Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Құран әшекей емес!

Құран әшекей емес!

Бір елдімекенге дін мәселесін жетік меңгерген имам тағайындалады.

Оразаның кезінде имамды бір отбасы ауызашарға шақырады. Ауызашарда үй иесі, оның әйелі және имам ғана болады. Имам кеткеннен соң, үй иесі ақшасы жоғалғанын байқайды. Бірақ бұл жайында имамға айтуға ұялады.

Бір жыл өткеннен соң, оразада үй иесі әлгі имамды қайта ауызашарға шақырады. Дастархан басындағы әңгіме барысында үй иесі: «Тақсыр! Өткен жылмен салыстырғанда, менің сізге деген көзқарасым өзгерді»,-дегенде, имам: «Не себепті?»,-деп сұрады. Үй иесі: «Былтыр келгеніңізде, үйден ақша жоғалған еді»,-деп жауап берді. Бұны естіген имам күйініп жыла жібереді.

- Неге жылайсыз? Сізден күмәнданғаныма ма?

Сол кезде көз жасын тоқтата алмаған имам орнынан тұрып, сөреден тұрған Құранның астынан ақшаны алып былай дейді: «Былтыр келгенімде жел тұрып, ақшаны ұшырып жерге түсірген еді. Сол кезде мен ақшаны алып, Құранның астына бастырып қойған болатынмын. Ал қазір сіз менен күмәнданғаныңызға емес, былтырдан бері Құранды қолыңызға алмағаныңызға күйініп тұрмын».

Ғасырлар бойы дінді ұстанған ата-бабаларымыз ұрпағының бойына Құранды құрметтеу сезімін дарыта білген. Қазақ Құранды төріне, жоғары орынға қоюі – осының белгісі! Ал бүгінгі күні Құранды кітап, ыдыс-аяқ тұратын шкафқа қою үрдісі пайда болған. Әрине, бұл да болса Құранға деген құрметтің белгісі! Дегенмен, кітап, ыдыс-аяқ тұратын шкаф Құран жыл бойы тұратын орны емес. Құран шкафта емес, мұсылманның қолда болуы тиіс!

Құран – Алла Тағаланың сөзі, мұсылмандық тіршілік заңнамасы! Сондықтан Құранды, құрметтеп болсада, әшекей затына айналдырмайық, құрметті мұсылман қауым!

Әр нәрсені ақысы бар! Ал Құранның ақысы – оны оқу, әрі ондағы айтқанмен жүру!

Алла Тағала Құранға қатысты міндетіміз орындалуын жазсын! Әмин!

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014