Ислам – бейбітшілік діні!

Ислам – бейбітшілік діні!

Һижри 8-ші жылы, қасиетті Рамазанның 20-шы жұлдызында мұсылмандар Меккені иеленді. Бұл оқиға тарихта «Меккені иелену» және «Ұлық жеңіс» деп аталады.

Бұдан ілгері, Рамазанның 10-шы жұлдызында Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) 12 мың әскерімен Мәдинадан Меккеге бет алған болатын. Бұған себеп меккелік мушриктері мұсылмандармен болған бейбітшілік келісім шарттын бұзулары себеп болды.

Жолда, Жүхфада (жер атауы) мұсылмандардың әскеріне Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ағасы (әкесінің бауыры) Аббас ибн Абдулмутталиб (родиял-лаһу ғанһу) кезікті. Аббас (родиял-лаһу ғанһу) отбасымен Меккеден Мәдинаға бара жатқан еді.

Аббас ибн Абдулмутталиб (родиял-лаһу ғанһу) отбасын Мәдинаға жөнелтіп, мұсылмандар әскеріне қосылды.

Мұсылмандар Меккенің жанындағы Марр Аз-Заһран аңғарына жеткенде Аббас (родиял-лаһу ғанһу) Меккеге қарай жөнелді. Ол меккеліктерге Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қарсы шықпауға, ал қарсылық көрсетілген жағдайда мұсылмандар  күшке жүгінетініні жайында хабарлауға тиіс еді.

Дәл сол кезде Әбу Суфйан Меккенің тысында барлаушылық мақсатымен жүрген болатын. Оны кездестірген Аббас (родиял-лаһу ғанһу) оған Пайғамбарымызбен (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бейбітшілікке келісуді ұсынды.

Әбу Суфйан Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) алдына келді. Сонда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) оған: «Уа, Әбу Суфйан! Сен Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ екенін білмедің бе? Мен Хақ Тағаланың елшісі екенімді білмедің бе?»,-деді. Әбу Суфйан тәубесіне келіп, кәлима айтып мұсылман болды.

Осыдан соң Аббас (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Уа, Расулуллаһ! Суфйан мәртебелікті жақсы көретін адам. Оған соған сай құрмет білдірсеңіз жақсы болады»,-деген кеңес береді. Сонда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Мұсылмандар Меккеге кіргенде Әбу Суфйанның үйіне кірген – амандықта болады. Үйінде болғандар амандықта болады. Әл-Харам (қасиетті) мешітте болғандар амандықта болады»,-деп жариялады.

Мұсылмандар Меккеге қандай әскермен келгенін көрген Әбу Суфйан (родиял-лаһу ғанһу) меккеліктерге Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сәлемін жеткізді. Мұны естіген меккеліктер үйіне жасырынатыны үйіне жасырынып, бір бөлігі Қағбаның жанына шоғырланды.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әскеріне қарусыз адамды өлтірмеуді бұйырып, Меккеге кіруді әмір етті.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бастаған мұсылмандар Қағбаға келді. Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Қара тасты сүйіп, Қағбаны тауаф етіп, Құранның мына аяттарын оқып тұрып Қағбаның айналасындағы 360 пұтты талқандады: «Былай де: «Ақиқат келді! Батыл жойылды! Негізі батылдық – әлсіз нәрсе». («Исра», 81 аят) «Былай де: «Ақиқат келді! Енді бұзықтық билемейді, әрі қайтып келмейді». («Сәба», 49)

Қағбаны тауаф еткеннен соң Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Қағбаның ішіне кіріп, ондағы суреттерді өшіріп тастауын бұйырды. Кейін Қағбаның ішінде намаз оқып, сыртқа шығып Қағбаның кілтін Осман ибн Талхаға (родиял-лаһу ғанһу) тапсырды. Осы кезге дейін Қағбаның кілті сол Осман ибн Талханың (родиял-лаһу ғанһу) ұрпақтарына мирас ретінде тапсырылып келеді.

Қағбаның жанына жиналған меккеліктер: «Енді не болар екен?»,-деп күтіп тұр. Сонда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) олардан: «Уа, Құрайш қауымы! Мен сендерге не істейді деп ойлайсыңдар?»,-деп сұрады. Жиналған жұрт: «Сен біздің ардақты бауырымызсың. Ардақты бауырымыздың ұлысың»,-деп жауап берді. Сол кезде Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деді: «Мен сендерге Юсуф пайғамбар бауырларына дегенін айтамын: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ!» («Юсуф», 92 аят) Кете беріңдер! Сендер боссыңдар!» Осы сөзінен соң Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Биләлға (родиял-лаһу ғанһу) Қағбаның үстінде тұрып азан айтуын бұйырды.

Уа, мұсылмандар! Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызды (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әлемге өзінің рахметі ретінде жібергені жайында айтқан. («Әнбия», 107 аят) Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзі: «Мен лағынеттеуші емес, Алла Тағаланың рахметі ретінде жіберілдім»,-деді. (Муслим)

Жоғарыдағы әңгіме – осының айғағы!

Алла Тағала Құранда мұсылмандарға бірінші болып қару көтермеуді, біреу зұлымдыққа барса, кек қайтаруда шектен шықпауды, мұсылмандар Отанын, отбасын, ары мен намысын қорғауды бұйырған. Дініміздің осы талабы қандай зайырлы қоғамның заңына, кімнің азаматтық ұстанымына қайшы?! Дәл сол «зайырлымыз» дегендер ақша үшін бір-бірінің тұмсығын талқандап жүрген жоқ па?!

Уа, мұсылмандар! Мұсылмандарды қанішер ретінде көрмейік! Дінімізге жала жаппайық! Ар, намыс: «Менің дінім!»,-деген сезім қайда? Өз дінімізді өзіміз қараламайық! Ұят болады!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға