Бала тәрбиесі

Әлемнің Ұлы Раббысы болған Аллаһқа сансыз мақтау-мадақтар, сансыз шүкірлер болсын. Оның құлы әрі елшісі Мұхаммедке, оның үмметіне Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Абай атамыз баланың тәрбиесіне үш жақ әсер етеді: ата-анасы, ұстазы және жүрген ортасы. Қайсысының ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады деген.

Санасы әлі жетіліп үлгермеген балаға отбасындағы тәрбиенің маңызды екені белгілі. Оны Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Балаларыңның намаздарын оқуын қадағалаңдар және жақсылыққа әдеттендіріңдер. Себебі, жақсылық адам баласына тән нәрсе», (Табарани) «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ» (Муслим) деген секілді көптеген хадистерінде дұрыс тәрбие беруді үмметіне ерекше міндеттеген. Оның (с.а.у.) тәлімін алған сахабалар да: «Тақуалық – Аллаһтан, ал әдептілік – әкеден», – деп айтқан (Бұхари). Себебі жас бала жас шыбық секілді қалай қарай исең, солай өседі. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, балаға арнайы үйретпесек те, отбасындағы жасаған әрбір амалымыз тәрбие ретінде беріліп жатады. Сонықтан Хазіреті Айшадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мүміндердің иман жағынан ең күштілері және мінез-құлқы жағынан ең жақсылары – отбасына ілтипатты болғандар» (Хаким, Мустадрак), Имам Тирмизи жеткізген хадисте: «Мүміндердің ішінде иманы ең кәмілі – мінез-құлығы жақсы болғаны. Ал, сендердің ең жақсыларың – әйеліңмен жақсы мәміледе болғандарың» деп айтқан. Демек, отбасында ата-ананың тату-тәтті өмір сүруі иманнан екен. Қазіргі кезде жасыратыны жоқ көп отбасында баланың алдында, оның қалай қабылдайтынына қарамай, әке мен шеше бір-бірінің мінін айтып, бетінен алып жатады. Содан болар бала әкені қалай сыйлау керектігін шешеден, шешені қалай сыйлау керектігін әкеден көріп өседі. Қарапайым мысал, тете өскен екі бала бір затқа таласып қалса, бірден үлкеніне ұрысамыз «өгіздей болып, неге кішкентайға бермейсің» деп. Бірақ, бұл үлкен қателік. Біріншіден іні ағаны қалай сыйлауды білмей, ал ағасы інісінің алдында намысы тапталып, жасып өседі. Баланы бірінің көзінше екіншісін сөгеміз, саған да сабақ болсын деп. Ол қайдағы сабақ?! Бірге туған бауырының осал тұсын көріп, естіп өскен балалардың сыйласуы екі талай. Ұрысуды да, арақ ішуді де, ашық-шашық жалаңаш жүруді де отбасында көрсетеміз. Тіпті, бала үйде не көріп, не түйіп жатқанына да мән бермейміз. «Балам, жаман болма, жақсы адам бол» дейміз де, жаман мен жақсының ара жігін айырып түсіндірмейміз. Ал, ұл-қыздарымыз теріс жолға түссе, айтқанды қылмаса, баққаныма айтқан рахметің осы ма деп ренжиміз. Бірақ, балам неге бұлай болды деп себебін ойламаймыз. Осындай отбасылық кикілжің, жат қылықтардың бәрі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өсиетінен, оның өсиетін басшылыққа алған ата-бабамыздың тәлімінен алыстағанымыздың айғағы. Енді сол бала әке-шешесі қартайғанда сақалынан сүйреп, қарттар үйіне өткізбегенде, бірге туғанына қастандық қылмағанда не істейді? Алла сақтасын, осындайларды көргенде жүрегің сыздайды. Мұнымыз аздай, баланың тәрбиесін балабақшаға, мектепке беріп қойып, оқытып-тоқытып, қатарынан кем қылмай өсіріп жатырмыз деп, кеудемізді соғамыз. Ертең Аллаһ тағала баламыздың тәрбиесін балабақшадағы тәрбиешіден, мектептегі мұғалімнен емес, әкесінен сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): айтқандай, «Әкенiң бала алдындағы мiндетi – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру» (Ибн Аббастан (р.а) Имам Байһақи жеткізген) екенін ескерген отбасындағы ұл мен қыз ғана ата-анасының сенімін ақтайды.

«Таһа сүресiндегі: «Үй-iшiңдi намаз оқуға бұйырып, өзiң де оған көңiл бөл», – деген аяты түсiрiлген уақытта, Омар (р.а): «Ия, Расулуллаһ! Бiз Аллаһ Тағаланың азабынан сақтануға тырысамыз. Ал, бала-шағамызды қалай сақтандырсақ болады?», – деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с): «Аллаһ Тағала сендердi неден қайтарған болса, сендер де бала-шағаларыңды содан қайтарыңдар! Аллаһ Тағала сендерге ненi iсте деп бұйырған болса, сендер де бала-шағаларыңа соны iсте деп бұйырыңдар!», – деп жауап берген». (Имам Бухари, Имам Муслим)

Хазреті Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендер әкелеріңе (ата-аналарыңа) жақсылық жасаңдар, балаларың да сендерге жақсылық жасасын.» (Табәрани, әл-Хаким)

Тағы бір жәйт, тәрбиенің осалдығының кесірінен бүгінгі таңда көп адам психологтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Себебі, өмірдегі кез-келген қиындықтан шығатын өзіндік пікір, ерік жігер де жетпей жатады. Ал, жанашырыңдай жан дүниеңе үңілген сол мамандардың көбісі батыстық бағытты ұстанатындар. Бірде бір телебағдарламада некеге, некенің бұзылуына қатысты мәселе талқыланып жатқан болатын. Сонда елге есімі таныс бір психолог маманымыздың пікірін естіп жағамызды ұстадық. Ол: «тіл табыса алмай жатқан екі жастың ажырасуы – мәселені шешудің ең тиімді жолы» деген мағынадағы ой айтты. Астағфируллаһ! Алланың алдындағы ең ұнамсыз амал ерлі-зайыптылардың ажырасуы. Мұнымен қоймай, өткенде тағы бір телеарнадан сол психологтар 3-4 жасар бала қайдан, қалай пайда болғанын біліп өсуі керек деп, шет елден жыныстық қатынасты үйрететін мультфилмдер де әкелгенін айтты. Бұл не деген масқара! Әйтеуір дер кезінде мамансымақтарға Білім және ғылым вице-министрі тиым саламыз деді. Менің айтпағым, біз отбасында баланың тәрбиесімен өзіміз айналыспасақ, ұрпағымыз көрінгеннің жетегінде кетеді. Ал, малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы деген халқымыз, қай кезде де ұрпағының екі дүниесін ойлаған. Соның бір көрінісі көп ата-әжелер баласынан тараған алғашқы немерелерін бауырына басқан. Себебі, ертең өзі жауап беретін ұрпағының арғы дүниесін ойлаған ата-әже бірінші немересінің атын өздері қойып, ата-ана міндетін толық түсініп үлгермеген ұлы мен келініне баланы қалай шомылдырып, киіндіру, қалай тәрбиелеуді үлгі ретінде көрсетеді. Келесі балаларын үйреткеніндей етіп өсіріп, тәрбиелеуді өздеріне жүктейді. Бірақ, сен ата-әженің баласысың әке-шешеңнің атын ата немесе «аға-жеңге» деп айт демеген.

Қай кезде де шаңырағымызда ер жеткен ұлымыз ізетті, бойжеткен қызымыз ұятты болуды қалаймыз. Олай болса, «тәрбие – тал бесіктен басталады» деген қағиданы естен шығармағанымыз жөн. Аллаһ хайырлы ұрпақ өсірумізді нәсіп еткей. әмин!

 

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға