Құрбандықтың еті мәселесі

Құрбандықтың еті мәселесі

Құрбандықтың иесі сойылған малдың бәрін мұқтаждарға садақа етіп таратуға да, толығымен балашағасына алып қалуға да болады. Дегенмен, абзалы етті үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаждарға садақа ету, екінші бөлігін туыс, таныс және көршілерге беру, ал үшінші бөлігін өз балашағасымен жеу.[1]

Құрбандықтың етін берген жағдайда, мәселен көршілерге, Хақ Тағаланың: «Одан[2] жеңдер әрі мұқтажға да,[3] мұқтаж емеске де жегізіңдер»-дегеніне сай[4] етті алатын адамның бай немесе садақаға мұқтаж болуы назарға алынбайды.[5]

Сонымен қатар тұрмыстық жағдайы шамалы, балашағасы көп кісі құрбандық етін өз балашағасымен жегені де дұрыс.[6] Себебі, құрбандықтағы негізгі мақсат – шариғат талабына сай малды құрбандыққа шалу.[7] Яғни, бастапқы мәселе – құрбандыққа мал шалу. Ал одан кейінгісі әркімнің өз ахуалына байланысты.

Құрбандық етін сатуға болмайды.[8]

Құрбандық етінен мұсылман болмаған кісілерге беруге рұқсат.[9] Мәселен, бірде құрбандыққа шалынған малдың етін бөлетін кезде Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Айша анамызға (родиял-лаһу ъанһа): «Етті үлестіруді яһуди[10] көршімізден баста»-деп бұйырған болатын.[11]

Абдуллаһ ибн Ъамрдің (родиял-лаһу ъанһу) отбасы құрбандық шалған болатын. Сонда Абдуллаһ ибн Ъамр (родиял-лаһу ъанһу) үш қайтара: «Яһуди көршімізге бердіңдер ме?»-деп сұрап, кейін: «Мен Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Жәбраил (ғаләйһиссаләм) маған көршiге жақсылық iстеудi өсиет еткенi соншалық, мен тiптi көршi де мирасқорлар қатарына қосылады-ау деген ойда болдым»-дегенін естідім»-деді.[12]

Біреулер: «Құрбандықтың етін үш күннен артық сақтауға болмайды екен»-дейді. Бұған жауап: тарихтан Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) әуе-ліде үш күннен артық сақтаудан тыйғаны мәлім. Алайда, кейін құрбандықтың етін әркім өз қалауынша сақтауға және жеуге рұқсат еткен болатын. Бұл мәселеде Имам Муслим мен Имам Насаидің Жәбир ибн Абдуллаһтан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисі дәлел. Жәбир (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) құрбандықтың етін үш күннен артық жеуге тыйым салған еді. Кейін: «Құрбандықтың етін жеңдер және сақтаңдар»-деді».[13]

Имам Мұхаммед (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Құрбандықтың етін үш күннен артық сақтаудың оқасы жоқ. Әуеліде Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) құрбандықтың етін үш күннен артық жеуден тыйып, кейін рұқсат етті. Бұл жағдайда Оның (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) кейінгі сөзі бұрын айтқан сөзін мансұқ етеді». Мазһабымыздың имамы Имам Әбу Ханифа және басқа да ғалымдар осы көзқарасты ұстанған.[14]

Дегенмен, бір себептермен мұқтаж, кедейлер көбейіп кетсе, құрбандықтың етін түгел садақа етіп жіберген абзал. Бұл жағдайда назарға халықтың жалпы әлеуметтік жағдай алынады.



[1]«Әл-Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[2]яғни, сойылған малдың етінен.

[3]кедей, жетім-жесірлерге, құрбандық шалмағандарға.

[4]«Хәж» сүресі, 36 аят.

[5]«Әл-Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[6]«Әл-Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[7]«Мухтасарүл-Қудури», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[8]«Матну Әби Шужәъ».

[9]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[10] яһуди – Таурат және Забур бойынша амал етуші.

[11]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[12]«Тухфатүл-Ахуази».

[13]яғни, құрбандықтың етін қалауларыңша жеңдер және азық ретінде сақтаңдар. Жәбирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим және Имам Насаи риуаят етті. («Сахиху Муслим», «Хашиятус-Санади ъалән-Насаи»)

[14]«Әл-Муатта`а».

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға