Ташриқ күндері

Ташриқ күндері

Ташриқ күндері – мұсылман күнтізбесіндегі ұлық күндер қатарында жатады.

Алла Тағала айтады: «Алла Тағаланы санаулы күндерде зікір етіңдер!»

Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Ташриқ күндері – ішіп-жей және Алла Тағаланы зікір ету күндері».

Ташриқ күндері аят пен хадисте ескерілуі бұл күндердің қасиеттілігін меңземей ме?!

Зүл-Хижжа айының бес күні, яғни Арапа күні мен кейінгі Құрбан айттың төрт күні «аййамут-ташриқ» (ташриқ күндері) деп аталады. Бұл күндері парыз намаздарынан кейін ташриқ тәкбирі айтылады. Дәлірек айтқанда тәкбирдің айтылуы Арапа күнінің таң намазынан басталып, айттың төртінші күнінің аср намазына дейін созылады.

Ташриқ тәкбирдің үлгісі:

اَللهُ أَكْبَرُ، اَللهُ أَكْبَرُ، لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللهُ وَاَللهُ أَكْبَرُ، اَللهُ أَكْبَرُ وَلِلَّهِ الْحَمْدُ

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһә илләл-лаһу, уал-лаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лил-ләһил-хәмд».

Ташриқ тәкбирін айту ер кісілерге – уәжіп. Әйел және мусафирге шарт емес. Алайда, муқим кісіге ұйыған мусафирге ташриқ тәкбирін айту уәжіп болады.

Ташриқ тәкбирі жалғыз да, жамағатпен де оқылған парыз намазында сәлем бергеннен кейін бір рет айтылады. Жұма намаздың да үкімі осы. Себебі, жұма намаз парызға жатады.

Нәфіл, үтір уәжіп және жаназа намазынан кейін, яғни бес уақыт намаздың парызынан тыс ташриқ тәкбирі айтылмайды.

Жамағат намазында ерлер тәкбирді имамға еріп дауыстап айтады.

Жамағат ер-әйел аралас болған жағдайда әйелдер тәкбирді ерлерге естіртпей айтады.

Ташриқ күндері намазын қаза еткен адам намаздың қазасын өтегенде тәкбирді айтады. Ал ташриқ күндерінде басқа уақытта қаза болған намаздың қазасын өтеген жағдайда тәкбир айтылмайды.

Имам намаздан соң тәкбирді айтуды ұмытқан жағдайда оған ұйыған адам тәкбирді дауыстап айтуына болады.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға