Дүниедегі ең қымбат нығмет!

Дүниедегі ең қымбат нығмет!

Алла Тағала «Ғофир» сүресінің 28-ші аятында былай деген: «Рас, Алла Тағала шектен шығушы, жалғаншыларды тура жолға салмайды».

Дүниеде бір нығмет бар. Оның құнын мал-дүниемен өлшеу мүмкін емес. Ол – Алла Тағаланың һидаяты. Яғни, тура жол табу.

Һидаят – дұрыстық, бағыттау.

Шариғатта «һидаят» деп «Алла Тағалаға иман келтіру, әрі соған сай амал ету» деп айтылады.

Хақ Тағала жәннатты һидаят нәсіп болғандар үшін жаратты.

Жәннат – пенде иман келтіріп, соған сай амал еткеннің сауабы.

Сауап – игі амалдың сыйы, өтемі.

Әрбір нәрсенің нәтижесі әрекетке байланысты. Демек, һидаятқа қол жеткіземін деген пенде соған сай әрекет етуі тиіс. Ал әрекет ниеттен бастау алады. Қазақтың: «Жақсы пейіл, жарым ырыс»,-деген сөзі осының бейнесі. Ырыстың екінші жартысы пенденің амалымен байланысты. Бұны «қалай еркі» деп айтады. Хақ Тағала осы «қалай еркін» пенденің үлесі еткен. Яғни, пенде қаласа, сауапты амал істейді, қаламаса, істемейді. Міне, осы жағдай Хақ Тағала әділдігінің бейнесі! Алла Тағалаға әділетсіздікке бармайды, әрі иманды пендесін мәңгі тозақы, ал кәпірді мәңгі жәннатты етпейді. Құранда бұл мәселеге қатысты: «Раббың пенделеріне зұлымдық етпейді»,-деген. («Фуссилат», 46 аят)

Демек, һидаятқа кол жеткізу – пенденің қолында. Сондықтан біреу мына пәниде адасып, Ақыретте соның зардабын шегіп жатса, өзінен, өз ниеті мен ісінен көрсін.

Ақиқат! Алла Тағала ниеті бұрыс, тура жолды іздемеген, сауапқа ұмтылмаған пендесіне һидаятын нәсіп етпейді.

Ислам – арзан, өтпей қалған заттар дүкені емес! Пасықтық, залымдық, күпірлік – һидаятқа түбегейлі теріс сипаттар. Сондықтан Алла Тағала осы сипаттарға ие пендесін тура жолға бастамайды. Яғни, дүниедегі ең қымбат сыйын нәсіп етпейді!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға