Биыл мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды – ҚМДБ

Биыл мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды – ҚМДБ

Биыл карантинге байланысты мешіттерде Ораза айт намазы жамағатпен оқылмайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мүфтият қазақстандықтарға Ораза айт мерекесін үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырды.

Биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталды. Қасиетті ай коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында жарияланған төтенше жағдай мерзімімен тұспа-тұс келген еді.

Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға түсіп тұр. Шариғат бойынша айт намазы күн найза бойы көтерілгеннен бастап күн тас төбеге көтерілгенге дейін оқылады.

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды. Ал 18 мамырдан мешіттер ашыла бастады. Бірақ олардың жұмыс уақыты шектелген: күндіз таңғы  07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық болады. Осыған байланысты биыл қасиетті Қадір түнін де қазақстандықтар үйде қарсы алған еді.

Коронавирустың таралуына байланысты әзірге жамағатпен оқылатын бес уақыт жұма намазы мен тарауық намазына тыйым салынып отыр.

Мешітте жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға рұқсат етілген.

Жеке құлшылық кезінде 1,5 метр арақашықтық сақталуы тиіс. Құран оқитын бөлмеге он адамнан артық кіргізілмейді. Ал неке қидыратын бөлмеге тек төрт адамға ғана кіруге рұқсат.

Сонымен қатар, мешіт ішінде он бес минуттан артық болуға тыйым салынады.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға