де алыңдар», – деп нұсқау беріпті.

Сол жерде түріктер госпиталь ашып, ауыр жаралыларды емдеуге қалдырып, қалғандарын өз елдеріне алып кетеді. Сен ақмолалықпын дегесін білетін шығарсың, Қазыкенов деген сол азамат еліне жетті ме екен?» – деп сұрайды майдангер.

Хасен ағай Әбдірахман ағаның елге аман келгенін, аяғына протез салып жүргенін айтып береді. Және ол екеуінің жақын туыс екенін, соғыстан келгесін де ұстаздығын жалғастырып, үйленіп, балалы-шағалы болғанын әңгімелейді. Сонда петропавлдық майдангер бұл жаңалыққа қатты қуанып, көзіне жас алыпты…

«Екі қолымен жер таянып жүргенде, кескен жерлерін дәкемен таңып, сыртынан қап кигізіп қойса да, екі аяқтың орнынан аққан қан еденді жуып жүрген еді. Шіркін-ай, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген осы болды ғой», – деп күңіреніпті майдангер.

Бұл оқиғаны Хасен ағамыз 2003 жылы үйінде қонақта отырып айтып еді. Олар үш ағайынды болатын, үшеуі де соғысқа қатысады. Үлкен ағасы Хамит Әлиакпаров майданда қаза табады. Одан кейінгісі Мұхамедрахым (Шоқан) Әлиакпаров майданнан өкпесінде снаряд сынығымен келеді. Келгесін ұстаздығын Тайтөбе, Талдыкөл мектептерінде жалғастырып, 1956 жылы қайтыс болды. Ағайынды үшеуінен де ұрпақ бар.

Әңгімеміздің кейіпкері болып отырған Әбдірахман Қазыкенов ағымыздың екі аяқтан айырылып, аса қиын жағдайға ұшыраса да, елге аман-есен жетіп, кейін бақытты ғұмыр кешуіне себепші болған – «Ассалаумағалейкүм» және «Лә иләһә иллаллаһ» деген екі қасиетті сөздің шарапаты десек, қателесе қоймаспыз. Егер ол түрік азаматтарына жолығып қалып, өзінің мұсылман екендігін осы сөздерімен білдірмегенде, жағдайы қандай болар еді, кім білсін?!

Бұл кісі – мақаламыздың басында айтылған Сәйет бабаның немересі. Оның ағасы Қадыр Қазыкенов те соғысқа қатысып, қолынан жарақат алған, саусақтары түгел емес еді. Соғыстан кейін Көкшетауда ұстаздығын жалғастырып, кейін Тайтөбе орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді. Мектеп партия ұйымының хатшысы болды.

Мен сол кезде оқушылар комсомол ұйымының хатшысы едім. Қабырға газеттеріне мақала, т.б. дайындауға тапсырма беріп: «Бұл жұмыстарға қолғабыс бергенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы», – деп қоятын. Кейін ол кісіні Қызылжар ауылындағы мектепке ауыстырып, одан әрі Қорғалжын ауданындағы Жантеке ауылдық орта мектебінде ұстаз болды.

Бұл ағаларымыздың бәрі де алғашында мұсылманша сауат ашып, кейін совет оқуын оқығандар. Кеңес одағының осынау қиын-қыстау соғыста жеңіске жетіп, кейінгі ұрпақтың бақытты ғұмыр кешуі де осындай мұсылман бабаларымыздың дұға-тілегінің арқасы шығар…

Раушан Хамитқызы,

Ақмола облысы

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға