Оразаның қарсаңында!

Оразаның қарсаңында!

Құдай қаласа, оразаға шамамен екі ай қалды. Осы мәселені ескере отырып, назарларыңызға оразаға қатысты хадистер жинағын ұсынамыз.

Кіріспе

Ораза:

- Хақ Тағаланың талабы;

- дін парызы;

- рух азығы;

- тән рахаты;

- тақуалық пен сабырлықтың нышаны.

Бірінші хадис: Ораза – Исламдағы бес парыздың бірі

Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Ислам бес нәрсеге құрылған:

- «Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мухаммад с.ғ.с. Оның құлы, әрi Елшiсi»-деп куәлiк ету;

- Намаз оқу;

- Зекет беру;

- Қажылыққа бару;

- Рамазан айында ораза ұстау». (Бухари)

Исламды ғимарат ретінде бейнелейтін болсақ, бұл хадисте зікір етілген бес амал сол ғимараттың діңгегі тәрізді. Оның бірі болмаса, ғимарат күйреп қалады. Исламды түсіндіру мақсатында Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осындай бейнелі мысалға жүгінді.

Исламда құлшылық үш түрлі жолмен орындалады: денемен, малмен, дене және малмен.

Дене құлшылығы: кәлиманы айту, намаз оқу, ораза ұстау т.с.с.;

Малмен орындалатын құлшылық: зекет, садақа беру;

Дене және малмен орындалатын құлшылық: қажылық.

Көріп тұрғанымыздай, бұл хадис дінімізді бейнелейтін екі мәселені баяндап тұр. Бір жағынан: Исламда құлшылықты орындау жолын баян етсе, екінші жағынан: Исламның негізін құрайтын бес түрлі парызды көрсетіп тұр. Ол:

- иман;

- намаз;

- зекет;

- қажылық;

- және ораза.

Сөз соңы ретінде айтарымыз: дінімізде «парыз» деп белгіленген құлшылықтың парыздығын жоққа шығару – ауыр күнә. Тіпті, парыздың парыздығын саналы түрде жоққа шығарған адам діннен шығады. Сондықтан парыздың маңыздылығына немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл: «Әй, қойшы соны! Айта береді. Жүр ғой анау қаншама адам ораза ұстамай-ақ»,-дейтіндерге қатысты. Болмаса, ораза – парыз, парыз – мойындағы қарыз! Олар бұл сөзді білімсіздіктен, түсінбей айтып тұр деп үміттенуден өзге ылажымыз жоқ!

Абдуссамад Махат

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға