Адамның ең құнды ағзасы!

Адамның ең құнды ағзасы!

Алла Тағала «Шұғара» сүресінің 88-89 аяттарында Қияметті сипаттап былай деген:

يَوْمَ لَا يَنفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَإِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні мал да, бала да пайда бермейді. Тек кім сау жүрекпен келсе ғана, сол пайда береді».

Бұл жерде айтылып тұрған жүрек – Алла Тағалаға серік қосу мен күмәннан пәк жүрек. Муфассирлердің басым көпшілігі осы түсініктемені мақұлдаған. (Бағауи тафсирі)

Сағид ибн Мусаййиб (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Сау жүрек – аурудан аман жүрек. Ол мүминнің жүрегі. Ал кәпірлер мен мушриктердің жүректері ауру». (Яғни, кұпірлік пен имансыздыққа шалдыққан жүрек) Алла Тағала кәпір мен мушриктердің жүректерін сипаттап былай деген: «Олардың жүректерінде дерт бар». («Бақара», 10 аят. Яғни, күпірлік, имансыздық дерті) Ибн осман Нисабури (рохматуллаһи ғаләйһи): «Сау жүрек – бидғаттан аман, сүннетке қанағат еткен жүрек»,-деген. (Бағауи тафсирі)

Сау жүрек – Алла Тағаланы – хақ, Қиямет болатынында шәк жоқ, Хақ Тағала адамдарды сұрақ-жауап үшін қабырдан қайта тірілтіп тұрғызады деп білген жүрек. Мұхаммед ибн Сирин (рохматуллаһи ғаләйһи)

Сау жүрек – тірі, «Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ»-деп күәлік еткен жүрек. Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу)

Сау жүрек – ширктен аман жүрек. Мужәһид, Хасан Басри т.б. (Ибн Кәсир тафсирі)

Осы айтылғаннан жүректің күпірлік, Алла Тағалаға серік қосу, екіжүзділік, дін ісіндегі бейғамдық, дүниеқорлық т.с.с. иманға қарама-қайшы пәк болудың маңыздылығы көрініп тұр.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Ислам – сыртқы көрініс, ал иман жүректе болады»,-деп, кейін үш қайтара жүрекке ишара етіп: «Тақуалық – мұнда. Тақуалық – мұнда»,-деді. (Ахмад)

Ислам – сыртқы көрініс. Яғни, Алла Тағалаға бойсұну, құлшылық орындау мұсылмандықтың сыртқы бейнесі.

Демек, бар мәселе жүректе екен!

Ең жақсы жүрек – иманды жүрек.

Иманды жүрек – күпірлік дертінен аман, құлшылыққа жетелеген жүрек. Мұсылман үшін жүректің осыдан өзге сипаттамасы болуы мүмкін емес! Бұған дәлел Алла Тағаланың мына сөзі:

الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Иаан келтіргендердің жүректері Алла Тағаланы зікір етумен тыным табады. Хақ Тағаланы зікір етумен жүректер тыным таппай ма?» («Рағд», 28 аят)

Сонымен қатар Алла Тағала «Зумәр» сүресінің 22-ші аятында былай деген:

فَوَيْلٌ لِّلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُم مِّن ذِكْرِ اللَّهِ

«Жүректері қатып, Алла Тағаланы зікір етуге жарамай қалғандарға неткен өкініш!»

Зікір – Алла Тағаланы еске алу.

Алла Тағаланы зікір етудің жолы:

- Хақ Тағаланы тілмен ұлықтау. Мысалы, тасбих тарту.

- Дене құлшылығы. Мысалы, намаз, ораза, садақа беру, арамнан тыйылу т.с.с.

Осының барлығын тұжырымды түрде «сауапты амал» десе болады, әрі мұның барлығы күпірліктен аман, иманды жүректен туындайды.

Тұжырым!

1. Жүрек – дененің ең маңызды ағзасы.

2. Жүрек екі түрлі болады:

- күпірлік дертінен аман жүрек;

- күпірлік дертіне ұшыраған жүрек.

3. Сауапты амал иманды жүректен туындайды.

4. Иманды жүрек құлшылыққа жетелейді.

5. Сауапты амалдың барлығы «Алла Тағаланы зікір етуге» жатқызса болады.

Енді, намаз, ораза тәрізді құлшылық түріне немқұрайлы қарап, жүрегінің тазалығын алға тартқан адам ойлансын! Таза жүрек – Алла Тағаланы зікір етіп, соның нәтижесінде құлшылыққа жетелеген жүрек. Осыдан соң құлшылыққа жетелемеген жүректі «таза жүрек» деу қаншалықты орынды?

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға