«Арам» мен «харамның» айырмашылығы

«Арам» мен «харамның» айырмашылығы

Бұл мақаланы жазуыма әлеуметтік желідегі: «Қасиетті мешіт не үшін харам?»,-деген сұрақ себеп болды.

Қазақтар ғасырлар бойы «арам» деп тыйым салынған, істеуге болмайтын әрекет жайында айтатын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап қазақтың сөз қорында «харам» деген сөз пайда болып, бұл сөз әсіресе дін саласында, діни мазмұндағы сөзде жиі қолданыла басталды. Сондықтан, бүгінгі күні дінге енді бет бұра бастаған көпшіліктің арасында «харам» сөзідің ұғымына қатысты сұрақ туып жатқаны табиғи жайт. Олай болса, сол «арам» мен «харамның» түп негізгі мағынасы, әрі оларды қолдану мәселесіне қысқаша түрде талдау жасасақ.

Біріншіден: араб тілінде «харам» сөзі екі үлгіде қолданылады:

1. حرم (харам).

2. حرام (хараам – екінші «а» дыбысы созылыңқы).

Көріп тұрғанымыздай, екі түбірдің айырмашылығы ر («ра» әрпі) мен م («мим» әрпінің) арасындағы ا («әлиф») әрпі.

Екіншіден: араб тілінде бұл екі сөздің ортақ мағынасы – қасиетті, қастерлі, құрметті, тыйым салынған.

Үшіншіден: араб тілінде «қасиетті», «тыйым салынған» ұғымда екі үлгідегі сөз қолданыла береді:

1. البيت الحرم (әл-байтүл-харам) – Қағба.

2. البيت الحرام (әл-байтүл-хараам – екінші «а» дыбысы созылыңқы) - Қағба.

Қағба «харам» (қасиетті, тыйым салынған) лақабымен аталынудың мәнісі – Қағбада және оның айналасында аң аулауға, көкті жұлуға, қан төгуге болмайды. Басқаша айтқанда, ол жерде бір нәрсеге зиян келтіруге тыйым салынған.

3. الحرمان: مكة والمدينة (әл-харамани – Макка уә Әл-Мәдина) – екі қасиетті қала – Мекке мен Мәдина.

3. المسجد الحرام (әл-мәсжидүл-хараам) – қасиетті мешіт (Меккедегі Қағба орналасқан қасиетті мешіт).

Төртіншіден: араб тіліндегі حرام (хараам) сөзі, қазақ тіліне қолданысқа «арам» үлгісінде енген. Бұның негізгі себебі: қазақ тілінде фонетикалық (дыбысталу) заңдылыққа сай, әдетте өзге тілдегі «х» әрпі «қ» түрінде айтылуы. Мысалы, қазақтың «қайырлы» сөзі арабтың خير «хойрун» (жақсы) сөзінен туындаған. حرام (хараам) сөзіне келер болсақ, бұл сөзді қазақшалағанда «қарам» деп айтқаннан гөрі, «арам» деп айту әлде қайда қолайлы, әрі жеңіл. Қазақ тілінде حرام (хараам) сөзі «арам» үлгісінде қалыптасудың сыры осы.

Бесіншіден: қазақ тілінде حرام (хараам) сөзінің «тыйым салынған» деген ұғымы ғана қалыптасқан. Сондықтан қазақ тілінде ұрлық, маскүнемдік, өсімқорлық сияқты күнәлі істерді, шариғаттағыдай, арам, яғни «тыйым салынған амалдар» деп айтылады.

Алтыншыдан: бүгінгі күні, әсіресе жастардың дінге бет бұруы, діни сөздер кеңінен қолданысқа түсуіне алып келді. Мысал ретінде «халал», «харам», «хиджаб» сөздерін айтса болады. Осы үш сөздің «халалы» мен «харамы» қазақта атам заманнан «адал», «арам» үлгісінде айтылған. Ал «хиджаб» сөзі – жаңа сөз. Әдетте ол фонетиканың орыс тіліндегі шеттілдік сөздерді дыбыстау заңдылығына сай қолданылады. «Джамбул», «Джетысай» деген сияқты.

Сонымен, «қасиетті», «харам» және «арамды» қалай айырамыз? Бұл үшін, біріншіден: діннен біршама хабардар болған жөн. Яғни, жоғарыда айтылғандай, қазақ тіліндегі «арам» сөзі қайдан пайда болғанын (тап осы жағдайда «харам» сөзі), әрі оның түп негізгі мағынасын білген дұрыс. Ал жоғарыда «харам» сөзі – араб сөзі екенін, әрі оның бірнеше мағына білдіреті жайында айттық!

Екіншіден: тілімізге жаңалық ендірмей, «арамды» атам заманнан қалыптасқан «арам» үлгісі, әрі ұғымында қолдансақ, дұрыс болар ма еді?! Ал біреулер діни ұғымдағы сөздерді оңды-солды қолдануда табанды, әрі ыждаһатты болған жағдайда, лаж жоқ, мағынасын мәнмәтініне (контекстке) қарап айыруға тура келеді!

Реті келгенде «хиджаб» сөзін қолдану жайында айта кетсек!

Біріншіден: хижәб – араб сөзі. Мағынасы: жамылғыш, жапқыш, перде. Шариғатта «хижәб» деп әйел адамның денесін (әуретін) жайып тұратын жапқышты айтады. Мысалы, орамал. Бізде «хижәб» сөзінің дәл осы ұғымы қалыптасқан. Яғни, «хижәб» дегенде, орамалды тұспалдаймыз.

Екіншіден: мейлі, орамал емес, «хижәб» деп айтқан ұнайды екен. Онда неге орыс тілінің фонетикалық заңдылығына сай «хиджаб» демей (Жамбылды – «Джамбул», Жетісайды – «Джетысай» деген сияқты), қазақыландырып «хижәб» демеске?!

Үшіншіден: көпшілік «хижәб» дегенді қабылдамайды екен, неге «бүйректен сирақ шығармастан» «орамал» деп айта салмасқа?! «Хижәб киеді» деместен, «орамал тағады» дегеннен біреудің әуреті ашылып қалмайды ғой!

Төртіншіден: мейлі, біреуге орамалды «хижәб» деп айту ұнайды екен, онда неге соның осы қалауына кеңшілікпен, әрі түсінушілікпен қарамасқа?! Жастарымыз неше түрлі «хиповый-хитовый» сөздерді үйінде, ата-анасының көз алдында айтып-ақ жүр ғой! Мысал ретінде айтар болсақ, «давай», «пока», «уау» т.с.с.

Сөз соңы ретінде айтарымыз, түп негізінде сөзде тұрған дәнеме жоқ! Ақиқатында, мәселе бір заттың аталуында емес. Басты мәселеде, пенденің амалы шариғат талабына сай болса болғаны. Осыны түсінер болсақ, қымбат уақытымызды ұсақ-түйекке сарып етпестен, Ақырет үшін мәнді, әрі мағыналы машғұл болар едік!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға