Құрбандықтың уақыты

Құрбандықтың уақыты

Зүл-Хижжәнің 9-шы күні (30 шілде) Құрбан айттың бірінші күні басталады, ал құрбандың 30-шы шілдеде

Құрбан шалу уақыты мәселесіне келер болсақ, ол – Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін үш күннің іші.[1] Дәлірек айтқанда Зүл-Хижжә айының оныншы, он бірінші және он екінші күндері (он екінші күні күн батпастан бұрын шалыну шартымен).[2]

Хабар24 агенттігі хабарлауынша, биылғы (2020 ж.) ҚМДБ-ның құрбан шалуға қатысты былай деді: «Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды.

Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, құрбандық шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Бұл мәселеде мынадай үкім бар:

1. Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.

2. Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.

3. Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүріндегі шектік рәсімі осыған тура келеді.

4. Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген. Сондай-ақ құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал». (мәлімет 24.kz сайтынан алынды)

Арапа күні[3] және айттың үш күнінен тысқары уақытта сойылған мал құрбандыққа жатпайды. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады: «Бұл күні біздің ең әуелгі етер ісіміз – намаз оқу. Одан кейін үйге қайтып құрбан шалу. Кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Кім айт намазынан бұрыншалса, ол құрбандық емес, балашағасына берген жай ет сияқты болады».[4]

«Кім намаздан бұрын құрбан шалса, ол өзі үшін мал сойғаны. Кім намаздан кейін шалса, ол құрбандығын толық орындап, мұсылмандардың сүннетін тапқан болады».[5]

Әнас ибн Малик (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Бір кісі айт намазынан бұрын құрбан шалған еді, Нәби (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) оған құрбандығын қайта шалуды бұйырды».[6]



[1]«Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[2] қосымша ретінде «Құрбандықты қай кезде шалған абзал?» тақырыбынан қараңыз.

[3] араб тіліндегі «Арафат» сөзі қазақ тілінде «арапа» үлгісінде қалыптасқан. «Арапа күні» Һижри күнсанағымен Зүл-Хижжә айының 9-шы жұлдызына тура келеді. Ертесіне Құрбан айт намазы оқылады. Арафатта болған уақытта қажылық өтеушілер «Рахмет» тауына жақын жерде бір сәтке болса да тоқтайды. Мұны «Арафатта тұру» деп айтады.

[4]Әл-Баррадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті. («Зиядатүл-Жәмиъис-Сағир»)

[5]Әл-Баррадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті. («Жәмиъус-Сағир»)

[6]Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Мажаһ риуаят етті. («Сунәну Ибн Мажәһ»)

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға