Мауліт: әрбір мұсылман білгені жөн!

Мауліт: әрбір мұсылман білгені жөн!

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жеті перзенті болды: үш ұлы және төрт қызы.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ұлдары:

1. Әл-Қасим.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бірінші ұлы. Осы себептен Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм), арабтардың дәстүріне сай, «Әбул-Қасим», яғни «Қасимнің әкесі» деп аталған.

Әл-Қасим анасы – Хадиша анамыз (родиял-лаһу ғанһа).

Әл-Қасим Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) пайғамбарлық түсуден алдын, Меккеде дүниеге келіп, жастай бақилық болған.

2. Абдулла.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) екінші ұлы. Абдулланың да анасы – Хадиша анамыз (родиял-лаһу ғанһа).

Кейбір риуаяттарға сүйенер болсақ, Абдулла Меккеде, Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) пайғамбарлық түскеннен кейін дүниеге келіп, жастай шетінеп кеткен.

3. Ибраһим.

Ибраһимнің анасы – Мария Қоптийа (родиял-лаһу ғанһа).

Ибраһим һижри сегізінші жылы дүниеге келіп, жастай қайтыс болып кеткен.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қыздары:

1. Зайнаб.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үлкен қызы. Пайғамбарлықтан он жыл алдын дүниеге келген.

Меккеден Мәдинаға һижрат еткен. Отыз жасында дүниеден өтті.

2. Руқаййа.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) екінші қызы. Пайғамбарлықтан жеті жыл алдын дүниеге келген.

Екі рет һижрат еткен: алдымен Хабашстанға (Эфиопия), кейін Мәдинаға.

Үшінші әділ халифа Осман ибн Аффанға (родиял-лаһу ғанһу) үйленіп, Бәдр ғазауаты болған жылы, 22 жасында дүние салған. Артында Абдулла есімді ұлы қалған.

3. Умму Күлсум.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үшінші қызы.

Умму Күлсумге (родиял-лаһу ғанһа) Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қас жауы Әбу Ләһабтың Ғутба есімді ұлы құда түскен болатын. Бірақ бұл келісім Әбу Ләһабтың талабымен Умму Күлсум мен Ғутбаның некелесіп қосылуынан бұрын бұзылған болатын. Бұған Умму Күлсумнің (родиял-лаһу ғанһа) мұсылмандығы себеп болды.

Жұбайы Руқаййа (родиял-лаһу ғанһа) қайтс болғаннан кейін, Осман ибн Аффан (родиял-лаһу ғанһу) Умму Күлсумды (родиял-лаһу ғанһа) некелеп алды. Осы себептен Осман ибн Аффан (родиял-лаһу ғанһу) «Зун-Нурайн», яғни «екі нұр иесі» лақабына ие болды.

Умму Күлсум (родиял-лаһу ғанһу) Мәдинада һижри 9-шы жылы қайтыс болды.

4. Фатима.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) төртінші, кенже қызы. Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Меккеден Мәдинаға һижрат етуден 5 жыл бұрын дүниеге келген.

Фатима (родиял-лаһу ғанһа) – Әли ибн Әби Толибтің (родиял-лаһу ғанһу) жұбайы.

Фатиманың (родиял-лаһу ғанһа) төрт перзенті:

1. Хасан.

2. Хусайн.

3. Умму Күлсум.

4. Зайнаб (родиял-лаһу ғанһум).

Фатима (родиял-лаһу ғанһа) Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бақилық болғаннан кейін, шамамен алты айдан соң дүние салған.

Көріп тұрғанымыздай, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) барлық перзенті әкелерінен бұрын дүние салған. Тек Фатима (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бақилық болғаннан соң, алты айдан кейін қайтыс болған.

Алла Тағала Пайғамбарымызды (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) және оның отбасы мүшелерін рахмет айласын! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға