Нәпіл оразаның артықшылығы!

Нәпіл оразаның артықшылығы!

Нәпіл – парызға қосымша.

Нәпіл ораза – парыз оразаға қосымша ораза.

Нәпіл ораза түрлері:

1. Дүйсенбі және бейсенбі күні ұсталатын ораза.

Артықшылығы:

- дүйсенбі және бейсенбі күні пенденің амалдары көкке көтеріледі. Осы себептен Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осы күндері ораза ұстап: «Мен амалдарым оразамен бірге көтерілуін қалаймын»,-деп айтатын. (Насаи)

Орта Азиядағы «бейсенбілік шай» деген осыдан пайда болса керек!

2. Мұсылмандық күнтізбесі бойынша Ай толған күндері ұсталатын ораза. Ол: айдың 13, 14, 15 күндері.

Артықшылығы:

- Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Ай толған күндері ораза ұстауды әдет еткен. (Тирмизи) Сондықтан осы күндері ауыз бекіткен адам сүннет амалын орындаған болады. Ал сүннетті орындау Қияметте Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) шапағатын нәсіп етеді.

- әр күнге он есе артық сауап жазылады; (Бухари)

- жыл бойы ораза ұстағанның сауабы нәсіп; (Бухари)

3. Шағбан айының оразасы.

Артықшылығы:

- Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) шағбан айында ерекше көп ораза ұстап: «Бұл айда амалдар әлемдердің Раббысына көтеріледі. Мен амалым оразамен бірге көтерілуін қалаймын»,-дейтін. (Насаи)

4. Мухаррам айының оразасы.

Артықшылығы:

- Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазаннан кейін абзал ораза мухаррам айының оразасы екенін айтқан. (Бухари)

5. Ашура оразасы.

Артықшылығы:

- Ашура оразасын ұстаған адам Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннетін орындаған болады.

Ашура – мухаррам айының оныншы жұлдызы. Меккеден мәдинаға һижрат еткеннен кейін Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Ашура оразасын өзі ұстап, әрі мұсылмандарға бұйыған болатын. кейін Рамазан оразасы парыз болғаннан кейін, Ашура оразасы ерікті болып қалды. Қалаған ол оразаны ұстайтын, қаламаған ұстамайтын. (Бухари)

Ескерту! Ашура оразасын ілгері, немесе кейінгі күнмен қосып ұстау – сүннет. Бұның мәнісі: тек мухаррамның оныншы күні ораза ұстаған яһудилерден ерекшелену.

6. Шаууәл айының оразасы.

Шаууәл – Рамазаннан кейінгі ай.

Артықшылығы:

- Рамазаннан соң шаууәл айында алты күн ауыз бекіткен адам жыл бойы ораза ұстағанның сауабын алады. (Муслим)

Ескерту! Шаууәлің алты күн оразасын тұтас, немесе бөліп ұстаса болады. Мәселе, шаууәл айының ішінде ұсталуы тиіс.

7. Зүл-Хижжә айының бастапқы тоғыз күнінде ораза ұстау.

Артықшылығы:

- Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Зүл-Хижжәнің бастапқы тоғыз күнінде ауыз бекітудің сауабы дін жолында соғысудың сауабынан абзал деген. (Бухари) Әркім өз қалауынша ауыз бекітеді. Тұтас тоғыз күн ораза ұстаса жақсы!

8. Арапа күнінің оразасы.

Арапа – Зүл-Хижжә айының тоғызыншы жұлдызы.

Қажылық сапарында болмаған адам Арапа күні ауыз бекітуі тым сауапты амал. Қажылықта жүргендер бұл күні ауыз бекітпейді. Себебі, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) оған тыйым салған болатын. (Ахмад)

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Арапа күні ораза ұстау өткен жыл мен келер жылдың күнәсі кешірілуіне септігін тигізетіні жайында айтқан. (Муслим)

9. Күнара ұсталатын ораза.

Бұл ораза «Дауд пайғамбардың (ғаләйһис-саләм) оразасы» деп те айтылады.

Артықшылығы:

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Оразалардың ішінде Алла Тағала ең жақсы көрген ораза – Дауд пайғамбардың (ғаләйһис-саләм) оразасы»,-деген болатын. (Бухари)

Жоғарыда айтылған нәпіл оразаларға ортақ артықшылық жайында айтар болсақ, ол:

1. Ораза ұстау ниетімен сәресі ішкен адамға Алла Тағала және періштелер жақсылық тілейді.

2. Сәресі ішкен адам Хақ Тағаланың берекетіне қол жеткізген болады.

3. Ауыз бекіткен адамның дұғасы қабыл.

4. Алла Тағала бір күн ораза ұстаған пендесін тозақтан жетпіс жылға алыстатады. (Ораза ұстаған адам тозақтан аман болатынына ишара!)

5. Ораза ұстағандарға Раййан жәннаты нәсіп. Раййан – жәннаттың ішіндегі жәннат! Раййан – пейіштегілердің өздері кіруге құштар болатын жәннат түрі!

6. Нәпіл ораза парыз оразада жіберілген кемшіліктердің өтемі.

Қысқашасы осы!

Сөз соңында ескерту! Рамазан оразасы – парыз! Ал жоғарыда айтылған ораза түрлері парыз оразадан бөлек. Жыл бойы нәпіл ораза ұстау бір күн парыз оразаның орнын баса ламайды.

Алла Тағала баршамызға ораза ұстағандардың қатарында болуымызды жазсын! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға