Әулиелердің түні!

Әулиелердің түні!

Тақырыпқа кіріспе ретінде!

Түнгі құлшылық – мүминнің Хақ Тағаланың назарындағы мәртебесі, абыройы мен құрметі!

Иманы кемел пенделер түнгі құлшылықты қаза етпеген. Өзіне түнгі құлшылықты уәжіп (міндетті) етіп алған көптеген мұсылман болған. Қазір де бар!

Баршамыз «әулие» деген сөзді естігеміз. Бірақ көп адам «әулие» десе көз алдына біреу біреуді емдеп жатқанын, аспанда құс болып ұшқанын, жерде жылан болып жорғалағанын елестетеді. Негізі бұл айтылғанның әулиелікпен байланысы шамалы ғана!

Қазақтың «әулие» сөзі арабтың «уәли» (дос, жақын) сөзінен туындаған. «Әулие» сөзі сол «уәли» сөзінің көпше түрі. Бірақ бізде ол жекеше ұғымда қалыптасқан (әулие – әулиелер).

Шариғатта «әулие», яғни «Алла Тағаланың досы, Алла Тағалаға ерекше жақын адам» деп тақуа, дінге жан-тәнімен берілген, іс-әрекеті шариғатқа қайшы келмеген адамды айтады. Мысал ретінде айтар болсақ, пайғамбардың барлығы әулие. Сахабалардың ішінде, мәселен, Әбу Бәкр, Омар, Осман, Әли, Хадиша және Айша аналарымызды (родиял-лаһу ғанһум), тағы осыларға ұқсаған адамдарды әулие десе болады. Бұлар көкте құс болып қалқымады, суда балық болып жүзбеді. Бірақ иманда ықыласты болып, бүкіл тіршілігін дінге арнады! Яғни, әулиеліктің негізгі, әрі бастапқы талабын орындады.

Әулиелердің кереметтері болады. Бірақ, біріншіден, бұл әулиеліктің негізгі шарты емес, екіншіден бүгінгі тақырыбымыздан бөлек әңгіме! Бүгін біз әулие, яғни «Алла Тағалаға ерекше жақын» пенделердің бір сипаты, тіршіліктерінің бір тұсы жайында әңгімелейміз. Ол – солардың түнгі құлшылықтары!

Сонымен, бастаймыз!

- Әбу Осман Ән-Нәһди (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Мен Әбу Һурайраның (родиял-лаһу ғанһу) үйінде жеті күн қонақ болдым. Сонда Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу), оның әйелі мен қызметшісі түнді үшке бөліп, біреуі намаз оқып болғаннан соң келесісін оятатын». (Бухари)

Әбу Осман Ән-Нәһди (рохматуллаһи ғаләйһи) – басралық табиғин, хадистердің рауиі.

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) – Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) хадисін ең көп риуаят еткен сахаба.

- Шаддад ибн Аус (родиял-лаһу ғанһу) төсекке жатса, ұйықталмау айнап: «Уа, Тәңірім! Тозақ оты менің ұйқымды қашырды»,-деп намазға тұрып кететін. («Сыфатус-Софуа»)

Шаддад ибн Аус (родиял-лаһу ғанһу) – өзінің шешендігі, жұмсақтығы және даналығымен әйгілі болған ғалым сахаба. Әбу Дарда (родиял-лаһу ғанһу): «Әрбір үмметтің фақиһі болады. Бұл ұмметтің фақиһі – Шаддад ибн Аус»,-деген.

- Омар ибн Хаттабтың (родиял-лаһу ғанһу) дәуірінде қарилар тарауаих намазын ұзақ оқығаны соншалық, адамдар қиымда таяққа сүйеніп тұратын, әрі тарауих намазы таң намазына жуық уақытқа дейін оқылатын. (Байһақи)

Омар ибн Хаттабтың (родиял-лаһу ғанһу) – екінші әділ халифа, өзінің ерекше тақуалығымен әйгілі сахаба.

- Абдур-Рохман ибн Һурмуз (рохматуллаһи ғаләйһи) айтуынша олардың кезінде қарилар тарауих намазында «Бақара» сүресін сегіз рәкәғатта оқитын. Егер он екі рәкәғатқа созса адамдар өзін намазды тез оқығандай сезінетін. (Байһақи)

Абдур-Рохман ибн Һурмуз (рохматуллаһи ғаләйһи) – табиғин, қари, хадис рауиі.

- Абдулла ибн Омар (родиял-лаһу ғанһу) Рамазанда тарауих намазын үйінде жамағатпен оқитын. Тарауих намазынан кейін адамдар тарағаннан соң бір ыдысқа су алып, сонымен Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мешітіне барып, сонда таң намазын оқығанға дейін болатын. (Байһақи)

Абдулла ибн Омар (родиял-лаһу ғанһу) – сахаба, екінші әділ халифа Омар ибн Хаттабтың ұлы.

- Әли ибн Бәккәр (рохматуллаһи ғаләйһи), қызметшісі төсегін салғаннан кейін, төсегін сипап: «Құдай ақы! Сен өте жақсысың»,-деп, намазға кірісіп кететін.

Әли ибн Бәккәрдің (рохматуллаһи ғаләйһи) бір дегені: «Қырық жыл бойы мені тек таңның атқаны ғана өкіндірді».

Әли ибн Бәккәр (рохматуллаһи ғаләйһи) – һижри 2-3 ғасырларда өмір сүрген. Тақуа, құдайшыл ғалым.

- Мұхаммед ибн Юсуф (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Саури (рохматуллаһи ғаләйһи) бізді түнде оятып былай дейтін: «Жігіттер! Жастық шақтарыңда намаз оқып қалыңдар. Қазір намаз оқымасаңдар, қай кезде оқисыңдар?» («Хилйатүл-әулия»)

Мұхаммед ибн Юсуф (рохматуллаһи ғаләйһи) – ғалым, мухаддис, Сауридің (рохматуллаһи ғаләйһи) шәкірті.

Суфйан Саури (рохматуллаһи ғаләйһи) – куфалық ғалым, мухаддис.

- Абдул-Уахид ибн Зайд (рохматуллаһи ғаләйһи) күніге түнде отбасын түнгі намазға тұрғызып былай дейтін: «Уа, отбасым! Тұрыңдар! Бұл дүние ұйқы орны емес. ұзақ ұйқы қабырда болады».

Абдул-Уахид ибн Зайд (рохматуллаһи ғаләйһи) – басралық имам, Хасан Басридің (рохматуллаһи ғаләйһи) шәкірті.

- Имам Аузағидің (рохматуллаһи ғаләйһи) әйеліне келген бір әйел жердегі ылғалды көріп: «Балаңды қадағаламай, ол шейхтің намаз оқитын жеріне жіберіп қойған ба?»,-дегенде, Аузағидің (рохматуллаһи ғаләйһи) әйелі: «Қоя бер! Әрбір таңда осылай болады»,-дейді. Яғни: имам Аузағи (рохматуллаһи ғаләйһи) күніңе түні бойы намаз оқып, намаз барысында көзден аққан жастан жер суланып кететін. (Тарихул-Димашқ)

- Хасан Басри (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Мен түнде оқылатын намаздан артық нәрсені көрмедім».

Хасан Басри (рохматуллаһи ғаләйһи) – табиғин, басралық ғалым.

Алла Тағала діндегі әлсіздігімізді, құлшылықтағы ыждағатсыздығымызды кешірсін, баршамызға әулиелердің жолын нәсіп етсін! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға