Құрбандық малы қалай бауыздалады?

Құрбандық малы қалай бауыздалады?

Құрбандық малын сойылатын жерге жеткізілгеннен кейін, түйеден өзге мал,[1] сол жамбасына жатқызылып, Қыблаға қаратып бауыздалады. Шалатын кісі: «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар. Лә иләһә илләл-лаһу уал-лаһу әкбар. Аллаһу Әкбар уа лилләһил-хәмд»-деп тәкбир айтып, кейін: «Бисмилләһи, Аллаһу Әкбар»-деп өткір пышақпен малды бауыздайды. Сонымен қатар малды бауыздар алдында: «Бисмилләһи, Аллаһу Әкбар», «Аллаһу Әкбар, уәл-хамду лил-ләһ»,[2] «Бисмилләһ» немесе «Субханал-лаһ»-десе де дұрыс болады.[3] Мұны «тәсмия», яғни: «Хақ Тағаланың есімін атау»-деп айтады.

Тек құрбандық емес, бәлкім басқа да уақытта тәсмияны айту – мұсылмандық әдепке жатады. Осы себептен тақырыпқа сәйкес тәсмияға қатысты әдеп талаптарын орындаған дұрыс болады. Олар төмендегіше:

1. Малды бауыздайтын адам мұсылман болу;

2. Малды бауыздайтын адам тәсмияны өзі айту;[4]

3. Тәсмияны ықыласпен айту;[5]

4. Тәсмияны малды бауыздайтын кезде айту;[6]

5. Сойылатын мал сол жамбасына жатқызылғаннан кейін Қыблаға қаратылу.

Малды бауыздайтын адам тәсмияны айтқаны – Хақ Тағаланы ұлықтағаны. Ал малды Қыбла тарапына қаратуы Қыбланы құрметтегені болып табылады. Себебі, намазда Қыбла тарапына қарап тұру парыз болса,[7] намаздан тыс уақытта Қыбла тарапына қарау – мустахаб.[8]

Мал бауыздайтын адам малды Қыбла тарапына қаратуды ұмытқаны кешірімді. Алайда, қасақана Қыбладан басқа жаққа қаратып бауыздағаны – мәкрүһ.[9]



[1]яғни, шариғатта осылай істесін деген әмір жоқ.

[2] Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмаилді (ғ.с.) құрбандыққа шалған уақытта: «Аллоһу Әкбар, уәл-хамду лил-ләһ»,-деген болатын. Осыдан соң малды бауыздайтын адам тәсмияны осылай айтуы сүннәт ретінде қалыптасты. («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»)

[3]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[4]тәсмияда: «Бисмилләһи, Аллоһу Әкбар»,-деп айту – мустахаб.

[5] яғни, малды: «Бисмилләһи, Аллоһу Әкбар»,-деп жалғыз Аллаһ Тағаланы ұлықтап: «Пәленше әруақ разы болсын»,-деп өзгені араға қыстырмау.

[6] себебі, малды бауыздайтын адам малдың аяғын баялағаннан соң тәсмияны айтып, кейін біршама уақыт өткізіп, мәселен тамақтанып, малды бауыздауы дұрыс емес.

[7]«Әл-Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[8]«Әл-Мабсут».

[9] бұл мәселеге қатысты Ибн Омар (родиял-лаһу ъанһу): «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) малды бауыздайтын малдың басын Қыблаға қарататын»,-деген. Мұның себебі: жәһилийат дәуірінде, яғни Исламнан бұрын мушриктер (пұтқа табынушылар) бауыздайтын малдың басын өздері табынған пұттарға қарататын. («Әл-Мабсут»)

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға