Абыройдың үлесі!

Абыройдың үлесі!

Бір бойжеткен келін болып түседі. Бір ай өткеннен соң енесі келініні: «Бақытты бол қызым! Баламның намаз оқуына себепкер болдың! Мен отыз жыл бойы істей алмағанымды, сен отыз күнде істедің. Бақытты бол!»,-деп, қуанғанынан көзіне жас алды.

Сонда келіні былай деді: «Апа! Мен сізге бір қысса айтып берейін. Бір күні таудан түскен бір үлкен тас жолды жауып қояды. Бір адам қайласын алып келіп, тасты ұрып сындыруға әрекет етеді. Тасты 99 рет ұрады. Бірақ тас сынбайды. Сол кезде бір жолаушы келіп қаладыда: «Не істеп жатырсың?»,-деп сұрайды.

- Мына тасты жолдан алып тастау керек. Маған көмектесіп жібер!

Жолаушы қайланы алып бір ұрғанда, тас бөлшек-бөлшек болып қалады. Қараса, тастың астында алтын толған әмиян жатыр. Оны көріп, екеуі таласып қалады.

Жолаушы: - Бұл тасты мен сындырдым. Әмиян менікі – дейді.

Қайланың иесі: - Жоқ! Сен соңында келдің. Мен бұл тасты 99 рет ұрмасам, ол сынбас еді – дейді.

Осылайша қайла иесі мен жолаушы ұзақ уақыт бойы айтысып, бір шешімге келе алмай, істі қазиге ұсынуды жөн көреді.

Қази істің мән жайын тыңдағаннан соң қайла иесіне: - Сіз тасты 99 рет ұрған екенсіз, сізге алтынның 99 бөлігі болсын – деп, жолаушыға: - Сіз тасты бір рет ұрған екенсіз, сізге алтынның бір бөлігі болсын – деп үкім шығарады».

Расындада, қайла иесі тасты 99 рет ұрмаса, тас жолаушының бір ұрғанынан бөлінер ме еді?

Отыз жыл бойы анасының сөзіне құлақ аспаған баласы, келіннің себебінен 30 күннің ішінде намазға жығылды. Келіннің көркеммінезділігі мен көргендігін қараңыз! Ол даналықпен баланың намазға жығылғанын өз ісі деп білмей, ананың қамы мен бейнеті бекер болмағанына ишара етті.

Өмір осындай! Кейде біреудің бейнетін, атағы мен абыройын басқа біреу иеленіп жатады. Бұны ғимараттың іргетасымен салыстырса болады. Іргетас болмаса, дуал тұрмайды. Бірақ бұл жайында көп адам ойланбастан, бар назарын дуалдың соңғы қышын қойған адам салады.

Әрбір амал ниетке қарай есепке алынатынын ұмытпайық! Әрбір пенденің игі істегі үлесі ықыласына байланысты. Әрбір істің шын бағасы мен ақиқат нәтижесі Қияметте анық болады!

Бүгінгі күні бізде тұрмысқа шыққан қызға: «Барған жеріңде бақытты бол!»,-деп тілек айту үрдісі қалыптасқан. Бұл – өте дұрыс тілек! Дегенмен, ілгеріде қазақ тұрмыс құрып жатқан қызына: «Барған жеріңді бақытты ет!»,-депте бата берген.

Сөз соңыда тілеріміз: қыздарымыз барған жерін бақытты ететін көркеммінез иесі болсын! Ықылас болса, әркім Ақыретте өз үлесіне қол жеткізеді! Алла Тағала баршамыздың қайырлы үлесіміз мол болуын жазсын! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға