Ең абзал дұға!

Ең абзал дұға!

Имам Ибн Мажәһ (рохматуллаһи ғаләйһи) Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Уа, Тәңірім! Өзіңнен дүние мен Ақыреттің амандығын тілеймін!» Пенденің осыдан абзал дұғасы жоқ»,-деген.

Дұға – ең абзал құлшылықтың түрі! Осы себептен Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметін үнемі Алла Тағалаға мінәжат етуге ынталандырып, дұға етудің уақыты мен тәртібін, тілек қабыл болатын уақыт, орынды үйретіп кетті. Себебі дұғаның екі дүниеге де ықпалы мол!

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мүсылман пенде үнемі айтып жүруді әдет ететін тілек жайында айтты. Неге үнемі? Себебі, біріншіден: мұсылман – Алла Тағалаға мұқтаж адам. Тек имансыз, тәкаппар пенде ғана өзін Хақ Тағалаға мұқтажбын деп есептемейді. Алайда, оның бұл керілгені өлгенге дейін ғана! Ол өліп, қабырға қойылғаннан соң ақ ол үшін сұрақ-жауап басталады, әрі сол кезде ол өзінің қатты қателескенін түсінеді. Бірақ, әттең, кеш!

Мұсылман мұндай адасушылықтан пәк! Ол мына пәниге сынақ үшін келгенін, әрі сол сынақтан абыроймен өту үшін Хақ Тағаланың жарылқауы қажет екенін біледі. Сондықтан ол, бірінші мәселеде, Алла Тағаладан иман, һидаят, содан соң Алла Тағаладан соған сай амал істеу мүмкіндігін нәсіп етуін тілейді. Сондай-ақ пендеге денсаулық, амандық, береке т.с.с. адам тіршілігіне керекті несібе қажет. Ал бұның барлығын оған Алла Тағала бермесе, кім береді?! Осыны білген мұсылман өзінің Хақ Тағаланың жарылқауына деген мұқтаждығын естен шығармайды, әрі үнемі Жаратушы Иенің жарылқауын тілейді.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) амандық жайында айтты. Неге? Себебі иманнан кейін пенде үшін амандықтан артық нәрсе жоқ! Өйткені имам Ибн Мажәһ (рохматуллаһи ғаләйһи) Әбу Бәкрден (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Алла Тағаладан амандық тiлеңдер. Себебi пенде үшiн ақиқат иманнан кейiн амандықтан артық нәрсе жоқ»,-деген.

Жалпы, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) амандық тілеуге қатысты айтқан хадистері баршылық. Мәселен, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) көкесі Әл-Аббас (родиял-лаһу ғанһу) одан қайта-қайта дұға етуді үйретуін өтінгенде, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) оған амандық тілеу жайында айтқан. (Тирмизи)

Амандық деген не? Амандық – ақыл-есі дұрыс болу, дені сау болу, аштық, қорлық, жоқшылық, зұлымдық т.б. аман болу, жолы болу, несібес мол болу т.с.с. Тұжырымдап айтар болсақ, амандық дегеніміз: барша жамандықтан аман болып, тек жақсылыққа қол жеткізу.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дүние мен Ақыреттегі амандық жайында айтты. Неге? Себебі мұсылман – Ақырет үшін өмір сүретін адам. Ал мына пәни, ол үшін, сол Ақыретке апарар жол ғана. Сондықтан ол тіршілігі мен барлық ісін Ақырет тұрғысынан бағалайды. Яғни, ол да өзгелер сияқты ішеді-жейді, үйленеді, бала-шаға өсіреді, жұмыс істеп, несібесін табады. Бірақ өзгелерден айырмашылығы – әрбір ісі шариғатқа сай болуына ерекше мән береді. Өйткені ол Ақыретте әрбір ісі үшін сұралатынын біледі. «Мұсылман – Ақырет үшін өмір сүреді» деген сөздің мәнісі осы!

Ақырет амандығы: сұрақ-жауаптың жеңіл болуы, амал кітабы оң тарапынан берілуі, сырат көпірден сәтті өту, тозақтан аман болу, жәннатқа кіру т.с.с. Осы себептен мұсылман тек мына пәнимен шектелмей, дұғасында Ақырет амандығын тілейді. Бұл мәселеге қатысты Алла Тағала былай деген: «Адамдардың арасында: «Раббымыз! Біз дүниеде ғана жақсылық бер!»,-дейтіндер бар. Олар үшін Ақыретте несібе жоқ. Сондай-ақ: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер, Ақыретте де жақсылық бер, әрі бізді тозақ азабынан сақта!»,-дейтіндер бар. Міне, олар үшін игі амалдарынан үлес бар».(«Бақара», 200-202 аят)

Көріп тұрғанымыздай, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жоғарыдағы сөзі Құранда айтылғанға сай. Бұның өзі хадисте айтылған дұғаға тән артықшылықтың бір тұсын бейнелеп тұр!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға